Аймақтар • 15 Қараша, 2022

Жамбылда заңсыз алтын өңдейтін цех анықталды

295 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Жамбыл облысында 10 тонна алтын кені бар жерасты цехы анықталды, деп хабарлайды Egemen.kz ҚР ІІМ ресми интернет-ресурсына сілтеме жасап. 

Жамбылда заңсыз алтын өңдейтін цех анықталды

«Мойынқұм ауданының полиция қызметкерлері құрамында бағалы металы бар шикізатты, тастарды заңсыз өңдеумен айналысатын жерасты цехының қызметін тоқтатты. Жеке тұрғын үйді тексеру кезінде электрлік ұнтақтау диірмені, ұнтақталған кеннің қалдықтары, елек, магнит, таситын арбалар, күректер, сынапты сұйықтық, екі үлкен қазандық және 10 тоннаға жуық алтын кені табылды», деп жазды ІІМ ресми басылымы.

Одан бөлек жалақыға жұмыс істеген 30 және 58 жастағы екі жұмысшы ұсталған. Сондай-ақ полицейлер цехтың иесі болған 37 жастағы жергілікті тұрғынды анықтады.

Бүгінде ҚР Қылмыстық кодексінің 295-1-бабы 1-бөлігі (Бағалы металдар мен асыл тастардың, құрамында бағалы металдар бар тауарлардың заңсыз айналымы) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.