
Су жағасындағы қарапайым қауіпсіздік шараларының өзін ескере бермейтін кейбір тұрғындардың алаңғасарлығы көбіне қайғылы жағдайларға ұласып жататыны өкінішті. Мәселен, Қостанай облысында шомылу маусымы басталғалы суға кеткен 13 адам тіркелді. Оның үшеуі – бесіктен белі шығып үлгермеген уыздай үлбіреген жап-жас балалар.
Тобыл өзенінің Қостанайға сүйкеніп ағатын тұсында шомылуға рұқсат етілген арнайы екі орын бар. Оның біреуі – коммуналдық, екіншісі – коммерциялық жағажай. Бірақ бәзбір кірпияз тұрғындардың көкейінде қай күні келсең де ығы-жығы адам арылмайтын бұл демалыс орындарындағы су лас деген түсінік қалыптасқан. Сондықтан олар қалың қамыс арасындағы тұныққа барып суға түсуге әуес. Облыстық төтенше жағдай департаментінің мәліметінше, өңірдегі мұндай жабайы жағажайлар – 200-дің сыртында. Оның жиырмадан астамы – Қостанайдың маңайында.
Сырт көзге моп-момақан көрініп, беті бүлк етпей шымырлап қана баяу ағып жатқан сияқты болып көрінгенімен, Тобылдың астыңғы ағысы өте қауіпті. Талай жауқазын ғұмырды жұлып әкетіп жатқан тосын мінезі де осы тереңге жасырынған арыны күшті ішкі ағысында жатыр. Жабайы жағажайда орын алған қайғылы оқиғаның бірі таяуда ғана, 9 шілдеде Рудный қаласының маңында болды. Тобылдың тоңмойын жылымы 1988 жылы туған ер азаматтың ғұмырын жалмап кетті.
Жабайы жағажайларда жиі орын алып жатқан қайғылы оқиғалардың ең басты себептерінің бірі – алкогольді ішімдік ішіп суға түсу. Сондай-ақ жүзе алмайтын адамдардың қауіпті жерде суға түсуі, балаларды қараусыз қалдыру, өз күшін асыра бағалап, жағадан алыс кетіп қалу сияқты келеңсіздіктер де кездеседі. Құтқарушылар су жағалаған жұрттың қайғылы оқиғаға жол беріп, абайсызда орны толмас өкінішке ұрынып қалмауы үшін қарапайым қауіпсіздік шараларының сақталуы керек екенін ескертеді.
– Азаматтардан өтініп сұрайтынымыз, суға жүзу кезінде қоршау белгілерінен тыс кетіп қалып жүрмеңіздер. Тойып тамақ ішкеннен кейін және алкогольді ішімдік ішіп алып, масаң күйде бірден суға түсуге болмайды. Сырын білмейтін суға түспеңіздер. Көпірден, бөгеттен, қайықтан суға секірудің қауіпті екенін ескерген жөн. Тек арнайы рұқсат етілген жерлерде шомылу керек. Шомылу кезінде бейнекамера, шар мен тақтай пайдаланудың қажеті жоқ. Өтіп бара жатқан катерлерге, қайықтар мен гидроциклдерге жақындауға болмайды, бұл өте қауіпті, – дейді облыстық төтенше жағдай департаментінің өкілі Уәлихан Досанов.
Ал дәрігерлер тұрғындарға апшыны қуырған аптап ыстықта ашық күннің астында мүмкіндігінше көп жүрмеуге кеңес береді.
– Ауа температурасының әбден жоғары көтерілген мезгілде, атап айтқанда, күндізгі сағаттан кешкі беске дейін ыстық күннің астына шықпауға тырысу керек. Бас киім киіп, көбірек су ішкен дұрыс. Басынан күн өткенін сезген адамның дереу дәрігерлердің көмегіне жүгінгені абзал, – дейді қалалық аурухананың травматологі Артем Тисленко.
Дәрігердің айтуынша, бүгінге дейін ауруханаға басынан күн өтіп, ыстық ұрған ешкім түспеген.
Қостанай облысы