Аймақтар • 20 Қазан, 2022

Сенатор Абай облысындағы жылу мәселесін қозғады

107 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Сенатор Бақытжан Байахметов еліміздің Премьер-Министріне жолдаған депутаттық сауалында жылу және электр энергетика нысандарын қайта жаңғыртуды ұсынды, деп хабарлайды  Egemen.kz Сенаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Сенатор Абай облысындағы жылу мәселесін қозғады

«Статистика деректеріне сәйкес, Абай облысы бойынша жылу құбырының жалпы тозуы 65 пайызды құрайды. Бұл – елдегі ең жоғары көрсеткіш. Осы жағдай жылу беру кезеңінде жылу қуатының тапшылығы мен авариялық жағдайларға себеп болады және жұмыста технологиялық үзілістерге әкеліп соғады», деп атап өтті сенатор.

Депутат Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Абай облысына жұмыс сапары барысында инфрақұрылым мәселелеріне, оның ішінде заманауи жылу электр орталығын салуға ерекше назар аударғанын еске салды.

Сонымен қатар Үкіметке Семей қаласындағы ЖЭО-3 құрылысы бойынша жұмыс тобының құрамын нақтылауды, сондай-ақ жылумен қамту нысандарын қаржыландыру мәселелерін пысықтауды ұсынды.

 «Бюджет қаражатын пайдалануды оңтайландыру мақсатында жылу энергетика жүйесін реттеу саласындағы функцияларды бір мемлекеттік органға орталықтандыру мүмкіндігін қарастыруды және ЖЭО-3 құрылысы бойынша жұмыс тобының құрамын жаңартып, оның құрамына Парламент депутаттарын қосуды ұсынамыз», деді Байахметов.