
Жеребе таңдап берген жоғарыдағы бес қарсыластың үшеуімен Қазақстан футболшылары бұған дейін түрлі деңгейдегі турнирлерде бірнеше рет кездескенін жанкүйерлер жақсы біледі. Бұл жолғы іріктеуде Солтүстік Ирландия және Словения құрамалары біз үшін жаңа қарсылас болмақ. Дегенмен Қазақстанның 19 жасқа дейінгі құрамасы былтыр Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңінде Солтүстік Ирландия футболшыларымен бір топта өнер көрсеткен. Өкінішке қарай, екі ойында да жерлестеріміз 1:2 және 1:3 есебімен жеңіліп қалған еді. Бәлкім, ересектер құрамамыз інілерінің есесін қайтарып қалар.
Мамандар тарапынан «Н» тобының көшбасшысы деп бағаланып жатқан Даниямен Қазақстан құрамасы осымен үшінші мәрте бір топта ойнағалы тұр. Алғаш рет 2006 жылғы әлем чемпионатының іріктеуінде екі құраманың жолдары түйісіп, екі матчта да Дания футболшылары жеңіске жеткен болатын. Копенгагенде алаң иелері 3:0 есебімен басым түссе, Алматыдағы матчта жерлестеріміз 1:2 есебімен жол берді. Араға 11 жыл салып екі құрама 2018 жылы Ресейде өткен әлем чемпионатының іріктеуінде тағы кездесті. Бұл жолғы ойындарда да Дания құрамасының мерейі үстем болды – 4:1, 3:1.
1992 жылы Еуропа чемпионы атанған Дания қазіргі таңда ФИФА рейтингінде 10-орында тұр. Құраманы жергілікті маман Каспер Юльманн 2020 жылдан бері жаттықтырып келеді.
Финляндия футболшыларымен де «ара қатынасымыз» жақсы емес. Себебі бұған дейін Суоми елінің өкілдерімен біздің құрама әлем және Еуропа чемпионаттарының топтық кезеңдерінде төрт мәрте кездесіп, барлығында жеңіліп қалған. Тек 2006 жылы ұйымдастырылған бір ғана жолдастық кездесуде құрамалар тең тарқасқан. Финляндия қазіргі кезде әлемдік рейтингте 56-орында тұр. Жуырда ғана мәресіне жеткен Ұлттар лигасында олар «В» дивизионында Боснияны алға жіберіп, өз тобында екінші орынға табан тіреген болатын.
«Н» тобының аутсайдері ретінде айтылып жатқан Сан-Марино құрамасымен де бұған дейін топтық кезеңде ойнағанбыз. 2020 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеуінде біздің жігіттер екі матчта да ірі есеппен жеңіске жеткен. Астанада өткен алғашқы ойында жерлестеріміз қарсылас құраманың қақпасына жауапсыз төрт гол соққан болса, Сан-Маринодағы қарымта кездесуде 3:1 есебімен тізе бүктірген еді.
Франкфурттегі жеребе тарту рәсіміне арнайы барған Қазақстан ұлттық құрамасының бас жаттықтырушысы Магомед Адиев ҚФФ баспасөз қызметіне сұхбат беріп, Еуро-2024 іріктеу кезеңінің жеребесіне қатысты өз пікірін ортаға салды.
– Қарсыластарды қиын деп айтуға болады. Бүгінгі таңда оңай қарсылас жоқ. Өте мықты топқа түстік деп ойлаймын. Өйткені нақты көшбасшы құрама жоқ. Дегенмен Дания футболы қазір дамудың даңғыл жолына шықты. Олардың жас ойыншыларының деңгейі өте жоғары. Дат футболшылары топтың фавориті болады деп ойлаймын. Қарсыластар туралы мәліметтерді біртіндеп жинай бастаймыз. Бізді алда қиын әрі қызықты ойындар күтіп тұр. Бәсекеге төтеп беруге тырысамыз, – дейді М.Адиев.
Германия осымен екінші рет Еуропа чемпионатын өз елінде қабылдамақ. Матчтар 2024 жылдың 14 маусымы мен 14 шілдесі аралығында Берлин, Кельн, Дортмунд, Дюссельдорф, Франкфурт, Гельзенкирхен, Гамбург, Лейпциг, Мюнхен және Штутгарт қалаларындағы стадиондарда өтеді.
Айта кетейік, 2024 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңі 2023 жылдың наурыз айында басталады. Жаңа іріктеу турнирін Қазақстан құрамасы 2023 жылдың наурыз айында өз алаңында Словениямен және Даниямен қарсы матчтармен бастайды.
Еуро-2024 іріктеу кезеңінің ойын күнтізбесі (Астана уақытымен)
23.03.2023 | 20:00
Қазақстан – Словения
26.03.2023 | 19:00
Қазақстан – Дания
16/17.06.2023 | 00:45
Сан-Марино – Қазақстан
19/20.06.2023 | 00:45
Сол.Ирландия – Қазақстан
07.09.2023 | 20:00
Қазақстан – Финляндия
10.09.2023 | 19:00
Қазақстан – Сол.Ирландия
14/15.10.2023 | 00:45
Дания – Қазақстан
17/18.10.2023 | 00:45
Финляндия – Қазақстан
17.11.2023 | 20:00
Қазақстан – Сан-Марино
20/21.11.2023 | 00:45
Словения – Қазақстан