Руханият • 28 Қараша, 2022

«Мың бала» жеңімпаздары

320 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Астанада игі дәс­түрге айналған Қазақ­стан хал­қы ассамблеясының «Мың бала» республи­ка­лық мә­дени-ағартушылық жоба­сының жеңімпаздары марапатталды.

«Мың бала» жеңімпаздары

Биыл сегізінші мәрте өтіп отыр­ған жобаның мақсаты – түрлі этностық топтардың мектеп жасына дейінгі балалары мен мектеп оқушылары мемлекеттік тілді меңгеру арқылы ұлттық құндылықтарымызды бойына сіңіріп, қазақстандық бірегейлік пен бірлікті дамытуға үлес қосу.

Салтанатты шараның ашылуында Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі биылғы жобаның мәні де, маңызы да бөлек екенін ерекше атап өті.

–­ Ел Президенті биылғы Қа­зақ­стан халқына арнаған Жолда­уын­да мемлекеттік тіліміздің өсіп-өркендеп, білім, ғылым, мәдениет және іскерліктің тіліне айналып келе жатқанын атап өтті. Соны­мен қатар қазақ тілінің тек мемлекет­тік емес, халықаралық тілге айна­луын баса айтқан болатын. Біз бүгін соның куәсі болып отырмыз. Шын мәнінде, тіл – ұлтты ұйыстыратын фактордың бірі. Бүгін мемлекеттік тілді білуге ұмтылған жастарды көріп, қуанып отырмыз. Өйткені тіл арқылы біздің тілегіміз де, жүрегіміз де бір. Ел бірлігі тіл бір­лігінен бастау алады. Кейінгі жылдары еліміздегі барлық этнос өкілдері мемлекеттік тілді мең­геруге үлкен құлшыныс танытып жүргені – соның айғағы. Сондықтан министрлік өз тарапынан бірқатар жобаны қолға алды. Соның бірі Tik-Tok сынды әлемге әйгілі компанияның ме­нед­жерімен кездесіп, әлеуметтік желіде қазақша контенттің әлеуе­тін арттыруды көздеген жобаны айтуға болады, – деді министр.

Одан кейін сөз алған Қазақ­­стан халқы ассамблеясы төрағасы­­­­ның орынбасары, Президент ­Әкім­ші­лі­гі Қазақстан халқы ассам­блеясы хатшылығының меңге­ру­шісі Марат Әзілханов «Мың бала» жобасының бүгін­де үлкен қозғалысқа айналға­нын айта келіп, осы сегіз жыл ішіндегі бар­лық жеңімпаздың басын қосып, жұртшылықпен тағы бір жүздестірсек деген ұсынысын жет­кізді. Сондай-ақ Парламент Мәжілісінің депутаты, қалам­гер Сауытбек Абдрахманов қазақ үшін тілден артық байлық, тіл­ден ар­тық құдірет, тілден артық қазы­на жоқ екеніне маңыз бер­ді. «Біз­дің халқымыз өнердің бар­лық түрі­нен сөз өнерін биік көрді. Кеше ғана салтанатты ұлық­­тау рәсімінде Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев: «Көк байрағымыз, төлқұжатымыз және мемлекеттік тіліміз біздің біртұтас халық екені­мізді айғақтайды», деді. Осы үш ұғым­ның бірегейі – мемлекеттік тіл. Мемлекеттік тілді ардақтап, осы елге, жерге деген құрметін біл­дір­ген жастарға біз шын разы­лықпен алғысымызды айтамыз» десе, Парламент Мәжілісінің депутаты Наталья Дементьева да мем­ле­кеттік тіл туралы парасатты ой өрбітіп, қатысушыларға ізгі лебізін білдірді.

Сонымен жоба аясындағы «Өнерлі өрге жүзер», «Өнер алды қызыл тіл», «Жарқыра жас дарын!» атты байқаулар бойын­ша мемлекеттік тілде ән салып, жыр оқып, домбырамен күй төк­кен өрендер арасынан жеңім­паздар анықталып, олар бағалы сыйлықтарға ие болды.

Айта кетейік, 2015-2022 жылдар аралығында аталған жоба шеңберінде елімізде 107 мыңнан аса іс-шара ұйымдастырылып, оған 2,5 миллионнан аса бала қатысқан.

дж