ANTIKOR • 19 Шілде, 2022

Павлодарда мәдениет басқармасының басшысы сотталды

299 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бүгін Павлодар облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының басшысы Самал Бегалиноваға қатысты үкім шықты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Павлодарда мәдениет басқармасының басшысы сотталды

«9 маусымда бөлім басшысы Б.А.-дан Ә.Бөкейхановтың мүсінін дайындауға мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасқаны үшін миллион теңге көлемінде пара алған», деді Павлодар облыстық соты.

Сотталушының кінәсі куәгерлердің айғақтарымен, құжаттық дәлелдемелермен, сараптама қорытындыларымен дәлелденді.

Прокурор Самал Бегалинованы үш жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Самал Бегалинова өз кінәсін толық мойындап, бас бостандығынан айырмауды өтінді.

«Қылмыстық кодекстің 366-бабының 2-бөлігінің санкциясында айыппұл немесе бас бостандығынан айыру түріндегі негізгі жаза қарастырылған. Ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыс жасағанын ескере отырып, сот оны алған пара сомасы – бір миллион теңге тәркілеумен үш жылға бас бостандығынан айырды. Сотталушының жалғыз өзі тәрбиелеп отырған екі кішкентай баласы (12 және 4 жаста) бар екендігін ескере отырып, оның бас бостандығынан айыру жазасы 5 жылға кейінге қалдырылды», делінген хабарламада.

Сондай-ақ оған өмір бойына мемлекеттік қызметте жұмыс істеуге тыйым салынған. Сотталғанның тәртібін бақылау тұрғылықты жері бойынша пробация қызметіне жүктеледі.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.