Қоғам • 22 Қараша, 2022

Жүзден – жүйрік

343 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жоғары оқу орнында сапалы білім алумен шектелмей, замандастарын өнерімен тәнті етіп жүрген жастар көп. Сондықтан жергілікті әкімдік пен Жастар басқармалары да шығармашыл студенттерді ынталандыруға қажетінше қолдау көрсетіп келеді. Жуырда Халықаралық студенттер күні аясында елорда төрінде «Jastar Jalyny-2022» фестивалінің жабылу салтанаты өтіп, жүзден жүйріктер анықталды.

Жүзден – жүйрік

Дәстүрлі фестивальды «Qazaqstan jastary» қоғамдық қоры және Қа­зақ­стан студенттерінің альянсы ұйымдастырса, Астана қаласының Жастар саясаты мәселелері басқар­масы қолдау көрсеткен. «Jastar Jalyny-2022» фестивалі жастардың шығармашылық әлеуетін шыңдауға, дарынды жастарды анықтап, белсенді студенттерді шабыттандыруға сүбелі үлес қосып келеді. Жастардың рухани және мәдени әлеуетін дамы­тып, студенттерге тәрбие беру жүйе­­сін жетілдірумен қатар адам­гер­ші­лік құндылықтар мен көш­бас­шылық қасиеттерін арттыру міндеті фестивальдың негізгі мақ­сатын айқындап берді. Әсіресе кейінгі жылдары «Jastar Jalyny» фестиваліне елорда жастары белсенді қатысып, жоғары оқу орнының беделін арт­тыруға мейлінші үлес қосуда десек асыра сілтегеніміз емес. Өйткені ауқымды фестивальда 10 номинация бойынша топқа түскен жастар жалпы есепте көш бастауға барын салатыны сөзсіз. Бұл жолы фес­тивальға Астана қаласындағы 14 университеттің студенттері қатысып, медиа, заманауи би, ұлттық би, эстрада, музыкалық аспаптар, айтыс, поэ­зия, сурет салу, театр, qazaq quiz аталымында мықтыларды анық­тады. Шығармашылықтың шы­­ңына шығуға талпынысы жоғары жастардың өнерін әр саланың кіл тәжірибелі әрі танымал мамандарынан жасақталған қазылар құрамы бағалады. Оның ішінде мәдениет және өнер қайраткерлері, елге еңбегі сіңген әртістер, кәсіби хореографтар да бар. Жеңімпаздарды марапаттау рәсімінде Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен мемлекеттен жастарды қолдау мақсатында іске асып жатқан жобалар жөнінде аз-кем айтып өтті.

– Ел үкіметі жастарды қолдауға айрықша көңіл бөліп отыр. Астана қаласының әкімдігі биыл жастарды жұмысқа орналастыру үшін 60-тан астам бос жұмыс орны жәрмеңкесін өткізді. Нәтижесінде, 11 мыңнан астам жас тұрақты жұмысқа орна­ласты. Сонымен қатар елорда­мыз жастардың қаласына айналды. Мемлекет тарапынан жас отба­сы­ларға пәтер беру бойынша жүйелі жұмыстар 2019 жылдан басталды. Жас отбасылар аяққа тұру үшін 5 жылға жалдамалы пәтер берудеміз. Қала әкімдігі «Елорда жастары» бағдарламасы бойынша жыл сайын 200-ден астам жастың баспаналы болуына жәрдемдеседі. Сондай-ақ мектеп бітіргеннен кейін оқуға түсе алмаған түлектерге елорда әкімдігі арнайы гранттар бөледі. Биыл 1 300-ден астам нарықтағы сұранысқа ие мамандыққа грант бөлінді. Бұл фес­тиваль да жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді. Әрине, мұнда басты мақсат жеңіс емес, елорданың белсенді жастары бас қосып, бірін-бірі жақын тани түссе деген ниет те бар, – дейді Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен.

Апта ішінде әр номинация бо­йынша жекелей сында бірін­ші орын еншілегендер 100 мың тең­геден сыйақы алса, екінші орын ол­жа­лағандарға 70 мың теңге та­ғайын­далды. Үздік үштіктен көрін­ген студенттерге 50 мың теңге­ден тиді. Ал жалпыкомандалық есеп­те биылғы фестивальдың бас жүл­десін Л.Н.Гумилев атындағы Еура­зия ұлттық университетінің сту­­денттері қанжығаға байлады. Сол секілді 2-орынды Turan-As­tana уни­верситетінің жастары жеңіп алса, 3-орын С.Сейфуллин атын­дағы Қазақ агротехникалық университетінің студенттеріне бұйырып, олар да қаржылай сыйлықтан құр қалмады.