
Атап айтқанда, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастры шеңберінде мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді цифрландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қаралды. Бұл мәселе бойынша Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің міндетін атқарушы Әсет Тұрысов баяндама жасады.
«Бос жер учаскелері бойынша ақпараттың болмауы жергілікті атқарушы органдарға азаматтарға жер учаскесін беруден формальды түрде бас тартуға мүмкіндік береді. Халыққа бос жер учаскелері, рәсімделген жылжымайтын мүлік объектілері, инфрақұрылымдар туралы ақпаратқа тең және ашық қол қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастрының ақпараттық жүйесі әзірленді», деді Ә.Тұрысов.
Жаңадан құрылған ақпараттық жүйе жер және құқықтық кадастрлар туралы ақпаратты жинап, жария кадастрлық карта арқылы баршаға қолжетімді болмақ. Онда жер учаскелері, бас жоспарлар, елді мекендердің орналастыруды жоспарлау жобалары, инженерлік коммуникациялар, жылжымайтын мүлік объектілері және мемлекеттік органдар мен ұйымдардың өзге де мәліметтері туралы ақпарат қамтылмақ.
«Жария картаның жұмыс істеуі, толтырылуы және пайдаланылуы уәкілетті органдардың келісімі бойынша Цифрлық даму министрлігі бекітетін жекелеген Қағидалармен регламенттеледі. Бірыңғай мемлекеттік кадастрының ақпараттық жүйесін енгізу жер қатынастары саласындағы рәсімдерді жетілдіруге және оңтайландыруға, сондай-ақ оларды цифрлық форматқа ауыстыруға мүмкіндік береді. Жер учаскесін берудің электрондық тәртібін енгізу үшін бірқатар заңнамалық түзету енгізу қажет болды», деді министрдің міндетін атқарушы.
Осылайша, әкімдікке бармай-ақ, жария кадастрлық картасын пайдалана отырып, «электрондық үкімет» порталы арқылы жергілікті атқарушы органға өтініш бере алады. Жер учаскесін алуға мүдделі тұлға электрондық өтініштен бөлек, жария картасында өзі әзірлеген жер учаскесінің сызбасын ұсынады.
Қол қойылған өтініш «электрондық үкімет» порталы арқылы жергілікті атқарушы органның ақпараттық жүйесіне жіберіледі. Жолданған өтініштің қабылданғаны туралы хабарлама өтініш берушінің «электрондық үкімет» порталындағы жеке кабинетіне жіберіледі. Онда жер учаскесін бөлу схемасын келісу күні көрсетіледі.
«Сәулет органдары өтініш келіп түскеннен кейін сұратылып отырған жер учаскесінің бас жоспарға және орналастыру жоспарларына сәйкестігін, нысаналы мақсаты бойынша беру мүмкіндігін айқындайды. Сонымен бірге қолданыстағы инженерлік коммуникацияларды көрсете отырып жер учаскесін бөлу схемасын дайындайды.
Әзірленген жер учаскесін бөлу схемасы барлық мүдделі мемлекеттік органдар мен ұйымдардың келісуіне жіберіледі. Табиғи монополия субъектілері инженерлік желілерге қосылудың техникалық шарттарын қосымша ұсынады. Яғни өтініш берушіге жер учаскесін беру шешімі қабылданған жағдайда оған техникалық шарттар бірге ұсынылады. Ал жер учаскесін беру мүмкіндігі жоқ немесе келісуші органдардың теріс қорытындысы болған жағдайда өтініш берушіге Әкімдіктің шешімін шығармай-ақ, сәулет органдарының қорытындысы түріндегі дәлелді бас тарту жолданады», деді Ә.Тұрысов.
Келісілген жер учаскесін бөлудің схемасы келісім жасау үшін өтініш берушінің жеке кабинетіне жолданады. Содан кейін әкімге қол қоюға жіберіледі. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде жылжымайтын мүлік объектісінің кадастрлық паспорты дайындалады. Осылайша, бір өтініш арқылы 4 мемлекеттік қызмет көрсетіледі.
«Әрбір кезеңде құжаттың қаралу барысы жария картада түрлі түстермен көрсетіледі және өтініш берушіге құжаттардың өту мерзімі мен рәсімін цифрлық қадағалауға мүмкіндік беретінін атап өту қажет. Бірыңғай мемлекеттік кадастрының ақпараттық жүйесінде объектіні тіркеу және есепке алу аталған жылжымайтын мүлік объектісінің бар екенін және оның сипаттамаларын растайды. Бұл тәртіп қалалар аумағында жаңадан берілетін жер учаскелеріне қолданылатын болады.
Жалпы айтқанда, азаматтардың мемлекеттік органдармен және өзге ұйымдармен өзара іс-қимыл тұжырымдамасы өзгереді. Барлық ақпараттық жүйені интеграциялау есебінен өтінішті қарау барысына цифрлық бақылау қамтамасыз етіледі және мемлекеттік органдардың жер учаскесін беруде негізсіз бас тартуларының жолын кеседі», деді Ә.Тұрысов.
«Қазақстан Республикасы мен Халықаралық қайта құру және Даму банкі арасындағы Қарыз туралы келісімді (Жекеше секторға және экономиканы неғұрлым орнықты қалпына келтіруге негізделген даму саясатын қаржыландыруға арналған қарыз) ратификациялау туралы» заң жобасы мақұлданды. Аталған құжат жөнінде Премьер-Министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев баяндама жасады.
«Биылғы 2 шілдедегі Президент Жарлығына сәйкес 345,7 млн еуро сомасындағы Қарыз туралы келісімге 24 тамызда қол қойылды. Қарыз толығымен бюджет тапшылығын қаржыландыруға бағытталады. Қаражат республикалық бюджетте көзделген әлеуметтік және басқа да басымды мақсаттарға арналған қаржыны қоса алғанда, жалпы бюджет шығыстарын қолдауға мүмкіндік береді.
Дүниежүзілік банктің қарызы Қазақстан Республикасына 2,5 жылдық жеңілдік кезеңімен, 11,5 жыл өтеу мерзіміне беріледі. Сыйақы ставкасы Еурибор және өзгермелі спредтен тұрады. Біржолғы комиссия қарыз сомасының 0,25 пайыз, ал резервтік комиссия игерілмеген қарыз қалдығының 0,25 пайызын құрайды. Қарызға қызмет көрсету және оны өтеу келісімде белгiленген қаржылық шарттарға сәйкес жүзеге асырылады», деді Е.Жамаубаев.
Бұдан бөлек, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік жастар саясаты мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы екінші оқылымда мақұлданды. Құжатта жастар ұғымының шегін 35 жасқа дейін, әйелдердің зейнеткерлікке шығуын 61 жас деңгейінде бекіту мәселелері қаралды.
«Заң жобасы мемлекеттік жастар саясаты саласын жетілдіруге, қоғамдық қатынастарды кешенді реттеудің тиімді құқықтық негізін қалыптастыруға, жұмыспен қамтуды қамтамасыз етуге, жастардың дамуына қолайлы жағдай жасауға бағытталған. Заң жобасын талқылау барысында депутаттар «жастар» ұғымының жас шегін 29-дан 35 жасқа дейін ұлғайтуға бағытталған түзету енгізді. Бұл жастардың әлеуметтік белсенділігін арттыруға ықпал етеді. Жергілікті атқарушы органдарға жастарға жеңілдікпен жалға берілетін тұрғын үй тапсыру жөніндегі бағдарламаны әзірлеу және іске асыру бойынша жаңа құзырет беруге бағытталған түзетулер енгізді», деді депутат Жәмила Нұрманбетова.
Бұдан басқа, Мемлекет басшысының 2022 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына арнаған Жолдауын іске асыру тұрғысында депутаттар заң жобасы аясында әлеуметтік блокқа қатысты тиісті түзетулер енгізді. Соған сәйкес, бала күтімі бойынша төлемдерді тағайындау кезеңінің ұзақтығын 1,5 жасқа дейін ұлғайтылады. Ең төменгі базалық зейнетақы мөлшерін ең төмен күнкөріс деңгейінің 70 пайызына дейін, ең жоғары базалық зейнетақы мөлшерін 120 пайызға дейін бекіту көзделген. Әйелдер үшін зейнеткерлікке шығу жасын 2028 жылға дейін 61 жас деңгейінде бекітіледі. Сондай-ақ жасына байланысты зейнетақы төлемдерін есептеу үшін табыс шегін 46 еселенген айлық есептік көрсеткіштен 55 еселенген деңгейге дейін ұлғайту ескерілген.
Жалпы отырыста депутат Айбек Паяевтің өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылды. «Парламент Мәжілісінің депутаты Айбек Паяев міндеттерін атқарудан өз еркімен босату туралы өтініш берді. Осыған орай Орталық сайлау комиссиясы сіздердің назарларыңызға Конституцияның 52-бабына, «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Конституциялық Заңның 24-бабы 3 және 8-тармақтарына сәйкес, Мәжіліс депутаты А.Паяевтің өтініш беруіне байланысты оның өкілеттілігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы мәселені шешу үшін ұсыным енгізіп отыр», деді Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Шавхат Өтемісов.
Палата депутаттары аталған ұсынымға дауыс беріп, депутаттың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы шешім қабылдады.
Сонымен қатар Мәжіліс ерекше тауарларды бақылау жөніндегі заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады. «Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде кредиттік тарихтың құрамына кіретін мәліметтер алмасу тәртібі туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын жұмысқа алды.