Саясат • 16 Желтоқсан, 2022

130 кандидат ұсынылды

249 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Орталық сайлау комиссиясының отырысында Парламент Сенатының депутаттығына кандидаттарды ұсыну және талап етілетін шығын мөлшерін белгілеу қорытындылары қарастырылды.

130 кандидат ұсынылды

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты депутаттарының кезекті сайлауы 2023 жылғы 14 қаңтарда өтетіні белгілі. Ортсайлауком төрағасының міндетін атқарушы Константин Петров 2022 жылғы 29 қарашадан 14 желтоқсанға дейін республика бойынша жоғарғы палатаның 20 орнына 130 кандидат ұсынылғанын атап өтті. Салыстырмалы түрде алатын болсақ, 2020 жылы Сенатқа кезекті сайлауға – 94 кандидат, 2017 жылы – 89 кандидат, 2014 жылы – 88, 2011 жылы 96 кандидат тіркелген болатын.

Өңірлер арасында ең көп үміткер Абай, Батыс Қазақстан, Қызылорда облыстарында – 8, Алматы мен Астана қалаларында – 10 адамнан ұсынылды. Ең азы – 5 үміткерден Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қа­зақ­стан облыстарында және алтауы Шымкент қаласында ұсынылды. Кан­дидаттар арасында 97,7 пайызы (127) өзін өзі ұсынушылар, ал 2,3 пайызын (3) мәслихаттар ұсынған.

Кандидаттардың орташа жасы 50,5 жасты құрайды. Ең жас үміткер – 30 жас­та, үміткерлер арасындағы ең ересегі – 74 жаста. Үміткерлердің 33-і – әйел. Әйел үміткерлер саны өткен сайлауда, яғни 2020 жылы – 19, 2017 жылы – 13, 2014 жылы 5 үміткер болған.

Мамандықтары бойынша атап өтер болсақ: 22 – инженер, 21 – экономист, 21 – педагог, 18 – заңгер, 15 – аграрлық сала қызметкерлері, 5 – дәрігер, 2 – журналист, 3 – саясаттанушы және 23 басқа мамандық иелері.

Кандидаттар арасында 36 коммер­циялық құрылымдардың қызметкері; 27 мемлекеттік ұйымдардың, кәсіпорындар мен мекемелердің қызметкері; 48 мем­лекеттік қызметші, 9 қоғамдық ұйымдардың өкілдері, 2 зейнеткер және 3 жұмыссыз үміткер бар.

Қазіргі уақытта Парламент Сена­тының депутаттығына кандидаттарды тіркеу үдерісі жүріп жатыр, ол 24 желтоқсанға дейін жалғасады. Бүгінде сайлау комиссиялары 49 кандидатты тіркеді. Сөз соңында Константин Петров Парламент Сенатының депутаттығына кандидаттарды тіркеу қорытындылары Орталық сайлау комиссиясының жеке отырысында қаралатынын атап өтті.

Ортсайлауком мүшесі Сәбила Мұстафина өз баяндамасында мемлекет кандидаттарға бұқаралық ақпарат құралдарында өз бағдарламаларын жариялау үшін тең қаражат бөлінуіне кепілдік беретінін атап өтті. Теледидарда (тікелей эфирде немесе жазбада) – он бес минут; радиода – он минут; мерзімді баспа басылымдарында немесе желілік басылымдарда 0,1 баспа табақтан аспайтын екі мақала жариялауға мүмкіндік беріледі.

Кандидаттар өздерінің сайлау алдын­дағы бағдарламаларымен сөз сөйлеу үшін мемлекет бөлген қаражат шеңберінде баспа немесе желілік басылымдардағы, теле, радиоарналардағы жарияланымдар көлемін өздері бөледі. Сондай-ақ республикалық бюджет қаражатынан кандидаттардың сайлау алдындағы жария іс-шараларын өткізуге, үгіт материалдарын шығаруға арналған шығыстары мен көлік шығыстары Орталық сайлау комиссиясы белгілеген мөлшерде өтеледі.

Жоғарыда баяндалғанның негізінде ОСК өз қаулысымен Қазақстан Рес­публикасы Парламенті Сенатының депу­таттығына кандидаттың респуб­лика­лық бюджет қаражатынан қарастырылатын шығын 550 мың теңге көлемінде бел­гіледі. Теледидардан, радиодан сөйлеуі және мерзімді ба­сылымдарда 2 мақала жариялауы үшін – 400 мың теңге; сайлау алдын­дағы жария іс-шараларды өткізу және үгіт материалдарын шығаруы үшін – 70 мың теңге; көлік шығыны үшін 80 мың теңге белгіленді.

Сондай-ақ С.Мұстафина «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конс­ти­туциялық заңның 34, 75-баптары­на сәйкес Парламент Сенатының депу­тат­тығына кандидаттың әрбірі сайлау қорын құруға құқылы екенін атап өтті.