Аймақтар • 09 Қараша, 2022

Риддер тұрғындарына жылу беріле бастады

290 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Риддердегі жылу электр орталығында орын алған апаттан кейін қала тұрғындарының үйлеріне жылу беріле бастады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Риддер тұрғындарына жылу беріле бастады

5 қарашада Риддердегі жергілікті жылу электр орталығында тағы бір апат болып, 22 мың абонент жылусыз қалған еді. АРтынша жедел штаб құрылып, қалада төтенше жағдай жарияланды.

Риддерліктер ел Президентінің атына жағдайды бақылауға алуды сұрап, өтініш те жазды. Кейін Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов Риддер қаласының жылу электр орталығын коммуналдық меншікке беру мәселесі қарастырылып жатқанын айтты.

Ресми ақпаратқа сәйкес, қазір Риддердегі жылу электр орталығындағы апатты жоюға Шығыс Қазақстанның түкпір-түкпірінен ірі өндірістік және коммуналдық кәсіпорындардың өкілдері қатысуда. Жұмыс тәулік бойы жүргізілуде.

«Риддер ЖЭО-да орын алған төтенше жағдайды жою бойынша жұмыс жүргізіліп жатқанына бүгін төртінші күн. Қазірдің өзінде екі қазандық іске қосылды, тағы біреуі жылу бере бастады. Жүйедегі температура 57 градусқа дейін көтерілді», деп жазды ШҚО әкімі Даниал Ахметов Instagram желісіндегі парақшасында.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта №4 қазандықты жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Айта кетейік, соңғы күндері Риддерде қар жауды. Ауа температурасы күндіз нөлден аспағанымен, түнде минус 11 градусқа дейін төмендейді.