Президент • 11 Қараша, 2022

Ердоғанға «Түркі әлемінің ең жоғарғы ордені» беріледі

230 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымының саммитінде сөйлеген сөзінде Қазақстанның негізгі мүддесіне сай келетін маңызды қағидатты атады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ердоғанға «Түркі әлемінің ең жоғарғы ордені» беріледі

«Қазақстан барлық мемлекеттің территориялық тұтастығын сөзсіз қолдайды, сондай-ақ БҰҰ Жарғысын мүлтіксіз сақтау қажет деп есептейді. Бұл – біздің еліміздің негізгі мүддесіне толық сай келетін маңызды қағидат. Сондықтан біз осы қағидатқа әрдайым басымдық беретін боламыз», деді Президент.

Саммит барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымының мәртебесін нығайтуға зор үлес қосқан Түркия Республикасының Президенті Режеп Тайип Ердоғанға алғыс білдірді.

«Біздің бірлігіміз жыл өткен сайын нығайып келеді. Соның арқасында Түркі әлемінің халықаралық аренадағы саяси салмағы едәуір артты. Түркия Республикасының Президенті, Жоғары Мәртебелі Режеп Тайип Ердоған бір жыл бойы Түркі мемлекеттері ұйымының төрағасы міндетін атқарды. Осы уақыт ішінде ұйымның мәртебесін көтеріп, ықпалын нығайтуға зор үлес қосты. Сол үшін бауырым – Режеп мырзаға алғыс айтамын. Республика атанғанына келесі жылы бір ғасыр болатын бауырлас Түркия елі өзара ынтымақтастығымызды нығайтуға зор үлес қоса береді деп сенемін. Осы орайда, мен құрметті Режеп бейді «Түркі әлемінің ең жоғарғы орденімен» марапаттау туралы бастама көтердім. Бұл ұсынысым бірауыздан қолдау тапты. Сол үшін баршаңызға ризашылығымды білдіремін», деп атап өтті Мемлекет басшысы.

Сөзін қорытындылай келе, Президент ұйымның төрағалығы мен хатшылығын алған Өзбекстан мен Қырғызстан өкілдерінің жұмысына табыс тіледі.

«Сөзімнің соңында ұйымға төрағалық ету міндеті Өзбекстанға берілуіне байланысты өзбек бауырларымызға тағы да толағай табыс тілеймін! Бұдан бөлек, ұйымның Бас хатшысы лауазымын атқару кезегі бауырлас Қырғызстан өкіліне өтеді. Осы орайда, 2018 жылдан бері Түркі мемлекеттері ұйымының Бас хатшысы қызметін атқарған Бағдат Әміреевке алғыс айтамын. Ал жаңадан тағайындалған Бас хатшы Кубанычбек Өмірәлиевтің жұмысы жемісті болуына тілектестік білдіремін», деп қорытындылады Қасым-Жомарт Кемелұлы.