
Палата депутаттарының дауыс беруі нәтижесінде Ерлан Сәрсембаев, Асан Ескендіров және Айгүл Қыдырбаева Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының судьялары болып тағайындалды.
Отырыс барысында сенаторлар «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» және оған ілеспе «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы», сондай-ақ «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобаларын қабылдады.
Қаржы вице-министрі Ержан Біржановтың айтуынша, халықаралық тәжірибені ескере отырып, рәсімдердің 3 түрін енгізу ұсынылып отыр. Барлық үш рәсімді тек борышкер ғана бастайды, яғни несие беруші немесе өзге кредитор борышкерге қатысты бұл рәсімдерді қолдануға құқығы жоқ. Біріншіден, соттан тыс банкроттық рәсімі аясында 1 600 айлық есептік көрсеткішке дейін қарызы бар адамдар қамтылады. Бірақ бірнеше шарт ескерілуі керек. Осы орайда банктер, микроқаржы ұйымдары, коллекторлық агенттіктер алдындағы берешек 1 600 АЕК сомасынан аспауы тиіс. Соттан тыс банкроттық рәсімдері «Электрондық үкімет» веб-порталы арқылы іске асырылады. Екінші рәсім аясында 4,9 миллион теңгеден асатын қарыздар бойынша және басқа да берешек түрлері бойынша азаматтар сот банкроттығына жүгіне алады.
«Егер жалғыз тұрғын үй кепіл заты боса, онда кредитор оны қайтарып алуға құқылы. Жалғыз баспана кепіл болмаса, кредиторлар оны талап ете алмайды», деді вице-министр.
Үшінші рәсім төлем қабілеттілігін қалпына келтіруге қатысты. Онда тұрақты табыс болған жағдайда, қарызды төлеу үшін (5 жылға дейін) сот тәртібімен бөліп төлеу жоспарын алу мүмкіндігі қарастырылған. Сауықтыру жоспары қаржы баcқарушымен бірлесіп әзірленіп, сотпен бекітіледі. Бұл процедураның артықшылығы, кейін адам «банкрот» деген мәртебесін алмайды, сондықтан банкрот үшін көзделген салдар оған қолданылмайды.
Жеке тұлға банкрот деп танылғаннан кейін 5 жылға несие алу шектеледі. 7 жылдан кейін ғана банкроттыққа қайта жүгіне алады. Сондай-ақ 3 жыл бойы адамның қаржылық жағдайына мониторинг жүргізіледі.
Сенат төрағасы атап өткендей, заңдар Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қабылданды және олар осы бағыттағы мәселелерді заңнамалық тұрғыдан шешуге арналған.
«Заңда борышкер мен кредитордың құқықтары мен міндеттері, уәкілетті орган мен қаржы басқарушысының өкілеттіктері нақты белгіленеді. Қабылданған заңдар халықтың борыш жүктемесінің төмендеуіне және қаржылық тұрақтылықты нығайтуға оң ықпалын тигізеді деп сенеміз», деді Мәулен Әшімбаев.
Сонымен қатар депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл және мемлекеттік қорғауға жататын адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды қабылдады. Құжатта қаржылық бақылау тетігі ретінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы шараны едәуір күшейту ұсынылған. Бұл қадам мемлекеттік қызметшілер мен оларға теңестірілген адамдардың, олардың жұбайларының кірістері мен шығыстарына толық талдау жүргізуге мүмкіндік береді. 2027 жылдан бастап мұндай адамдарға мемлекеттік қызметші теріс себептермен жұмыстан шығарылғанға дейін әкімшілік жауапкершілік көзделетін болады. Сондай-ақ осындай себептер бойынша жұмыстан босатылған мемлекеттік қызметші үш жыл бойы мемлекеттік, оның ішінде құқық қорғау органдарында қызмет атқара алмайды.
Палата отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қазақы ит тұқымдарын сақтау және өсімін молайту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң да қабылданды. Бұл заң тазы және төбет тұқымдарын сақтауға арналған. Соған байланысты осы құжат арқылы тиісті салада жұмыстарды жүзеге асырудың құқықтық, ұйымдастырушылық және экономикалық негіздері белгіленеді, сондай-ақ уәкілетті органның құзыреті бекітіледі.
Сенаторлар экологиялық бұзушылықтар үшін жауапкершілікті күшейтуді, оның ішінде заңсыз шөп шабу және мал жаю, орман фаунасын жою немесе бүлдіру, орманды қалдықтармен, химиялық заттармен бүлдіру және басқа да тәртіпті бұзушылықтар үшін айыппұл санкцияларын ұлғайтуды көздейтін Қылмыстық, Қылмыстық-процестік кодекстер мен әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске түзетулер енгізу мәселесін қарады. Талқылау нәтижесінде «Қазақстан Республикасының Қылмыстық және Қылмыстық-процестік кодекстеріне экологиялық құқық бұзушылықтар және вандализм көріністері үшін жауаптылықты күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне экологиялық құқық бұзушылықтар және вандализм көріністері үшін әкімшілік жауаптылықты күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдар қабылданды.
Сондай-ақ отырыс кезінде сенаторлар өздерінің депутаттық сауалдарын жолдады.
Бақытжан Байахметов электр энергиясы бағасының өсуіне байланысты проблеманы көтерді және елдегі энергетикалық кешенді дамыту шараларын ұсынды. Одан бөлек, депутат Энергетика министрлігіне қуаты аз қазандықтарды бақылау құқығын беру арқылы бұл саланы күшейту қажет екенін айтты.
Рысқали Әбдікеров Үкіметті қант диабетімен күрес жөніндегі ұлттық бағдарлама әзірлеуге және эндокринолог-дәрігерлердің тапшылығы мәселесін шешуге шақырды.
Әли Бектаев Қостанай облысының Торғай өңірінде пойыздар мен теміржолдардың әбден тозғанын назарға алып, инфрақұрылымның ескіруіне және саланың сын көтермейтініне алаңдаушылық білдірді.
Айта кетейік, бұл – Сенаттың биылғы қорытынды отырысы. Осыған орай Мәулен Әшімбаев Палатаның бір жылдық жұмысын түйіндеп, негізгі нәтижелерге тоқталды. Сенат төрағасы өз сөзінде Палата жұмысындағы негізгі басымдықтардың бірі Мемлекет басшысының бастамаларын заңнамалық тұрғыдан қолдау екенін айтты.
«Биыл Парламент 86 заң қабылдады, оның 13-іне депутаттар бастамашы болды. Қабылданған заңдар еліміздің саяси және орнықты әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз етуді көздейді. Заң шығару кезінде әрбір заң жобасы Сенаттың тұрақты комитеттерінде жан-жақты талқыланды. Халықтың пікірі мен көпшіліктің үні ескеріліп отырды. Конституцияға, соның негізінде бірқатар конституциялық заңдар мен заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Конституциялық Сот, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл, Прокуратура туралы конституциялық заңдар қабылданды. Қазақстан Республикасы Президентінің, Парламенттің және Үкіметтің құқықтық жағдайын белгілейтін конституциялық заңдарға да өзгерістер енгізілді», деді Сенат спикері.
Палата төрағасы Сенаттың тұрақты Комитеттері заң шығару қызметімен қатар жыл бойы бірқатар маңызды іс-шара өткізгенін де тілге тиек етті.
«Сенат қабырғасында «Жаңа Қазақстан: Жастар және жаңғырту» тақырыбында парламенттік тыңдау өткізілді. Биыл 4 үкімет сағаты ұйымдастырылды. Онда бюджетаралық қатынастарды жетілдіру, өңірлерді газдандыру, тұрғын үй құрылысын дамыту, денсаулық сақтау жүйесінің қолжетімділігі мен тиімділігін арттыру мәселелері қаралды. Комитеттер 50-ге жуық көшпелі отырыстар мен дөңгелек үстелдер ұйымдастырды. Әріптестеріміз өңірлерде, оның ішінде шалғай ауылдарда жергілікті тұрғындармен 650-ге жуық кездесу өткізді. Сонымен қатар биыл сенаторлар 149 депутаттық сауал жолдады», деп қорытындылады М.Әшімбаев.