
Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»
«Жаңа адамдар» көп ұзамай «Жастар рухы» жастар қанаты, Қазақстан Жастар конгресі, Студенттер альянсы, «Жасыл ел» жұмысшы жастар жасақтары, Ауыл жастарының одағы секілді көпке таныс іргелі ұйымдардың қатарынан табылатынына сенімді. Өйткені құрылғанына көп уақыт өте қоймаса да, бірден Президентпен кездесу өткізіп, ойлары мен алдағы мақсат-мұраттарын ортаға салды.
Қазірде «Жаңа адамдар» қозғалысының құрамында 150 белсенді жас бар. Олардың әрбірі бұл жобаға өз идеяларымен келіп, ұйымның мүшесі атанған. Аталған ұйымның құрылу тарихы да қызық. Алдымен бір топ жас жиналып, Мемлекет басшысының әділетті Қазақстанды құру туралы тезисін талқылап, пікір таластырған.
– Бұл талқылау осы жылдың тамыз айында өткен еді. Алғаш рет біраз жастың басын қосқан жиын ұйымдастырдық. Онда біз Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Әділетті Қазақстан құру туралы бастамасын сөз еттік. Жаңа Қазақстан, Әділетті Қазақстан деген тұжырымдамаларды талдап, өзімізше сараптама жасадық. Үкіметтегі қызметкерлердің, депутаттардың сөйлеген сөздерін, пікірлерін де ой елегінен өткіздік. Сол кезде шенеуніктердің Президенттің сөзін біршама ұзақ, тіпті қарама-қайшылықпен түсінетінін байқап, таңғалдық. Бұдан соң «Жаңа Қазақстан» деген ұғымды өзіміз қалай түсінетінімізді ұсынуды жөн көрдік. Жаңа Қазақстан өзімізден, біреуге тәуелділіктен бас тартудан басталады емес пе?! Жаңа Қазақстан – бұл еліміздегі 19 миллион халықтың өз өміріне деген көзқарасының өзгеруі. Осылайша, басқосқан барша жастардың ойы бір жерден шықты, бірте-бірте біздің пікірталасымызға жаңа адамдар қосыла бастады, – дейді «Жаңа адамдар» жастар қозғалысының көшбасшысы Әсел Бәденова.
Белсенділердің саны жүзден асқанда ұйымның бағдарламалық құжаты әзірленген. Әселдің айтуынша, құжат жақын арада жарияланып, көпшіліктің талқысына салынады.
Бір айта кетерлігі, «Жаңа адамдар» өкілдері еркін, ойларын, ұсыныс-пікірлерін бүкпесіз ашық жеткізеді. Жас өрендердің ойға алған бастама, жоспарларын еш қымсынбастан ортаға салып, пікірталасқа түсуге дайын екенін бірден аңғаруға болады. Жаңа Қазақстан, Әділетті Қазақстан құру талпыныстарында жігер мен батылдық байқалады. Олар тіпті «Жаңа, Әділетті Қазақстанды мемлекеттік қызметшілер және депутаттармен бірге құрғымыз келеді», деп мемлекеттік қызметке араласқысы келетіндіктерін де жасырмады.
Президент алдында сөз сөйлеген қозғалыстың мүшесі Ризабек Рашит өзі секілді жастардың мемлекеттік қызметшілерге көмек бергісі келетінін айтқан еді. «Біздің басты мақсатымыз – шенеуніктер мен депутаттарға көмектесу ғана емес, олармен бірге Әділетті Қазақстан құру», деді «Жаңа адамдар» өкілі. Ал Қасым-Жомарт Тоқаев: «Шенеуніктерге көмектесудің қажеті жоқ шығар, өйткені олар өз жұмысын істеуі керек. Бірақ мемлекеттік, ұлттық құндылықтарды, қоғамдағы дұрыс ұғымдарды қалыптастыру жастардың яғни, сіздердің қолдарыңыздан келеді деп ойлаймын. Қалай алсақ та Қазақстан – азаматтық қоғам дамыған ел. Сондықтан азаматтық қоғамда пікірталастардың болуы заңдылық, осы пікірталастар арқылы сіз біріншіден мемлекетке пайда келтіре аласыз, екіншіден өзіңізді дәлелдеуге болады. Қалай десек те, біз ашық қоғамға бет бұрып келеміз», деп жастардың бұл идеясына ой қосты.
Қозғалыс жетекшісінің айтуынша, ұйымның мақсаты – Президент Қ.Тоқаев бастаған елдегі өзгерістерді іске асыру.
– «Мұны қалай жасауға болады?» десеңіздер, ол үшін біз Жаңа Қазақстанды құру процесіне еліміздің мыңдаған жас ұл-қызын тартқымыз келеді. Олардың өз Отаны туралы түсініктерін өзгертуге ықпал етіп, ел ертеңі болар өреннің құндылықтарын еңбекқорлыққа, прагматизмге және кәсіпкерлікке қайта бейімдегіміз келеді. Осылайша, мыңдаған адамға жүздеген, мың және миллиондаған жаңа жас қосыларына сенімдіміз. Сонда ғана Президент бастаған өзгерістер енді тоқтамайды, нақты өзгерістер болады. Біздің мақсатымыз – Қазақстанның әрбір азаматының дамуы мен дербестігі. Сондықтан осы өзгерісті алдымен өзімізден бастап отырмыз, – деді Әсел Бәденова.
Жақын арада «New People» тобы елордада өз кампусын ашуды жоспарлап отыр. Онда жастар көшбасшылық пен саясат саласын зерттеп, зерделейді. Кіл жастардан құрылған топ бейнефильм, түрлі жобалар, көше акцияларын ұйымдастырады.
– Біздің тобымызға түйіндеме мен «Мен Жаңа Қазақстанды қалай көремін?» тақырыбында шығармашылық жұмысын жіберген кез келген қазақстандық жас қосыла алады. Бүгінгі таңда қозғалыста біздің идеяларымызбен бөлісетін 150 белсенді бар. 2022 жылдың 14 қазанын «Жаңа адамдар» қозғалысының нағыз туған күні деп есептейміз. Президентпен кездесуде мақсат-міндеттерімізді айтып, Мемлекет басшысының 100 пайыз қолдауына ие болдық. Президент Алматыдағы сапарында біздің кездесуіміз туралы айтып, сөйлеген сөздерімізді есіне алғаны – біз үшін үлкен қуаныш әрі үлкен абырой, – деді ұйым көшбасшысы.
– Кеше мен «Жаңа адамдар» жастар қозғалысының өкілдерімен кездестім. Жастар Әділетті Қазақстанды құру идеясымен шабыттандырды. Олар жаңа елді қажырлы еңбекке, Отан тағдырына белсене қатысуға негізделген құндылықтар жүйесі жаңартылған адамдар құруға тиіс екеніне сенімді.
– Қазіргі жастар басқаша. Маған ұнайтыны, қазіргі жастардың көбі мемлекеттен көмек күтпей, керісінше, өз еліне пайдалы болғысы келеді. Әрине, Қазақстан – әлеуметтік мемлекет, біз өз азаматтарымызды, әсіресе әлеуметтік осал топтарға әрқашан қолдау көрсететін боламыз. Бірақ өз әл-ауқаты үшін жауапкершілікті мемлекетке де, қоғамға да аудару мүмкін емес.
Күні бойы диванда жатып немесе смартфонда мақсатсыз уақыт өткізу арқылы жетістікке жете алмайсыз. Мемлекет барлығын қолынан ұстап, оқуға немесе жұмысқа орналастыра алмайды. Ешбір елде мұндай нәрсе жоқ. Шетелдік бір ірі мұнай-газ компаниясы азаматтарымызға лайықты жалақымен вахталық әдіспен жұмыс істеу үшін арнайы 1000 орын бөлді. Өкінішке қарай, бұл ұсынысқа 50 адам жауап берді. Мұның себебі ешкім жұмыс істеу үшін басқа жерлерге барғысы келмейді. Осы уақытта көптеген өзге елдің тұрғындары еш ойланбастан шетелдерге барып, кез келген жұмысқа кіріседі.
Еліміздің орталық жоғары оқу орындарында білім алу үшін мемлекет тарапынан кейбір өңірлерге арнайы гранттар бөлініп жатыр. 10 мың гранттың төрттен бірінен азы игерілді. Мемлекет азаматтарды жұмыспен де, грантпен де қамтамасыз етеді, тек осы мүмкіндіктерді пайдалану керек, – деді Президент Алматыдағы сапарында.
«Жаңа адамдар» жастар қозғалысы Президентпен жүздесулерін Мемлекет басшысының жастарға деген сенімінің белгісі деп санайды. «Президенттің үмітін ақтамауға құқығымыз жоқ. Алдағы уақытта жоспарымыз да, тындырар жұмысымыз да көп. Барлық ел бойынша кампустарымызды ашамыз. Келесі жазда Президентпен тағы да кездесіп, Қасым-Жомарт Тоқаевқа табыстарымыз туралы айтып беретін болып келістік», деді Әсел Бәденова.