Саясат • 13 Қараша, 2022

Әлеуметтік мәселелер талқыланды

190 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Абай облысына жұмыс сапарымен барған Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова өңір активімен кездесу өткізді. Сала басшысы Отбасының цифрлық картасын енгізу туралы айтып, халықты жұмыспен қамту, қызметкерлердің еңбек құқықтарын сақтау, зейнетақы және әлеуметтік қамсыздандыру мәселелерін талқылады.

Әлеуметтік мәселелер талқыланды

Іс-шараға облыс әкімінің орынбасары Шалқар Байбеков, облыстық мәслихат өкілдері, жергілікті атқарушы органдардың басшылары, облыс аудандарының әкімдері қатысты.

Т.Дүйсенова биылғы 10 айда Абай облысында 12 184 адам жұмысқа орналастырылғанын, оның ішінде жұмыспен қамту орта­лықтары арқылы бос орындарға – 3 527 адам, ұлттық жобаларды іске асыру шеңберінде – 4 999 адам, жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларымен – 3 658 адам қамтылғанын атап өтті.

«Жұмыс орындарымен қамту мониторингін жүргізу тәртібіне сәйкес азаматтардың жұмысқа орналасуы міндетті зейнетақы аударымдарымен расталатынына назар аударғым келеді. Абай облысында бұл көрсеткіш 76%-ды құрайды. Бұл ретте Курчатов қаласы мен Бесқарағай ауданын­да ұлттық жобаларды іске асыру шеңберінде жұмысқа орналас­тырылған азаматтар бойынша зей­нетақы аударымдары бар адам­дардың үлесі тиісінше 51% және 54%-ды құрайды», деп атап өтті Т.Дүйсенова.

Министр Мемлекет басшы­сының 10 мың тұрғынға шаққанда 100 жұмыс орнын құру жөніндегі тапсырмасын іске асыру бойынша өңірдегі жақсы нәтижелерді атап өтті. Жоспарланған көрсеткіш 3 732 болған кезде, 9 493 жұмыс орны құ­рылды немесе 254%-ды құрады. Бұл ретте Абай облысында 244 жалған жұмыс орны анықталды, оның 41-і Семей қаласында болып отыр.

«Облыс әкімдігі тұрақты жұмыс орындарын құруды, дерек­тер­дің дұрыстығын қамтамасыз етіп, бұ­зу­шылықтарға жол берген тұл­ғаларға қатысты шаралар қабыл­дауы қажет», деп атап көрсетті Т.Дүйсенова.

Министр кездесуге қа­ты­су­шыларды Отбасының цифрлық картасын енгізу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы хабардар етті.

«Бүгінде мемлекеттік орган­дардың ақпараттық жүйелерінің деректері негізінде Цифрлық карта­да 6,3 млн отбасы және олар­дың 19,5 млн мүшесі туралы ақпа­рат жинақталған. Бұл ретте өздеріне тиісті көмек алмайтын отбасыларды анықтадық. Мұндай отбасылар 1 қыркүйектен бас­тап өздеріне тиісті мемлекеттік ке­піл­діктер көрсетілген SMS-хабарлама алады. Мемлекеттік қолдаудың тиісті шаралары оларға проактивті форматта тағайындалады. Абай облысында төлемдер 177 алушыға тағайындалды, қазіргі уақытта азаматтардан оң жауап берілген 210 хабарлама бойынша жұмыс жүргізілуде», деді Т.Дүйсенова.

Уақтылы көрсетілмеген мемле­кеттік қызметтердің мысалы ре­тінде ол Абай облысынан үшінші және төртінші бала күтімі бойынша ай сайынғы жәрдемақы және көпбалалы отбасыларға арналған жәрдемақы тағайындауға өтініш білдірмеген отбасыны келтірді.

Министрлік басшысы қазіргі уақытта Отбасының цифрлық картасы аясында жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдердің 9 түрі бо­йынша проактивті форматта қызмет көрсететінін айтып өтті. 2023 жылдан бастап әлеуметтік қорғау саласындағы қызметтер тізбесі кеңейтіледі. 2025 жылға қарай Цифрлық картамен әлеуметтік салада, денсаулық сақтау және білім беру салаларында мемлекеттік кепілдіктердің барлық түрі қамтылады.

Кездесу барысында Тама­ра Дүйсенова жергілікті атқа­ру­шы билік органдарының өкіл­дерімен жұмыс берушілердің ең­бек заңнамасының нормаларын сақтауы, өндірістегі еңбек қауіп­сіздігі мен еңбекті қорғауды қамта­масыз ету, қызметкерлерді жазатайым оқиғалардан сақтан­дыру, зейнетақы және әлеуметтік қамсыздандыру, ба­ла­лары бар отбасылар мен мүге­дектігі бар адамдарды қолдау, сон­дай-ақ ерекше қажеттіліктері бар адам­­дар үшін әлеуметтік объекті­лер­ді бейімдеу мәселелерін талқылады.

Сондай-ақ Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі жұмыс сапары аясында өңірдегі белсенді жастармен, еріктілермен, жас­тар ресурстық орталығының өкілдерімен кездесті. Министр ведомство іске асырып жатқан жас мамандарды жұмыспен қамту және жастарды қолдаудың басқа да шаралары туралы айтты.

Т.Дүйсенова белсенді жас­тарға Еңбек министрлігі аза­мат­тардың жекелеген осал санаттарын жұмыспен қамтуға жәр­демдесуден еңбекке қабілетті қазақстандықтардың бар­лық санатын нәтижелі жұмыспен қам­ту үшін тең бастапқы жағдайлар жасауға көшуді көздейтін жұмыспен қамту саласында жаңа саясат әзір­лен­генін айтты. Яғни жастарды жұмыспен қамтуға ерекше көңіл бөлінеді.

«Жыл сайын «Жастар прак­тика­сы», «Алғашқы жұмыс орны», «Же­ңіл­дікпен кредит беру» және «Дипломмен ауылға» бағдарла­ма­лары сияқты жобаларды іске асыру шеңберінде республика бойынша 100 мыңға жуық жасты, оның ішінде Абай облысында 4 мың адамды нәтижелі жұмыспен қамту жоспарлануда», деді ведомство басшысы.

Министр кездесуге қатысу­шы­ларды кәсіби дағдыларды, оның ішінде өз бетінше алған икем­ділік пен машықтарды, сон­дай-ақ бейресми және ақпа­раттық білім беру нәтижелерін тану шарт­тар­ын заңнамалық деңгейде бекіту тура­лы хабардар етті. Бұл қазақ­стан­дықтар үшін жұ­мыс іздеуде жаңа перспекти­валар аша­ды, сондай-ақ ел азаматтарын өз бі­лік­тілігін арттыруға ынталандырады.

Сонымен қатар кәсіптік бағ­дар­лау мен дағдыларды игеруден бастап, жұмыспен қамтуды қамта­масыз етуге және еңбек қатынас­тарын ресімдеуге дейінгі жұмыспен қамту саласындағы қызметтердің өзіндік супермаркетіне айналған Электрондық еңбек биржасында ұсынылатын мүмкіндіктердің кең ауқымы туралы жан-жақты әңгімеленді.

«Бизнестің ұлттық жобалары мен жеке бастамалары шеңберінде құрылатын барлық жұмыс орны Электрондық еңбек биржасында орналастырылады. Бұл плат­форма жұмыс іздеудің де, жұмысшыларды іздеудің де бірың­ғай алаңына айналды. Қазір Элек­трондық еңбек биржасында жұмыс берушілерден 110 мыңнан астам бос жұмыс орны және жұмыс іздеушілерден 138 мыңнан астам тү­йіндеме ұсынылған. Жастар – халықтың ең мобильді санаты, Элек­трондық еңбек биржасының көме­гімен елдің кез келген өңірін­де жұмыс таба аласыз», деді Т.Дүйсенова.

Электрондық еңбек биржасы арқылы жұмыс тауып қана қоймай, таңдалған бағыт бойынша онлайн курстардан өтіп, жаңа кәсіби дағдыларға үйренуге болатынын атап көрсетті.

«Сіздерде жастар арасында сұранысқа ие дағдылар бойынша курстардың авторы болуға мол мүмкіндік бар. Оларды Элек­трондық еңбек биржасында те­гін орналастыра аласыз, ал бола­шақ­та ақылы негізде ең танымал курстар бойынша оқуларды құрас­тыра отырып, одан ақша да табуға болады», деп толықтырды Т.Дүй­се­нова.

Ведомство басшысы сұранысқа ие кәсіптер бойынша жоғары білікті шетелдік мамандарды тартуға ықпал ететін, сондай-ақ қоныс аударуды ынталандырудың өңірлік бағдарламалары мен ұтқырлық сертификаттарын енгізу есебінен Қазақстан аумағында азаматтарды ұтымды қоныстандыруға ықпал ететін жаңа көші-қон саясаты туралы егжей-тегжейлі айтып берді.

Жастарды еңбек нарығын ырық­тандыру туралы хабардар ете отырып, икемді жұмыспен қам­тудың бар­лық түрін заңна­малық бекіту және реттеу қазіргі уақытта әлеумет­тік тәуекелдер туындаған жағдайда іс жүзінде қор­ғалмаған онлайн-платформалар мен мобиль­ді қосымшалар арқы­лы жұмыс істей­тін қазақ­стан­дықтардың еңбек құ­қықтары мен әлеуметтік кепілдік­терін қорғауды қамтамасыз етуге мүм­кіндік беретінін баса атап өтті.