
Әділетті Қазақстанға жасалған маңызды қадам
Сенат Төрағасы Қарағанды облысының Шахтинск қаласындағы «АрселорМиттал Теміртау» АҚ шахтасында болған апат салдарынан қаза тапқан жұмысшылардың отбасыларына көңіл айтты және зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуіне тілектестігін білдірді. Мәулен Әшімбаев Мемлекет басшысы Үкімет пен Қарағанды облысының әкіміне апат себептерін анықтау үшін шұғыл шаралар қабылдауды және қайтыс болғандар мен жарақат алғандардың отбасыларына тиісті көмек көрсетуді тапсырғанын атап өтті. Сондай-ақ Палата Спикері тергеу қорытындысына сәйкес мұндай қайғылы оқиғалардың алдын алуға қажетті шаралардың бәрін іске асыру аса маңызды екенін айтты.
Ең әуелі депутаттар «Қазақстан Республикасының Конституциялық соты туралы» заң жобасы қарады. Аталған мәселе жөнінде баяндама жасаған Әділет министрі Қанат Мусиннің айтуынша, Конституциялық заң жобасы 3 бөлімнен, 10 тараудан және 67 баптан тұрады.
«Мазмұны бойынша құжат екі бөлімнен тұрады. Біріншісі – ол Конституциялық соттың және оның судьяларының мәртебесі, олардың кепілдіктермен қамтамасыз етілуі. Ал екінші бөлім конституциялық іс жүргізу тәртібіне арналған. Конституциялық сот – еліміздің бүкіл аумағында Конституцияның үстемдігін қамтамасыз ететін орган. Биліктің сот тармағына жатпайды. Өйткені бұл мәселе Конституцияда түпкілікті шешілді. Заң жобасында Конституциялық сот судьяларын тағайындау және олардың өкілеттіктерін тоқтату тәртібіне байланысты мәселелер егжей-тегжей регламенттелген. Олардың тәуелсіздігі мен кепілдіктері де бекітілген.
Конституциялық соттың құзыреттері Конституцияның 72-бабымен реттелген. Мәселен, оларға сайлауды өткізудің дұрыстығы мәселелерін қарау, Парламент қабылдаған заңдар мен халықаралық шарттардың республика Конституциясына сәйкестігін қарау, сондай-ақ Конституция нормаларына ресми түсіндірме беру құзыреті жатқызылған. Конституцияға енгізілген өзгерістерге сәйкес, Конституциялық сот азаматтардың өтініштері бойынша олардың құқықтары мен бостандықтарына тікелей қатысты нормативтік-құқықтық актілерді Конституцияға сәйкестігін қарайды. Сондай-ақ Конституциялық сотқа жүгіну құқығы Бас прокурор мен Адам құқықтары жөніндегі уәкілге берілді», деді Қ.Мусин.
Ведомство басшысының сөзіне сүйенсек, заң жобасының екінші бөлімі конституциялық іс жүргізудің жалпы шарттары мен қағидаттарын бекітуге арналған. Конституциялық сотқа жолданатын өтініштердің түрлері, олардың нысаны мен мазмұны айқындалған.
Сенат Төрағасы конституциялық заңдарды қабылдау жөнінде пікір білдіріп, Мемлекет басшысының саяси және экономикалық реформаларын заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету Парламент жұмысындағы негізгі басымдықтардың бірі екенін айтты.
«Елімізде жүргізіліп жатқан реформалардың басты мақсаты – адам құқықтарын қорғау жүйесін нығайту, билік тармақтарының және орталық пен өңірлердің арасындағы өкілеттіктер мен жауапкершіліктің теңгерімін қамтамасыз ету. Бүгін қабылданған заңдар демократиялық институттарды дамытуға, халықтың мемлекеттік және саяси құрылымдарға деген сенімін арттыруға ықпал етеді деп сенеміз. Бұл – Әділетті Қазақстан құру жолындағы маңызды қадам», деді Мәулен Әшімбаев.
Осы ретте жаңа талаптарға сәйкес ел Президентінің саяси партияға мүше болуы тоқтатылатынын атап өткен жөн. Бұл норма барлық судьяға, Орталық сайлау комиссиясының мүшелеріне және Жоғары аудиторлық палатаға да қатысты болмақ. Енгізілген өзгерістерге сәйкес жергілікті атқарушы органдардың басшыларына саяси партиялардың филиалдары мен өкілдіктерінде лауазымдар иеленуге тыйым салынады.
Прокуратура міндеті – адам құқығын қорғау
Сондай-ақ жалпы отырыста «Прокуратура туралы» заң жобасы қабылданды. Құжатқа қатысты баяндаманы Бас прокурордың орынбасары Әсет Шындалиев жасады. Оның айтуынша, заң жобасының басты ерекшелігі – прокуратураның мақсаттары мен міндеттері айқындалған. Яғни «Прокуратура өз міндеттерін адамды, оның өмірін, құқықтары мен бостандықтарын қорғау үшін жүзеге асырады» делінген.
«Мұндай бап заңнамада алғаш рет беріліп отыр. Сонымен қатар жобада барлық қызмет бағыттары бойынша прокурорлардың құзыреттері тізбелеп берілген. Бұл ең алдымен азаматтар үшін маңызды. Олар прокурордың заңда бар құқықтары мен міндеттерін толық білетін болады. Екіншіден, жүйелі түрде адам құқықтарын қорғау үшін прокурорлар қандай міндеттер атқаруға тиіс екені нақты жазылып отыр», деді Ә.Шындалиев.
Бас прокурор орынбасарының сөзіне сүйенсек, құжатта прокурорлар тексеру кезінде талдау немесе актілерге бағалау жасағанда мәліметтер мен құжаттарды алдыруға, лауазымды, басқа да адамдардан жауап алуға, сараптама тағайындауға құқылы екені нақты жазылмақ.
Сонымен қатар заңсыз актілерді тоқтата тұруға, заңсыз тыйым салынса, шектеу қойылған болса, олардың күшін жоюды талап етуге, заңсыз ұсталған адамдарды дереу босатуға міндетті. Заң жобасында «Адам құқықтарын қорғау бойынша өзара іс-қимыл» деген бап енгізілді. Бұл бапта Адам құқығы жөніндегі өкілдің мемлекеттік органдармен және ұйымдармен бірлесіп жұмыс істеу негіздері бекітілген.
«Бұл конституциялық заң биылғы маусым айында өткен республикалық референдум нәтижесінде Конституцияға енгізілген өзгерістерді іске асыру үшін әзірленді. Құжатқа сәйкес Прокуратураның негізгі мақсаттары адамды, оның өмірін, құқықтары мен бостандықтарын мемлекеттің ең жоғары құндылықтары ретінде қорғау, ел аумағында заңдылықты қамтамасыз ету болып айқындалды. Осылайша, прокуратура органдарының қызметі алғаш рет Конституциялық заңмен реттеліп отыр. Мұндай қадам құқық қорғау жүйесін нығайтуға үлкен үлес қосары сөзсіз», деді Сенат Төрағасы.
Омбудсмен институты нығаяды
Сенаторлар «Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы» заң жобасын қарап, қабылдады. Заң жобасының мақсаты – Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің конституциялық мәртебесін бекіту. Осылайша, құжатта уәкіл қызметінің міндеттері, тәуелсіздігі мен өкілеттіктерін жүзеге асыру кезінде қандай да бір өзге мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдардың алдында есеп бермеуінің кепілдіктері бекітілді.
«Бұдан былай Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің құқықтық жағдайы мен оның қызметін ұйымдастыру конституциялық заңмен айқындалады. Жалпы, Конституциялық заң 6 тараудан және 23 баптан тұрады. Заң жобасы Уәкіл қызметінің мақсаттары мен міндеттерін, оның құқықтық жағдайы мен құзыретін ашады. Уәкілдің, оның облыстардағы өкілдерінің және Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың қызметін ұйымдастыруға байланысты ережелер көзделген.
Қолданыстағы заңда көзделмеген негізгі жаңа ережелерге толығырақ тоқталғым келеді. Біріншіден, уәкілдің құзыретін күшейту ескерілген. Конституция нормаларын іске асыру мақсатында құжатта уәкілдің адамның Конституцияда бекітілген құқықтары мен бостандықтарына қатысты нормативтік-құқықтық актілердің Конституцияға сәйкестігі мәселесі бойынша Конституциялық сотқа жүгіну құқығы көзделген. Сондай-ақ басқа мемлекеттердің шақыруы бойынша адам құқықтары мен бостандықтарының сақталуына байқаушы ретінде әрекет ету құқығын беру ұсынылады.
Уәкілдің құзыретін күшейту мақсатында оның арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін ұйымдарға және қылмыстық-атқару жүйесі мекемелеріне кедергісіз бару құқығы бекітіледі. Сонымен қатар уәкілдің қызметін ұйымдастырудың тиімділігін арттыру бөлігінде Заңда адам құқықтары жөніндегі Ұлттық орталық басшысының орынбасары лауазымын енгізу, сондай-ақ Ұлттық орталықтың қосымша функциялары белгіленеді», деді заң жобасы жөнінде баяндама жасаған Қ.Мусин.
Аталған мәселе жөнінде Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев та пікір білдірді. Оның айтуынша, заң жобасында Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің құқықтық жағдайы мен оның қызметін ұйымдастыру мәселелері айқындалған.
«Адам құқықтары жөніндегі уәкіл қызметінің негізгі міндеті адам мен азаматтың бұзылған құқықтары мен бостандықтарын қалпына келтіруге жәрдемдесу. Омбудсмен институтын нығайту Президентіміздің бастамасымен құқықтық, демократиялық, әлеуметтік мемлекет құру үшін қолға алынған саяси реформалардың маңызды бөлігі», деді Палата Спикері.
Жаңа саяси модель
Сонымен қатар сенаторлар «Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына Мемлекет басшысының 2022 жылғы 16 наурыздағы Жолдауын іске асыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» конституциялық заңды қарап, қабылдады. Бұл құжат 8 конституциялық заңға түзетулер енгізуді көздейді. Олардың қатарында «Қазақстан Республикасының Президенті туралы», «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы», «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» және тағы басқа заңдар бар.
«Заң жобасының мақсаты – Президенттің өкілеттігін қысқарту, Парламент палаталарын қалыптастыру тәртібін және оның бірқатар функциясын қайта қарау, Парламенттегі заң шығару процесінің жаңа ережелері, аралас сайлау жүйесіне көшу, сондай-ақ сайлау процесін жаңғырту бөлігінде Жолдау аясындағы саяси реформалардың толыққанды іске асырылуын қамтамасыз ету. Түзетулерді үш негізгі бағытқа бөлуге болады. Біріншіден, заң жобасы Президенттің жергілікті атқарушы органдардың актілеріне қатысты өкілеттіктерін қысқартуға және барлық деңгейдегі әкімді босатуға қатысты ережелерді қамтиды. Сондай-ақ Парламент Сенатының депутаттарын, Конституциялық соттың және Жоғары сот кеңесінің төрағаларын тағайындау жөніндегі Президенттің өкілеттіктерін өзгертуге қатысты түзетулер көзделген», деді Әділет министрі Қанат Мусин.
Сонымен қатар Парламент палаталарында заңдарды қарау және қабылдау тәртібін қайта қарауға қатысты түзетулер бекітіледі. Аралас сайлау жүйесіне көшуге байланысты депутатты кері қайтарып алу тетігін қоса алғанда, Парламент Мәжілісінде және мәслихаттарда аралас сайлау жүйесінің жұмыс істеуіне бағытталған ережелерді сайлау заңнамасында қамту ұсынылады. Сайлау процесін жетілдіру бойынша түзетулер қарастырылған. Бұдан басқа, аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың әкімдерін сайлау кезең-кезеңімен енгізіледі.
«Осы конституциялық заң арқылы бірқатар маңызды құқықтық норма Конституцияның жаңа ережелерімен сәйкестендірілді. Нақты айтқанда, ел Президентінің өкілеттік мерзімі бір реттік 7 жылдық мерзіммен шектеледі. 20 қарашаға жоспарланған кезектен тыс президенттік сайлау осы өзгерістер ескеріле отырып өтеді. Мәжіліс пен мәслихаттарды қалыптастырудың аралас үлгісін енгізуге құқықтық негіз пайда болды. Қабылданған заң әкімдерді сайлау жүйесін аудандар мен облыстық маңызы бар қалаларда кезең-кезеңімен қолдану мәселелерін де қамтиды. Заңда Сенат пен Мәжілістің заң шығару процесіндегі функцияларға қатысты жаңа нормалар да бар. Осы және басқа да өзгерістер азаматтарымыздың сұраныстары мен мүдделерін ескеретін жаңа саяси модель қалыптастыруға өз үлесін қосады деп сенеміз», деді Мәулен Әшімбаев.
Сенат отырысында депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Мемлекет басшысының 2022 жылғы 16 наурыздағы Жолдауын іске асыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды екі оқылымда қабылдады.
Сенат Спикері заңдардың қабылдануы жөнінде пікір білдіріп, енгізілген өзгерістер мен толықтырулар азаматтардың елді жаңғырту ісіне қатысу мүмкіндігін арттыра түсетінін атап өтті. Сондай-ақ жаңа нормалар жергілікті өзін-өзі басқару органдарының дербестігін нығайту және көппартиялылықты қалыптастыру үшін қолайлы құқықтық жағдай жасайды.