Оқиға • 22 Тамыз, 2022

Алматыда жаңа туған нәрестені сатпақ болғандар ұсталды

332 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматылық жұп жаңа туған сәбиін сатпақ болған, деп хабарлайды Egemen.kz Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

Алматыда жаңа туған нәрестені сатпақ болғандар ұсталды

Алматыда туғанына алты күн болған қызды 24 жастағы келіншек пен онымен бірге тұратын 21 жастағы ер адам 2 млн теңгеге сатпақ болды. Аталған қылмысты жасады деген күдікпен жеті адам қамауға алынды. Бұл туралы Алматы қалалық полиция департаменті бастығының орынбасары Дидар Аханов мәлімдеді.

«Жұп әлі тумаған баланы сатып алушыларды екі ай бұрын іздей бастаған. Баланы Алматы қаласының тұрғындары алғысы келген. Олар 48 жастағы У. есімді азамат пен 46 жастағы Е. есімді әйел. Тараптар 2 миллион теңгеге келіскен. Мәміле өткен демалыста жасалды. Алайда, Криминалдық полиция мен Ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармалары қызметкерлерінің қаланың әр жерінде бір уақытта жүргізген арнайы іс-шарасы күдіктілердің жоспарын бұзды. Алғашқы болып қыздың биологиялық ата-анасы ұсталды. Одан кейін нәрестені сатып алмақ болған адамдар және делдал ерлі-зайыптылар ұсталды. Келесі қадам ақшалай сыйақы үшін баланың құжаттарын рәсімдеу міндетін өз мойнына алған 56 жастағы А. есімді азаматшаны ұстау болды», деді ол.

Сондай-ақ полицияда нәресте мен мәміленің қалған сомасын бір-біріне беру кезінде сатып алушылар мен делдалдардың бір уақытта ұсталғанын хабарлады.

«Өте маңызды жайт - кездесу кезінде делдалдардың қолында тағы екі сәби болған. Болжам бойынша 3 және және 7 айлық балалар. Ер адам бұлар өздерінің балалары екенін айта бастады. Алайда, олар балалардың жеке басын куәландыратын құжатты көрсете алмады. Осылайша, осы арнайы іс-шараның нәтижесінде күдіктілерден үш сәби алынды. Олар медициналық мекемеге тексерілу және қажет болған жағдайда көмек көрсету үшін жеткізілді. Күдіктілер бұл балаларды «тірі» тауар ретінде пайдалануы мүмкін екенін жоққа шығармаймыз. Тергеу міндетті түрде шындықты анықтайтын болады», деді Дидар Аханов.

Алматы қалалық полиция департаментінің тергеу басқармасының мәліметінше, аталған дерек бойынша ҚР ҚК-нің 135-бабы 2-бөлігінде көзделген қылмысқа сәйкес, сотқа дейінгі тергеу басталды.

Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды.