Қоғам • 08 Шілде, 2022

Кеден салығын төлеуден жалтарғандар анықталды

141 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Кәсіпкерлер заңмен белгіленген кедендік төлемдер мен салықтардан жалтаруға тырысқаны анықталды, деп хабарлайды Egemen.kz Мемлекеттік кірістер комитетіне сілтеме жасап.

Кеден салығын төлеуден жалтарғандар анықталды

Комитет тауарларды жөнелтуші елдің экспорттық декларацияларынан ақпаратпен өзара алмасу туралы халықаралық шарттарды жасасу бойынша жоспарлы жұмыс жүргізуде.

Нақты уақыт режимінде тауарлардың құнын және олардың жөнелтуші елде экспорты кезінде көрсетілген санын Қазақстанның Кедендік декларацияларында қазақстандық импорттаушылар мәлімдеген мәліметтермен салыстыру тетігі іске асырылды.

Бұл ретте, декларанттардың тауарлар туралы жалған ақпарат жариялау фактілері анықталуда.

«Мәселен, осы жылдың мамыр айында ҚХР-дан люстралар импортталды. Декларант партияның құнын 11 мың долларға көрсетті. Алайда Қытайдың кеден қызметінен ақпарат сұратылып, олардың мәліметтері бойынша экспорт кезінде бұл жүктің құны 240 мың долларды құрағаны анықталған.

Осылайша, импортталған тауарлардың құны 22 есе төмендетілді, ал орындалмаған салық міндеттемелерінің сомасы 25 миллион теңгені құрады», делінген хабарламада.

ҚХР-ның кеден қызметінің мәліметтеріне сәйкес, Қазақстанға экспортталатын жүктердің бірінде «Smart-теледидар» тауары жөнелтілген. Алайда импорттаушы кедендік төлемдерді төлеуден жалтару мақсатында «телевизиялық қорап» тауарын көрсеткен.

Осыған орай кедендік сараптама жүргізіліп, Қытайдан келген деректер расталды.

«Жүргізілген жұмыстың арқасында ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында жалпы сомасы 15,8 миллиард теңге тауарлардың кедендік құнын төмендету фактілерінің жолы кесілді, сондай-ақ Қазақстандағы импорт пен Қытайдан экспорт арасындағы айырмашылық 1,4 миллиард долларға дейін төмендеді. 2017 жылы бұл көрсеткіш 6,8 миллиард доллармен 59% құраған», деді Мемлекеттік кірістер комитеті.

Сыртқы экономикалық қызметтің кейбір қатысушылары қабылданған шешімдермен келіспейтінін атап өткен жөн. Олар Мемлекеттік кірістер комитетінің жүргізіліп жатқан жоспарлы жұмысының беделін түсіруге барынша тырысып, заңды түрде белгіленген төлемдерді төлеуден жалтарып бағуда.

Бүгінгі таңда Комитет Қытаймен, Әзірбайжанмен, Грузиямен, Украинамен, Өзбекстанмен, Иранмен, Түркіменстанмен және Түркиямен ақпарат алмасу туралы шарттар жасасты.

Сондай-ақ тиісті келісім жасасу үшін Тәжікстан кеден қызметімен келіссөздер жүргізілуде.

Осы бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да өз жалғасын табады.

Аяна Тоғанбек