
Диалог алаңының отырысында жастар ұйымдарының көшбасшылары, қоғам қайраткерлері және Халықтық коалицияға кірген спортшылар қауымдастығының өкілдері президент сайлауының қорытындысы жөнінде өз пікірлерін білдірді. Сонымен қатар сайлауалды штабта БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз туры ұйымдастырылды. Олар үгіт-насихат және талдау орталықтары, кандидаттың қоғамдық қабылдау бөлмесі, медиа-штаб, сенімді өкілдердің жұмысын үйлестіру орталығы, байқаушылар штабы мен жастар секторының қызметімен жақынырақ танысты.
Жастар, әсіресе Халықтық коалиция атынан сайлауға түскен Қасым-Жомарт Тоқаевтың үгіт-насихат науқаны кезінде еліміздің 42 қаласы мен 500 ауыл аймақты аралауға белсенді қатысқан. Саяси науқанды өткізуге 30 мың адам арнайы даярлықтан өткен. «Amanat» партиясының «Жастар Рухы» Жастар қанатының төрағасы Нұржан Жетпісбаевтың айтуынша, партия жанынан ашылған республикалық қоғамдық штабтың қызметі қажетті құрал-жабдықтармен қамтылып, 3 саяси партияның, 22 қоғамдық ұйымның өкілдері кедергісіз жұмыс істеген.
«Біз қала, ауылдарды аралап, Мемлекет басшысының саяси реформаларын, елді дамытудағы бағыттарын, алға қойған мақсаттарын түсіндірген кезде жастардың президентімізге сенім артып, қолдайтындарын көрдік. Бұл қолдау мен сенім әрбір аймақта сезілді. Штабтың жұмысына келер болсам, күніне жүздеген іс-шара ұйымдастырылып, үгіт-насихаттық ақпарат кеңістігі үздіксіз толығып отырды. Осы аралықта 24 мыңнан астам іс-шара ұйымдастырылған екен. Республикалық штабтың үгіт-насихат тобы шалғай ауылдарды назардан тыс қалдырған жоқ. Бұл биылғы сайлаудың ерекшелігі деп айтуымызға болады. Егер бұған дейінгі науқандарда үгіт-насихат облыс орталықтарында ғана өтсе, біз осы ретте ауылдарды араладық. Өйткені ауыл – ел бесігі, ондағы халық қалыс қалмау қажет. Осылайша, біз кандидатымыздың сайлауалды бағдарламасын 3 миллион адамға түсіндірген екенбіз. Ал науқан басталарда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің бағдарламасын бізге таныстырды», деді «Жастар Рухы» Жастар қанатының төрағасы.
Ақпараттық жұмысқа тартылған жастармен қоса, волонтерлер үгіт-насихат құралдарын таратуға үлестерін қосқан. «7,5 мыңнан астам белсенді 3 млн-нан астам үгіт-насихат материалын таратты. Олар тек үнпарақ таратып қана қоймай, «Есіктен есікке» акциясына, сайлаушылармен өткен экспромт-кездесулерге, азаматтардың ұсыныстары мен тілектерін қабылдау ісіне атсалысты», деді Нұржан Жетпісбаев.
Ал «Ұлттық волонтерлер желісі» ЗТБ төрағасы, депутат Вера Ким Президенттің еріктілерді ерекше қолдайтынын атап өтті.
«Президентіміздің өмірбаянын қарасақ, халықаралық ұйымдардағы қызметімен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев волонтерлік қызметті алға шығаруға, оны дамытуға зор үлес қосқанын көреміз. Мемлекет басшысы тарапынан еріктілер қашанда қолдауға ие болып келеді. Сондықтан волонтерлік ұйымдар, жастар қозғалыстары өз кезегінде Президентіміздің саясатын қолдайды. 2019 жылы Қазақстан-Ресей форумында мен барлық волонтерлік қозғалыс атынан 2020 жылды еріктілер жылы деп жариялау туралы ұсыныс айтқан едім.
Өйткені әлемдік пандемия кезінде еріктілер күні-түні өз денсаулықтарына төнетін қауіпке қарамастан халыққа көп көмектесті. Дәрі-дәрмек, азық-түлік тасыды, өзге де қоғамдық жұмыстарға белсене араласты. Осы кезде ел волонтерлерді тани бастады, бұл қызметтің мәнісін түсінді. Әрине, олар сол кезде аянбай еңбек еткен дәрігер, полиция қызметкерлерімен бірге мемлекеттік наградаларға ие болды, 2020 жыл еріктілер жылы болды. Еңбектері еленді. Бұл ел басшысының ерікті жастарға деген құрметі деп білеміз.
Кандидаттың сайлауалды бағдарламасының негізгі мақсаты – халықтың өмір сапасын жақсарту. Әділеттілік қағидатына сәйкес, мәртебесіне, жынысына немесе жасына қарамастан, қазақстандықтар тең мүмкіндіктер мен құқықтарға ие болуға тиіс. Сайлау қорытындысы халық Президентті қолдайтынын көрсетті. Еліміздің, сонымен қатар халықаралық байқаушылардың оң пікірі сайлаудың ашық әрі адал өткенін айқындайды», деді Вера Ким.
Үгіт-насихат жұмыстарына спортшылар да зор үлес қосқан. Қоғам қайраткері, 2012 жылғы Лондон Олимпиадасының чемпионы, ҚР Ұлттық Олимпиадалық комитеті Бас хатшысының орынбасары Серік Сәпиев «Қазақстандық спортшылар одағы» республикалық қоғамдық бірлестігі ешқандай партия құрамына енбегенін, бірақ халықтық коалицияны жақтайтынын атап өтті. Оның айтуынша, Мемлекет басшысы бұқаралық және кәсіби спортты дамытуға жүйелі түрде қолдау көрсетіп келеді.
«Біз Қуатты әрі Әділетті Қазақстан үшін дауыс бердік. Сайлау учаскесіне келген әрбір адам өзінің азаматтық парызын өтеп қана қоймай, ел болашағы үшін таңдау жасады деп ойлаймын. Біз ел игілігіне қызмет етуге барымызды саламыз және барша қатысушыларды осыған шақырамын», деді Серік Сәпиев.
Президенттік жастар кадрлық резервінің мүшесі Әбутәліп Мүтәлі алдағы 7 жылда жастар мемлекет құру ісіне елеулі үлес қосады деп отыр. «Amanat» партиясы Қоғамдық саясат институты директорының орынбасары Динара Сәдуақасова сайлаушылардың ұсынысы мен тілегіне назар аударды. «Үгіт-насихат науқаны барысында 40 мыңнан астам осындай ұсыныс-тілек келіп түсті. Бұл азаматтардың саяси процестерге деген қызығушылығы артқанын аңғартады», деді ол.
Сайлауалды науқан кезінде ақпараттық сүйемелдеуге басты назар аударылған. Әсіресе интернет ресурстар арқылы таратылған ақпараттардың қаралымы өте жоғары болғанын атап өтті штаб мүшелері. Мәселен, Toqaev2022 атауымен іске қосылған интернет арналары күніне мыңнан астам қаралым жинаған. Дәстүрлі бұқаралық ақпарат құралдарында да кандидаттардың сайлауалды бағдарламалары тиісті деңгейде жарияланып, көрсетілген.
Халықтық коалицияның үгіт-насихат штабының мүшелері университеттер мен колледждердің студенттері, елордалық жастар мәслихатының депутаттары, Жастар қанатының белсенділері алдында үгіт-насихат жұмыстары бойынша осындай қорытынды жасады.