
Оның қолында үнемі ақ парақты блокнот пен қарындаш жүретін. Бірде оған сынып жетекшісі Роза Мұхаммедқызы «суретті көшіріп сала берме, өз бетіңше еркін суреттер сал» деген ақыл-кеңес айтады. Содан соң еркін ойлауға, табиғатты аралап, оның сыры мен сиқырын ақ қағаз бетіне, майлы бояумен салуға талпыныс жасайды. Осындай ізденіс пен құштарлық оның есімін елге танытты. Кешегі бала суретші бүгін елінің сурет өнері саласына еңбек сіңірген қайраткерге айналды.
«Алдыма қойған басты арман , мақсатым – Әбілхан Қастеев сияқты суретші болу еді. Ол кісінің салған пейзаждық суреті менің нағашы апайымның үйінде ілулі тұратын». Әне, сол ілулі тұрған Қастеевтің салған суреті оның бала арманын ұштап, қияңдарға, тіпті өнер көкжиегіне самғатты. Әбілхандай ардақты суретшіні өзіне ұстаз санаған Хамит Файзуллиннің қылқаламы да нашар туындылар салған емес.
Мамыр айының орта шенінде оның отбасы Жоңғар алатауының етегіндегі Бұрхан, Манжу, Жирен айғыр, Текше сияқты жайлауларының біріне қоныстанатын. Осы кезде ауыл әйелдерінің жұмыстан тыс кездегі үй тіршілігіне байланысты қосымша тағы бір әбігерлігі басталатын. Ол киіз басу жұмысы еді. Апалары киіз басқанда айналсоқтап қасынан шықпайтын бала суретші қазақ өміріндегі кей құбылыстарға, тұрмыстық заттардағы бояуларға қызығып, оны үлкендерден сұрап, жөнін білуден жалықпайтын. Киіз басуға арналған түрлі-түсті жүн үйінділері қызыл, жасыл, күлгін, көк түстермен қатар жасыл, сары, алқызыл түстерге боялатын. Сол көз тартар бояуларды көргенде оның көзі жайнап, қуанғаннан қол шапалақтап, тіпті есі шыға айқайлайтын. Сосын өз жұмысымен әбігер болып жүрген апасынан: «Апа, мына жүндерді қайдан алдың, мына бояулар қойдың үстінде неге жоқ?» деген сұрақ қоятын. Апасы бояудың қаладан келетінін, ақ жүндерді онымен бояйтынын айтып, түсіндіретін.
Есейе келе ол суретші болып қалыптасқан кезде осы түстердің қанықтығы мен тазалығы оның палитрасынан ойып орын алды. Бояулар тазалығы өнердегі өмірлік ұстанымы болды.
Суретші Хамит Файзуллин бояу түстерімен қатар оның мән-мағынасын терең түсінуге тырысты. Қандай түсті қай кезде пайдалану керектігін анық білетін қылқалам шеберіне айналды. Әрбір түс белгілі бір мағынаға ие екенін де ол өзінің салған туындыларымен дәлелдеп бере алды. Сосын ол бояулар сыры деген ұғымның аясында «Қызылқия. Ұрпақ жалғасы», «Шапқыншылық», «Өмір тынысы», «Жарық пен қараңғы», «Итшілеген өмір», «Дүние жалған» деп аталатын бірнеше картина жазды.
Оның ұстазы – табиғат. Сол үшін де ол көптеген картинасын табиғаттан алды, жұртқа ұсынды. Соңғы кезде ол түбегейлі пейзаж жанрында қылқаламын сілтеп жүр. Нәтижесі жаман емес. 2021 жылы Украина мемлекетінде өткен Әлемнің үздік пейзажист суретшілерінің халықаралық көрмесінде лауреат атанып, Диплом мен алтын Сертификат және естелік медальға ие болды. Зерттеп көрсек, суретшілер үшін мұндай сыйлық 5 жылда бір рет қана беріледі екен.
Сөз арасында оған «Суреттеріңізді сатасыз ба? Кімдер алады?» деген сұрақ қойдық. Ол: «Суреттері сатылмаған суретші бейшара дейді екен. Постимпрессионист суретші Ван Гогтың тірісінде бір ғана суреті сатылған екен. Ал қазір ол суретшінің жұмыстары жүздеген миллион доллар тұрады. Бұл қатарға тағы он шақты суретшіні қосуға болады. Аш-жалаңаш жүрсе де, өнерін тастамағандар. Мен де салған суреттерімді сатамын. Біреулері неге арзан сатасың десе, екінші біреуі тым қымбат дейді. Кейбіреулері ой нең кетті, бір жұмысыңды бере салмайсың ба, былай-былай сүйкей саласың ғой дейді шіркіндер. Оның артында қанша еңбек, қанша жол жүру, материалдық шығындар тұрғанында біздің бауырлардың шаруасы жоқ. Туған күндерде, үйлену тойларында сыйлап та жүрмін. Картиналарымды көбінесе өркениеті, мәдениеті дамыған мемлекеттердің азаматтары, коллекционерлері алады», деді. Шынында, бұл еңбекті сату емес, еңбекті бағалау болмақ. Еуропада кез келген үйде жоқ дегенде 6-7 картина ілулі тұрады. Олар сол картиналардан рухани ләззат алады. Эстетикалық, талғампаздық мәдениетін көтереді.
Хамит Файзуллиннің керемет бір туындысы Желтоқсан оқиғасына арналған. Бұл суретте жан, ұлттың ділі, дала мінезі, тіпті мейірім менмұндалап тұр. Қайта-қайта қарай беруден көз жалығар емес. 2006 жылы Желтоқсан оқиғасына 20 жыл толу қарсаңында, қаза болған боздақтарға бір картина арнау оның ойында болды. Сол себепті ол Желтоқсан алаңын айналып, рух алаңын оймен кезді. Осы картинасын қалай салғаны туралы ол: «1986 жылы біз ауылда едік. Көзіме бірден «ақ үй» түсті. Сол кездегі «Компартияның орталық комитеті» орналасқан ғимарат. Яғни жебе осы үйден атылды. Барлық бұйрық осы үйден шығып жатты емес пе? Бейкүнә жастардың қызыл қаны төгілген ақ қар үстіне жастық пен махаббаттың символы болған раушан гүлдері келді көз алдыма. Ақбоз атынан түсіп, ұрпақтарының батырлығына тағзым етіп, кең даланың гүлдерін алаңға қойып жатқан Сақ жауынгерінің бейнесі көз алдыма көлденеңдеді», деп өткен шақты еске алды.
Алаңда тұрған Тәуелсіздік монументі оған әсер берген болуы керек. Міне, аталған картинаның туу себебі осылай еді. Сіз суретті бажайлап қарасаңыз, бәрі айқын көрініп тұр. Ұлт тағдыры, рух айнасы, тіпті өткен күннің елесі де сонда жасырынған сияқты.
Ол – аңшылық тақырыбында картиналар жазуды ұнататын суретшінің бірі. «Аңшы таңы», «Қансонардан қайтқанда», «Қабыландармен аң аулау» сияқты картиналар оның қоржынын толтырды. Қазақ саятшылары бұрын аңға шыққанда тазы иттердің орнына қабыландарды ертіп аң аулағанын қылқамның құдіретімен жас ұрпаққа түсіндірді. Майталман қылқалам иегері Хамит Файзуллин туралы жазылып та жатыр, әлі талай жазылар. Бірақ біз оның өз туындыларында қазақы өмір мен алуан түрлі бояуды сәтімен сәйкестіріп, терең үндестіргенін айтқымыз келді. Тағы да айтарымыз, оның ұстазы – табиғат.