Қоғам • 14 Қазан, 2022

Ұят ұғымы

408 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

«Ұят» деген ұғымға қатысты ұлттық ұстаным халықаралық стандарттарға сай келе ме деген мәселе төңірегінде бас қатырып жүргенімізге біраз уақыт болған екен. Әлемді уысында ұстаған коронавирус індетіне дейін елімізде «Қыз тағдыры» дейтін жақсы жоба болды. Сол бастаманы қолға алуға түрткі болған, қайта-қайта қоғамды дүрліктіріп, туған баласын әжетханаға, қоқыс жәшігіне тастаған, күре жолда қалдырған оқиғалардың белең алуы, балиғат жасына толмай жатып жүкті болған әрбір мың жасөспірімнің орта есеппен 36 баланың нәрестелі болуы еді. Соларды адам жанын түршіктіретін қылмысқа баруына итермелейтін елдің «ұят болады» дейтін сөзі.

Сонымен «Қыз тағдыры» жобасы жайлы бейнебаяндардың «Ұятбек» пен «Ұятгүл» атты екі кейіпкері болатын. Екеуі көңіл жарастырып жүргенде, қыз жүкті болып қалады. Үйленгісі келмейтін жігіттің айтар уәжі – «сен қысқа көйлек киесің – ұят», «боянасың – ұят» дейді. Бойжеткен қыз үйіне жүгіріп барып, ұзын етек көйлек киіп, бояуын жуып келіп «Енді ұятты қызбын ба?» деп сұрайтын жері бар. Бірақ қыздың киімі, шашы өзгергенімен, болмысы біреу. Қысқасы, әлгі қызды алғысы келмеген жігіттің сылтауы көп. Бірақ бұл ұят болады дейтін ұғымның бір қыры ғана.

«Құдағидан ұят болады» деп, қол астындағы мұғалімнің сабақтарын декретте отырған келініне тартып әперіп, көпе-көрінеу әділетсіздік жасап келе жатқан мектеп меңгерушісімен екі жыл алыса келе, ұлттың «ұят болады» культін зерттеп жүрген заң ғылымдарының кандидаты Қазыбек Дауталиевке сүйенуді және оның тек гендерлік ерекшелігіне ғана тоқталуды жөн көріп отырмыз.

«Шығыс халықтарына тән «ұят болады» культі – әйел затының, ал Батыс мәдениетіне тән «кінә» культі – еркек кіндіктінің ментальдық ерекшелігінен туындайды деп тұжырым шығарып отырмыз. Әрине, мұндай пайым, «ұят болады» культінің өкілі болғандықтан, патриархалдық намысымды оятып, өзіме де оңай тиіп тұрғаны шамалы. Қалай ғана «еркектікті» еуропалықтарға қия салдың деп кейіп қояды шығыстық шамшыл (сексистік деп қабылдасаңыз да болады) сезімім. Алайда ойдың ақиқаты қымбат», дейді Қазыбек Дауталиев.

Ғалымның неге мұндай пайымға келгенін індете сұрасақ, ұзын-сонар әңгіме бола­йын деп тұрғандықтан, осы бағанға негізгі ерекшеліктеріне ғана сыйдырып көрелік.

«Ұят болады» культі үстемдік құрған шығыстық қоғамда сыртқы пікір өте маңызды. Тіпті тағдыршешті мәселе десе де болады. Қодар мен Қамқаны өлімге байлаған «Түйенің қомы» аталатын Құнанбайдың билігі – осыған айқын мысал. Бақталасы бетіне басып, жұрт алдында жерге салып, табаламаса, Құнанбай аталасын өлімге қияр ма еді? Жоқ! Кінәратты істің барын білсе де, болар іс болып, бояуы сіңген соң, құпиясын жұтып, іштен тынушы еді.

«Анығында «ұят болады» культі идеалды адам образына іздеу салады. Әйтпесе самурай өзін өзі пышақтап, Бекболат бидің інісі «ұраға салғанға» бола жарылып өлуші ме еді!? Сондықтан «ұят боладының» тақырыбы ар, намыс, абырой сияқты биік ұғымдармен ашылып, моральдық императивтер жүйесін қалыптастырды. Әсіресе абырой, соның ішінде әйел баласының абыройы – «ұят болады» культінің түп бастауында тұрған іргелі мәселе. Бұл отбасылық-туыстық қатынастары сақталған кез келген патриархалдық қоғамның өміріне арқау болатын сұрақ болғандықтан, дәстүрлі қоғамда әлі күнге дейін «ұят болады» культінің ықпалы сақталып отыр. Ал «Кінә культі» адамның жеке жауапкершілігіне жүк. Қолыңмен істегенді мойныңмен көтер дейтін еркекке тән мінезі бар мәдениет. Жеке жауаптылықтың көріністері Шығыс қоғамында там-тұмдап орын алғанымен, енші алып жеке институт ретінде дами алған жоқ. Шығыс деспотизмінің құрамдас бөлігі ретінде өмір сүрді. Зынданға салып, дарға асу секілді жеке тұрған адамды жазалау шаралары болса да, олардың мәні репрессиялық сипаттан аса алмады, – дейді Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ аға оқытушысы.

Жалаң ойға емес, ғалым тұжырымына сүйенсек, «ұят болады» культі – сыртқы пікірге, ал «кінә культі» ішкі пікірге жүгінеді. Әрине, таза күйінде екеуі де қоғамдық өмірде кездеспейді. Мұны қоғамдық қатынастар­дың табиғатына тереңірек үңіліп, толымды тұжырым шығару үшін қолданылатын ойсызба десек те болады. «Ұят» және «кінә» культіне тән артықшылықтар мен кемшіліктер де жоқ емес. Ғылымның мақсаты – осы араны аңдап, ұдайы жол көрсетіп отыру. Бұл қозғап отырған тақырыбымыздың бір қыры ғана болғандықтан, алдағы уақытта «ұят болады» культінің құқықтық өмірдегі көріністерін де қоғам талқысына салу керек.

 

АЛМАТЫ