Саясат • 08 Желтоқсан, 2022

Қараусыз бала қайдан шығады?

248 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демо­гра­фиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның отырысында балалардың панасыз және қараусыз қалуының алдын алу мәселелері қаралды.

Қараусыз бала қайдан шығады?

Ұлттық комиссияның сарапшылар тобы өңірлерге барып, осы мәселенің жай-күйін егжей-тегжей зерттеді. Отырыс жұмысына сараптамалық және ғы­лыми қоғамдастық өкілдері, уәкілетті органдардың басшылары, өңірлердегі әкімдерінің орынбасарлары мен бала құқықтары жө­ніндегі уәкілдер, орталық мем­лекеттік органдардың өкілдері қатысты.

Ұлттық комиссия төраға­сы, Пре­зидент Әкімшілігі бас­шы­сының орынбасары Аида Балаева балалар үшін қолайлы жағдай жасау, оларды панасыз қа­лдырмау, шарасыз күйге түсір­меу – мемлекетіміздің әлеу­мет­тік саясатының маңызды бағы­­ты екенін атап өтті. Осы мақ­­сат­та әлеуметтік және профи­лак­ти­калық шаралар кешені іске асырылып жатыр.

«Балалардың панасыз және қа­раусыз қалуының алдын алу мәселесі әлі де өткір тұр. Бұл балалардың қараусыз қалуы­ның алдын алу кешенін қалып­тас­тырудың жаңа тәсілдерін іздеу­ді талап етеді. Кәмелетке толма­ған­дардың қадағалаусыз қалу тә­уекел­дерінің алдын алу жүйесін жетіл­діру қажет. «Қазақ­стан­дағы отба­сын мемлекеттік қол­дау негіздері тура­лы» тұжырым­дамасын әзірлеу керек. Құжатта отбасын қорғау сала­сын­­дағы мем­лекеттік саясаттың негіз­гі ба­ғыттары бекітілуге тиіс. Қо­сым­ша білім беру және бос уақытты ұйым­дастыру бағытында шешілмеген мәсе­лелер бар. Қыл­мыс жасаған бала­ларға ар­­найы қал­пына келтіру әлеу­мет­тік бағ­­­дарламалар қажет. Бұл бала­ның же­ке басымен жұмыс істеуге мүмкін­дік береді», деді Ұлттық комиссия төрағасы.

Комиссия отырысында Оқу-ағарту министрі Асхат Айма­ғамбетов бала­лардың қараусыз және панасыз қалуының алдын алу бағытында қолға алынған іс-ша­ралар және осы саладағы жұмыс жүйесін жетілдіру жа­йында сөз сөйледі.

Ішкі істер министрінің орын­басары Игорь Лепеха ата-ана­лар­дың балаларының мінез-құл­қын бақыламауы салдарынан олар­дың құқық бұзушылыққа ба­рып, қылмыс жасайтынын атап өтті. Жыл басынан бері 73 мың­нан астам ата-ана әкімшілік жауап­кершілікке тартылып, кәмелетке тол­мағандардың түнгі уақытта меке­мелерде болуына жол бер­­гені үшін 1,5 мыңға жуық ойын-сауық мекеме иесіне жаза тағайындалған.

Профилактикалық жұмыс­тың қазіргі заманғы тәжірибесі қорғау-сақтау тұжырымдамасы қағи­даттарына негізделеді және «тәуе­кел тобындағы» балалар мен от­басыларға әлеуметтік-құқық­тық, психологиялық-медици­на­лық-педагогикалық көмек кө­р­­сететін әртүрлі ведомство­лық ме­кемелердің кең желісін қамтиды.

БҰҰ Даму бағдарламасының әлеу­меттік мәселелер жөніндегі ұлт­­тық сарапшысы Светлана Жа­қыпова жедел шаралар қа­был­дау және балалардың панасыз қалуы проблемаларын ше­шу үшін интеграцияланған әлеу­мет­тік қызметтер институтын енгізу қажет­тілігі туралы толы­ғырақ айтып берді.

«Бір цифрлы платформада әртүрлі салалардың (білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, құқық қорғау органдары – әрқайсысы өз құзыреті шегінде) сарапшылары жұмыс істейді. Бұл мұқтаж отбасыларға қажетті мемлекеттік қызметтерді жедел және тиімді көрсетуге мүмкіндік береді. Назардан тыс қалған әр істі Мемлекеттік қызмет істері агенттігі бақылайды. Бұл шешім осындай отбасыларға қолдау шараларын көрсету мерзімдерін және тиісінше мемлекеттік ор­гандардың әкімшілік шы­ғыс­тарын қысқартуға мүмкіндік береді», деп атап өтті спикер.

Отбасылық даму және балалар қауіпсіздігі мәселелері жөніндегі ұлттық комиссияның сарапшылары бірқатар өзекті мәселеге тоқталды. Олардың қатарын­да ата-ана жауапкершілігін күшей­ту, ювеналды полицияның рөлін арттыру, кешенді алдын алу шараларын ұйымдастырудың жаңа тәсілдері бар.

Ұлттық комиссия төрағасы А.Балаева Оқу-ағарту министр­лігі­не мектептердегі профи­лак­ти­ка­лық қызмет пен бақы­лаудың бірыңғай стандарттарын әзірлеп, енгізуді тапсырды. Бұл ретте ол осы бағыттағы барлық уә­кілетті органдардың белсенді дәйекті жұмысы қажет екенін атап өтті.

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі әлеуметтік осал отбасы­лар­ды қолдау, сондай-ақ профи­лак­тика­лық есепте тұрған кәмелетке тол­ма­ғандардың бос уақытын ұйым­дастыру жөніндегі жұмысқа азаматтық секторды кеңінен тарта отырып, алдын алу шараларын әзірлеуге тиіс.

Қараусыз қалған балалардың қыл­мысқа үйір келетіні ешкімге жасы­рын емес. Осыған орай отырыс барысында бақы­лау­сыз жүрген жеткіншектердің қыл­мыстылығының алдын алуда ювеналды полицияның рөлін арттыру­дың маңызы да сөз болды. Мүдделі құрылымдар мен жергілікті атқарушы органдарды тарта отырып, қараусыз қалған балаларды анықтау мақсатында тоқсан сайын кең ауқымды рейд жүргізуді қайта бастау қажет. Ұлттық комиссия өңірлік деңгейде балалардың қадағалаусыз және панасыз қалуының алдын алу саласына толыққанды мониторинг жүр­гізуді жалғастырады.