Президент • 13 Қазан, 2022

АӨСШК жобаларын іске асыру үшін арнайы қор құрылды

415 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бұл туралы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Астанада өтіп жатқан АӨСШК VI саммитінде айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

АӨСШК жобаларын іске асыру үшін арнайы қор құрылды

«Қазақстан кеңес төрағасы ретінде АӨСШК процесін одан әрі ілгерілету бойынша күш-жігерді арттыруға ниетті. Мүше мемлекеттер көрсеткен қолдаудың арқасында бұл айтарлықтай нәтиже көрсетті. Өткен жылы АӨСШК сенім шараларының каталогы қайта қаралды, оған эпидемиологиялық қауіпсіздік, денсаулық сақтау және фармацевтика, ақпараттық және коммуникациялық технологиялар қауіпсіздігі сияқты ынтымақтастықтың жаңа басым бағыттары енгізілді», деді Президент.

Жиын барысында Қасым-Жомарт Тоқаев АӨСШК данышпандар кеңесі құрылғанын хабарлады.

«Біз кеңесші орган – АӨСШК данышпандар кеңесін құрдық. Оның құрамына бай тәжірибесі мен білімі біздің бірлескен күш-жігерімізді жүзеге асыруға ықпал ететін көрнекті саяси және қоғам қайраткерлері кіреді», деп атап өтті Мемлекет басшысы.

Бұдан соң, Қазақстан Президенті АӨСШК қоры құрылатынын хабарлады.

«АӨСШК талдау орталықтарының форумы тәжірибе мен идеялармен алмасу, бірлескен зерттеу жобаларын іске асыру үшін Азияның түкпір-түкпірінен келген сарапшылар мен мамандар үшін әмбебап платформа ретінде қызмет ететін болады. Биыл Астанада АӨСШК Іскерлік кеңесі мен бизнес-форумы, сондай-ақ АӨСШК Жастар кеңесінің бесінші отырысы өтті. Бүгін АӨСШК қоры құрылады. Оның мақсаты - ерікті қаражат жинау үшін арнайы тетік құру. Сондай-ақ бақылаушылар мен серіктестердің саны артып келеді. АӨСШК бақылаушысы ретінде Түрікменстан қосылды. Еуразиялық экономикалық одақпен және Оңтүстік-Шығыс Азия мемлекеттері қауымдастығымен ынтымақтастық орнату туралы шешімдер қабылданды», деп түйіндеді Қасым-Жомарт Кемелұлы.