Қазақстан • 22 Маусым, 2022

«Достық үйлерінде» әдістемелік орталықтар ашылады

160 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Жаңа Қазақстан – азаматтық қоғамы мықты тиімді мемлекет». Осындай тақырыппен Нұр-Сұлтан қаласында елордалық Қазақстан халқы Ассамблеясының XX сессиясы өтті. Кезекті сессияда қалалық ҚХА төрағасының орынбасарлары сайланып, Ассамблеяның бірқатар қызметкері марапатталды.

«Достық үйлерінде» әдістемелік орталықтар ашылады

Сессияға қатысқан мемлекеттік органдар, этномәдени бірлестіктер, Нұр-Сұлтан қалалық ҚХА ғылыми-сараптама тобы, Қоғамдық келісім кеңесі, Аналар кеңесінің және Жас­тар қанатының өкілдері мемлекеттік тілді дамыту, патриоттық тәрбие, мем­лекеттік органдар мен бұқаралық ақпа­рат құралдарымен байланыс секіл­ді мәселелерді талқылады.

«Бүгінде елордада тұратын қазақ­тардың саны 1 005 147 құрап отыр. Сонымен қатар 140 569 орыс, 14 329 украин, 12 788 татар, 11 558 өзбек,
9 509 неміс, 7 353кәріс, 5 715 қырғыз, 4 4416 әзірбайжан, 4 047 белорус, 2 826 ингуш, 2 734 поляк, 1 611 ұйғыр, 1 529 шешен, 1 332 башқұрт, 1 309 армян, 831 молдаван ұлтының өкілдері тұрақты қоныстанған. Қай ұлт болмасын қазақ жерін атамекенім деп ұрпағын өсіріп, ауасын жұтып, тыныс-тіршілігін өрбітетін болса ол міндетті түрде қазақ тілін құрметтеп, сөйлеу қажет», деп есептейді «Тұ­ран-Астана» университетінің кафедра меңгерушісі, филология ғылым­дарының кандидаты, доцент Вла­димир Шнайдер. Сессияда ана тілдің мәртебесін сөз етіп, қазақ тілінде пайымды баяндама жасаған неміс ұлтының өкілі – сонау 1941 жылы елге қоныс аударған немістердің екін­ші ұрпағы.

«Тіл кереметі мен сөз құдіретін сезініп, түсінуден барып, адамның бойында отаншылдық түйсік маздайтын болады. Бірнеше тілді еркін білу – бүгінгі өмір талабы. Осы қағиданы ұстана отырып, болашақ ұрпақты қазақ тілінде сөйлеуге, күнделікті өмірде қазақ тілін қолдануға шақы­ру да сіздер мен біздердің бас­ты мін­де­тіміздің бірі екенін күн тәртібінен шығаруға болмайтынын айтқым келеді. Жастарымыздың бойына қазақ тілінің қыр-сырын, байлығы мен ең асылдарын сіңіру арқылы біз өскелең ұрпақтың бірегейлігін қалыптастыра аламыз. Осы бағытта аянбай еңбек етейік, болашағымызды жарқын ете­йік!», деп ол жиналғандарды қазақ ті­лінде сөйлеуге шақырды.

Ал Ассамблея хатшылығы меңге­ру­шісінің орынбасары Индира Рыс­тина елдегі саяси өзгерістерге байланысты халық арасында жүргізілген зерт­теу нәтижелерін сөз етті. «Ел азамат­тарының 76 пайызы заңға қабыл­данған түзетулер елдегі жағдай­ды жақсартуға көмектеседі деп есеп­тейді. Сауалнамаға қатысқан қазақстан­дықтардың 83 пайызы Президент Қ.Тоқаевтың саяси реформа­ларын қолдайды. Бұл деректер Қол­дан­балы этносаяси зерттеулер инсти­тутының социологиялық зерттеуі­нің нәтижелерімен тығыз байла­нысты. Респонденттердің
94%-ы елдегі саяси жағдайды тұрақты деп бағалағанын атап өткім келеді. Қазақ­стандағы ұлтаралық келісімді сақтау жөніндегі мемлекеттік саясатты қазақ­стандықтардың 88 пайызы қолдайды. Бұл ұлтаралық келісімді нығайту мен саяси реформаларды жалғас­тыру бір-бірімен тығыз және өзара бай­ланысты екі процесс екенін білдіреді. Сондай-ақ Ассамблея консти­ту­циялық өзгерістер мен саяси рефор­маларды жүзеге асырудың белсенді қатысушысына айналады», деді ол.

Сонымен қатар Индира Рыстина Ассамблеяның алдында тұрған мін­деттерді де атап өтті.

«Ассамблеяның Мемлекет бас­шы­­сының тапсырмаларын іске асыру бойынша белсенді түсіндіру жұмысы бірінші орынға шығу керек. Ассамблеяның орталығы және өңірлердегі барлық комму­никациялық алаңдары қалың жұртшылықты оның ішінде Ассам­блеяның қоғамдық құры­лымдары, ғылыми сараптамалық қоғам­дастығы, этномәдени бірлестік­тердің жастары мен этностарды тарта отырып осы бағытта жұмыс істеуі керек. Рес­пуб­ликалық және өңірлік «Достық үйлерінің» барлығында Ас­сам­­блея мүшелері этномәдени бір­лес­­т­ік­терді тарта отырып саяси рефор­­ма­л­ардың жүзеге асырылу барысын түсіндіру үшін сарапшыларды дайын­дау жөніндегі әдістемелік орта­лықтар ұйымдастырылады», деді ол.

Іс-шара соңында елорда әкімінің орынбасары Берік Жәкенов Нұр-Сұлтан қаласы Қазақ­стан халқы Ассамблеясы төрағасының жаңадан сайланған екі қоғамдық орынбасары – «Жастар» сарайының директоры, ҚХА мүшесі Сергей Солодовников пен Корей этномәдени бірлестігі төрағасының орынбасары Роза Пакты таныстырды.