Президент • 26 Қараша, 2022

Президент мемлекеттік қызметшілерді адал жұмыс істеуге шақырды

379 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы барлық мемлекеттік қызметшіден өз жұмысын адал атқаруды талап етті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Президент мемлекеттік қызметшілерді адал жұмыс істеуге шақырды

«Тағы да қайталап айтамын, алда атқаратын шаруа көп. Бұл – жеңіл жұмыс емес, бірақ елге пайдасы тиетін қызмет. Мен бүкіл мемлекеттік аппараттан осы міндетті абыроймен орындауды талап етемін. Қолынан іс келетін және елге беріле қызмет жасайтын азаматтарға ғана ортамызда орын бар. Оларға қолдау көрсетеміз, ал қоғам құрмет білдіреді. Халқымыздың нақыл сөзін сәл түрлендіріп айтсақ: «Байлық пен мансап – қолға ұстаған мұз, ериді де кетеді. Ал, елге жасаған қызмет – артта қалған із, ол ұрпақтан ұрпаққа жетеді». Осыны әр азамат түсінуі керек.

Ел мүддесі – бәрінен биік. Мен барлық мемлекеттік қызметшіден өз жұмысын адал атқаруды талап етемін», деді Президент.

Осы ретте ол кәсібилік, адалдық және қарапайымдылық әр азаматтың басты қағидаттарына айналуы тиіс екенін айтып өтті.

«Қоғамда жаңа құндылықтар орнықтырып, жақсы қасиеттерге ие бола алмасақ, реформаның бәрі бекер. Көк байрағымыз, төлқұжатымыз және мемлекеттік тіліміз біздің біртұтас халық екенімізді білдіреді. Бабаларымыз біртұтас ел болып, Еуразия төрінде даңқты шежіресін ат тұяғымен жазған, Алтын орда мен Қазақ хандығы сияқты мемлекеттер құрған. Сондай-ақ халқымыз ел басына күн туған күрделі сәттерде азаттығы үшін арпалысты. Әйгілі хандарымыздың, батырларымыздың және ұлт қайраткерлерінің ерлігі – осының айқын көрінісі», деді Мемлекет басшысы.