Саясат • 19 Қазан, 2022

Қарақат Әбден Президенттікке кандидат болып тіркелді

453 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Орталық сайлау комиссиясы Қарақат Әбденді Қазақстан Президенттігіне кандидат ретінде тіркеді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қарақат Әбден Президенттікке кандидат болып тіркелді

ҚР ОСК мүшесі Шавкат Өтемісов хабарлағандай, тіркеу үшін Орталық сайлау комиссиясына кандидат пен оның жұбайының активтері мен міндеттемелері туралы декларацияны тапсырғаны туралы Мемлекеттік кіріс органынан анықтама, сондай-ақ Қарақат Әбденнің Президенттікке кандидат ретінде тіркелуіне кедергі келтіретін аурулардың жоқтығы туралы медициналық қорытынды ұсынылды.

«ОСК-ға кандидатты қолдау үшін жиналған қолдарды тексеру нәтижелері туралы облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың аумақтық сайлау комиссияларының хаттамалары ұсынылды. Еліміздің 15 өңірінде 121 314 қол жиналды, 120 158 қол тексерілді, оның ішінде 118 418 қол сенімді деп танылды», деді ОСК мүшесі Шавкат Өтемісов.

Айта кетсек, Қаракат Әбден кәсіби әлеуметтік қызметкерлердің ұлттық альянсынан ұсынылды.

ОСК төрағасы Нұрлан Әбдіров Қарақат Әбденге ҚР Президенттігіне кандидат куәлігін табыс етті.

Еске сала кетсек, Қазақстанда кезектен тыс Президент сайлауы 20 қарашаға белгіленді.