Қоғам • 11 Тамыз, 2022

Венециядан несі кем?

970 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Шіркін, қазақ елі тарихқа бай ғой. Әлемнің қай кереметін алып қарасаңыз да, оның баламасын Ұлы даладан таба аласыз. Осындай сәттерде қиялға бері­ліп отырып, әлем халқы Тұран ойпатынан тараған деп жазатын әсіре жазу­шы­лардың айтқаны, Нұхтың кемесі Қазы­ғұрт­тың басында қалған деген аңыз рас па деп ойлайсың.

Мәселен, шартарапты аралаған жиһан­кез­дер бүгінде Америкадағы Үлкен каньон шатқалына қарай ағылады. 500 шақырымға созылып жатқан Grand Canyon туристердің сүйікті мекені. Жыл сайын шамамен бес миллионға жуық мейман табиғаттың осы бір сұлулығын тамашалау үшін мұхиттың арғы бетіне жол тартады екен. Әр турист мол қаражат шығаратынын ескерсек, АҚШ қазынасына жыл сайын миллиондаған доллар қаражат түседі. Нақты кірісті есептеу қиын шығар, дегенмен түрлі дереккөздер жылына шамамен 20 миллион доллар таза пайда түсетінін айтады.

Құдайға шүкір, тоғызыншы территория да табиғаттың мұндай сұлулығынан кенде емес. Бүгінде Шарын шатқалын білмейтін тұрғын елде кемде-кем шығар. 200 шақырымға созылып жатқан шатқал біртіндеп жиһанкездер жиі ат басын бұ­ратын мекенге айналып келеді. Рас, Үлкен каньон секілді миллиондап қаражат түсір­ме­се де болашағы зор мекен.

Туристердің басты нысанасына айналған тағы бір жер – Швейцария. Еуропаның төрінде орналасқан, бейтарап саясат ұста­на­тын бұл елге жыл сайын шамамен 20 миллионнан астам турист ат басын бұрады екен. Бұл пандемияға дейінгі деректер. 2020 жылы жиһанкездер саны 9 миллионға дейін төмендепті. Десек те, жыл сайын Швейцария туризм саласынан 10 миллиард доллар пайда табады. Осылайша, ішкі жалпы өнімнің 1,2 пайызын тұмса табиғат тамашалаймын дегендер әкелетін көрінеді.

Дәл осы Швейцарияның қазақстандық нұсқасы бар екенін жұрт жақсы білуге тиіс. Халық арасында Бурабайды «Қазақстанның Швейцариясы» немесе «Екінші Швейцария» деп атап кеткен. Көркіне көз тоймайтын Бурабайдағы тұмса табиғат – мың бұралған қарағайлы орманы, биік-биік құздары, қат­парлы жартастары, сансыз көлі түрлі бей­нені көз алдына елестетіп, сан ғасырлық тарихтан сыр шертетіндей. Былайша айт­қан­да, Швейцариядан артық болмаса, бір мысқал кем емес.

Кейінгі кезде туристер арасында Сахара да танымалдылыққа ие. Көкжиекке дейін тірі жан көрінбейтін, бұйралана біткен құмдар көшкінін өз көзімен тамашалау үшін шартараптың түкпір-түкпірінен жиһанкездер ағылады. Сахара маңындағы мемлекеттер табысының едәуір бөлігі осы туризм саласынан түсетіні де белгілі. Талайды қызықтырған құмдар көшкіні біздің елде де жетіп артылады. Қызылқұм мен Мойынқұм ел мақтаған Сахарадан кем емес. Ұшы-қиыры жоқ құм жоталар тоғызыншы территорияда бұйығы жатыр.

Әлемнің тағы бір кереметі – Венеция қаласы. Пәленбай ғасыр бұрын су үстіне салынған шаһар туристердің сүйікті мекеніне айналғалы қаша-а-ан?! Қазіргі таңда Вене­цияны тамашалауға, «Махаббат көпіріне» баруға, гондолалармен жүзуге миллиондаған турист құштарлық танытады. Жыл сайын шаһарға ағылғандар саны 25 миллионнан асып жығылады екен. Ал 2025 жылға қарай туристердің саны 38 миллионға жетеді деген болжам бар. Венецияның осы саладан түскен табысы былтыр 2 миллиард еуроға жеткен.

Аталған шаһар құрылысының басталуына Ұлы даланың үлес қосқанын да айта кету ләзім. Тарихқа жүгінсек, Еуропаны дүр сілкіндіріп, Рим империясын талапайға салған ғұндардан қашқан Венеция патшалығының халқы Адриат теңізінің солтүстік бөлігінде, дәл судың үстіне қала салған екен. Осылайша олар ғұндардың шабуылынан аман қалған деседі.

Кейінгі кезде Венецияға еліктеп, кішігірім нұсқасын салып жатқандар жетерлік. Мысалы, Әзербайжан астанасы Бакуде «Мини Венеция» деп аталатын туристік орын бар. Үлкен болмаса да, меймандар жиі ат басын бұратын жер. Тағы сондай кішігірім үлгісі түгел түркінің темірқазығы Түр­кістан қаласында салынғаны белгілі. Бүгін­де ол жер де туристердің сүйікті орнына айналған. Бакудегі «Венеция» Каспий теңізі­нің жағасында орналасқан. Сондықтан судан таршылық көрмейді. Ал Түркістандағы арналарды толтыруға диқандарға қажетті суды бұра салып, аса қиналмай, алғырлық таныттық.

Осы орайда, кейінгі кезде елімізде «табиғи емес Венециялар» пайда болғанын айта кеткен жөн. Жауын жауса, кейбір шаһарларымыз суда қалқыған шаһарға айналып шыға келеді. Рахат! Миллиондап ақша шығарып, Италияға шабылып әуре болмайсыз. Венециядан көретін бейнені қала көшелерінен де байқай аласыз.