Саясат • 21 Желтоқсан, 2022

Партияға қабылдады

286 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Amanat»-тың барлық өңірлік филиалында партияға салтанатты қабылдау рәсімі өтті. Ел­ордада Орталық аппаратта жұмысшы мамандықтар, мәдениет, спорт, денсаулық сақтау, БАҚ, шағын және орта бизнес, басқа да салалардың 50-ден астам белсенді өкілі «Amanat» төрағасының қолынан партия билетін алды.

Партияға қабылдады

Кездесу барысында Ерлан Қо­шанов «Amanat» қатарына 800 мың­нан астам қазақстандықты бірік­тіре отырып, жаңа жағдай­да өзінің көшбасшылығын сақтап қалғанын атап өтті.

«Бұл шешімді әрқайсыңыз ойланып, толғанып, жүректен өткізіп барып қабылдады деп ойлаймын. Өйткені бұл – үлкен сенім әрі зор жауапкершілік. Біздің мүдде­міз бір, мақсатымыз бір. Ол – елде­гі тұрақтылықты сақтау, Тәуелсіз­дігімізді нығайту, ұлтты біріктіру. Қоғамды Мемлекет бас­шысының төңірегіне топтастыру. Бұл жолда бәріміз бір кісідей жұмылуымыз керек», – деді Ерлан Қошанов.

Сондай-ақ «Amanat» төр­ағасы биыл партия ауқымды жаң­ғыртудан өткенін атап өтті. Атап айтқанда, партияның жаңа саяси тұғырнамасы бекітілді, онда мемлекеттің бас­ты байлығы адам екендігі нақты көрсетілген. Бел­сенді азаматтық ұстаным­ды қалыптастыруға, әлеу­меттік әділеттілікті қамтамасыз етуге, бар­лық азамат үшін тең мүм­кін­дік жасауға, жасампаз еңбек идея­­сын ілгерілетуге бағытталған және т.б. бірқатар партиялық жоба мен ­бас­тама іске асырылуда.

Бүгін партия қатарына осы жыл­дың мамыр айында терезеден құ­лайын деп тұрған 3 жасар баланы аман алып қалған Сәбит Шонтақбаев пен шілде айында жанып жатқан ғимараттың төбесінен Мемлекеттік Елтаңба мен Туды алып шыққан Мұхамед Қансейіт қосылды.

Сонымен қатар «Amanat»-қа қа­былданғандардың қатарында волонтер Ариана Белобжицкая, «Sensitive» естімейтін бишілер театрының әртісі Айнұр Саинова, әнші Қанат Үмбетов, металлург Никита Екель, КАЗГЮУ Уни­верситеті Басқарма төр­аға­­сының орын­басары Айнұр Кәрі­бозова, продюсер Айсәуле Әбілда, әнші Қарақат Әбілдина және музыкалық продюсер Қыдыр­әлі Болманов, журналистер Дархан Әбдіуахит, Мейрамгүл Мәдәлі бар.

Сондай-ақ партияға хирург Олжас Жаналы, мұғалім Жадыра Шәбден, актриса Дариға Бадықова, қоғам қайраткері Бибігүл Нұраше­ва, шаруа қожалығының басшысы Қай­рат Қожахметов, актер­лер Болат Әбділманов пен Дулыға Ақмол­да, Еуропалық құқық және адам құқық­тары сараптамалық институтының директоры Марат Бәшімов, «Жер аманаты» комиссиясы төрағасының орынбасары, заңгер Бақытжан Базарбек және басқалар кірді.

Музыкалық продюсер Қыдыр­әлі Болманов атап өткендей, әді­летті Қазақстанды құру жолында еліміздің барлық азаматы бірігуге тиіс.

«Біздің мақсатымыз бір – ол көк байрағымызды биікте желбіре­тіп, тәуелсіздігімізді тұғырлы ету. Біз­дің Отанымыз бір, туымыз бір, идео­логиямыз бен мәдениеті­міз ортақ. Сондықтан еліміздің ең­сесі бұдан да биік болуы үшін жина­ған тәжі­ри­беміздің бәрін ұсына ­отырып, жаны­мызды салып жұ­мыс істеуіміз қажет», – деді ол.

«Ана мен бала» қайырымды­­лық мекемесінің директоры Әлия ­Сәт­баева да өз ойын ортаға салды.

«Мен Алматы облысындағы Ел­тай деген шағын ауылынан ке­ліп отырмын. Жолдасым екеуміз волон­терлікпен белсенді айналысамыз. Бізді бірінші болып «Amanat» партиясы қолдады. Бұл – біз үшін үлкен жетістік. Партияның арқасында апта сайын жүздеген мұқтаж адамға көмек беріп жатырмыз», – деді ол.

Айта кетейік, «Amanat»-тың бар­лық өңірлік филиалында партия билетін 1500-ден астам адам алды. Жалпы жыл басынан бері 29 мыңнан астам қазақстандық партия қатарын толықтырды.