Қазақстан • 01 Желтоқсан, 2022

Министрлер «Қазпоштаға» барып, мерзімді басылымдарға жазылды

479 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі және Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов мерзімді басылымдарға жазылды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Министрлер «Қазпоштаға» барып, мерзімді басылымдарға жазылды

Суреттерді түсірген Ерлан ОМАР

Елордадағы «Қазпоштаның» орталық бөлімшесіне арнайы келген министрлер газет-журналдарға жазылушылардың көрсеткішімен танысып, бөлімше музейін тамашалады. 

«Баспасөзге жазылу науқанына қолдау білдіру мақсатында келдік. Бізге қолдау көрсеткен Оқу-ағарту министрі Асхат Қанатұлына ризашылық білдіреміз. Биыл Мемлекет басшысы «Балалар жылын» жариялағаны белігілі. Сондықтан біз бірінші кезекте балалар контентіне қолдау көрсетуіміз керек. «Балалар жылында» балаларға арналған газет-журналдардардың оқырмандарының көп болуы, меніңше, бүлдіршіндерге жасалған ең үлкен сыйлық. Екіншіден, «Қазпочтамен» ортақ меморандумға қол қойдық. Бұл меморандум шеңберінде басылымдарды оқырман қолына жедел жеткізу мәселесі қамтылған. Post.kz сайтының көмегімен онлайн жазылуға болады. Сонымен қатар «Каспий» арқлы жазылу мәселесін де пысықтап жатырмыз. Солай жазылу біршама оңтайлы болады. Президент ұлықтау рәсімінде ауылға ерекше мән берді. Президенттікке сайланғаннан кейінгі бірінші Жарлығы ауылға қатысты болды. Сондықтан ауылдағы тұрғындарға баспасөз құралдарының, газет пен журналдарымыздың жедел жетуі біздің назарымызда болады», деді Ақпарат және қоғамдық даму министрі. 

Оның айтуынша, қазіргідей кезеңде жедел әрі тексерілген, нақты ақпарат тарататын газет-журналдарымызды жұртшылыққа, оқырманға жеткізу мәселесі өзекті.

лд

Осы ретте Дархан Қуандықұлы «Egemen Qazaqstan», «Казахстанская правда», «Astana aqshamy», «Turkistan», «Вечерняя Астана», «Ұлан», «Қазақ әдебиеті» басылымдарына жазылды. Жазылу науқанынан Оқу-ағарту министрі де қалыс қалған жоқ. Ол «Ұлан» газеті мен «Балдырған» журналына жазылды. 

л

«Педагог мәртебесі» туралы заң қабылданғанын білесіздер. Заң аясында мұғалімдерді өзіне тиісті емес жұмыстардан босату, сондай-ақ әртүрлі басылымдарға міндеттеп жаздырту мәселесін тоқтату бойынша шешім болды. Мәселен, қазір ұстаздарды сенбілікке шығару немесе басылымдарға міндеттеп жаздыру жағдайлары анықталса, осы іс-әрекетке барған азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылады.  Сондықтан біз мұндай әрекеттерге жол бермейміз. Бірақ бізде «Оқуға құштар мектеп» деген жақсы жоба іске асырылып жатыр. Осы жоба шеңберінде мектептегі кітапханаларға тек қана көркем әдебиеттерді сатып алып жатқан жоқпыз, оған қосымша осындай балалардың арнайы басылымдарына да жазылып жатыр.  Сондықтан «Балдырған», «Дружные ребята»» сияқты басқа да балалар басылымдары мектептердің кітапханаларына келіп тұрса, балаларға тиімді болады. Осы тұрғыда бүгін Дархан Қуандықұлымен бірге келіп, балалар басылымдарына жазылдым», деді Асхат Аймағамбетов. 

Министр мұғалімдердің басылымдарға жазылу мәселесін жеке тұлғаның шешімі ретінде қарау керек деп есептейді. Сондықтан білім берушілерді де ешкім міндеттей алмайды. 

«Бірақ мектептердің арнайы бюджеттері бар, сол бөлінген қаржының көмегімен мектеп кітапханаларын балаларға арналған газет-журналдармен қамтамасыз отырған жөн», деді Оқу-ағарту министрі. 

Ал Дархан Қыдырәлінің сөзіне сүйенсек, мұғалімдердің газет-журналдарға жазылуы үшін басылымдар қызықты, пайдалы әрі тартымды болғаны абзал.

«Оқырмандардың көп болуы үшін басылымдардың да сапасы жақсы болуы тиіс», деді министр. 

Бұл ретте «Қазпошта» қызметкерлері баспасөз құралдарын оқырмандарға жедел жеткізу жұмыстарын жүйелеуге барын салатындарын айтты. 

Мерзімді баспа басылымдарына жазылу науқаны 3 қазаннан бастап «Қазпошта» АҚ-ның барлық бөлімшелерінде жүріп жатыр. 

л

Статистикалық мәліметтерге келсек, 1 желтоқсандағы жағдай бойынша «Қазпошта» АҚ филиалдарында 11 миллион жазылым тіркелген. Басылымдарға жазылушылардың 70%-ға жуығы ауылдық жерлердегі оқырмандар. 

Облыстық БАҚ өкілдерінің қатысуымен жазылушыларды тарту бойынша облыстық филиалдарда іс-шаралар ұйымдастырылып жатыр. Сонымен қатар Маңғыстау, Ақмола, Алматы, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Түркістан облыстарында, Астана және Алматы қалаларының пошта бөлімшелерінде Абонент күндері өткізілген. Мұндай іс-шаралар кезінде басылымдар жазылушылар арасында ұтыс ойынын өткізеді. Қазіргі сәтте «Қазпошта» каталогында 3000  газет-журнал бар. 

Айта кетейік, жазылым науқаны 2022 жылдың 25 желтоқсанына дейін жалғасады.