Қазақстан • 29 Қазан, 2022

Сенаторлар елдің арнайы экономикалық аймақтарының жағдайын тексерді

159 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Сенат Қаржы және бюджет комитетінің депутаттары Маңғыстау облысында болды. Олар арнайы экономикалық аймақтардың қызметін жетілдіру тетіктерін зерделеу мақсатында АЭА-ның бірқатар нысандарын аралады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Сенаторлар елдің арнайы экономикалық аймақтарының жағдайын тексерді

Сенаторлар еліміздегі қолайлы инвестициялық ахуалды дамытуға және экспортқа бағдарланған жобаларды іске асыру үшін отандық және шетелдік инвестиция тартуға бағытталған «Ақтау теңіз порты» АЭА-да болды. Депутаттарға экономикалық аймақтың жалпы аумағы 9 субаймақтан тұратыны және ауданы 2 140 гектарды құрайтыны туралы ақпарат берілді.

Парламентшілер жол битумын өндіру жөніндегі кәсіпорынның жұмысымен танысып, «Құрық порты» мен «Ақтау теңіз сауда портын» аралады.

«Біздің келуіміздің мақсаты – арнайы экономикалық аймақ қызметімен танысу, құрылыстың аяқталмауы және инфрақұрылымды жүргізу, өңдеу өнеркәсібіне жеке инвестицияларды тарту деңгейі бойынша мәселелерді талқылау, сондай-ақ арнайы экономикалық аумақтарында қолданыстағы және іске асырылып жатқан жобаларды қарастыру», деді комитет төрағасы Серікбай Трұмов.

Депутаттар комитет мүшелерінің өңірлерге сапарының қорытындысы бойынша «Арнайы экономикалық аймақтардың нақты жай-күйі және жұмыс істеуінің алдағы перспективалары» тақырыбында кеңейтілген дөңгелек үстел өткізілетінін айтты. Онда осы сапарда көтерілген барлық проблемалық мәселелер талқыланбақ.