Әлем • 17 Маусым, 2022

Үш «М»: «Байлықтың магниті» қай елде?

219 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Көші-қон деректеріне сәйкес биыл Ресейдің 15 мыңнан астам дәулетті азаматы елінен біржола көшіп кетпек. Олар Владимир Путиннің Украинаға қатысты әрекетін қолдамайтындарын алға тартады. Қалталылар қай елдерге тұрақтамақ? Жалпы, қай мемлекет тұрақты қоныстануға қолайлы болып отыр?

Үш «М»: «Байлықтың магниті» қай елде?

Әлем сарапшыларының айтуынша, соңғы он­жылдықта Ресей ауқаттыларының елінен кө­шіп кету көрсеткіші қар­қын алып отыр. Лон­дон­дағы Henley&Partners компа­ния­сы­ның көші-қон деректеріне негіз­делген жоба­ға сәйкес актив­тері 1 миллион доллардан (820 000 фунт стерлинг) аса­тын ресейліктер­дің шама­мен 15%-ы 2022 жылдың соңы­на қарай басқа елге қоныс аударады деп күтілуде. «Мил­лионерлердің жаппай қоны­с аударуы елдегі жағдайдың тұ­рақсыздығын көрсетеді. Та­рих­тан білетініміздей ірі елдер­дің ыдырауы әдетте байлар эми­грациясының жеделдеуімен бай­­ланысты болды, олар қара­жа­ты болғандықтан елден бі­рінші болып кетеді», дейді New World Wealth зерттеу ор­талы­ғының басшысы Эндрю Амоилс. Соны­мен қатар сарапшы­лар­дың болжамы бойынша Украи­на да жоғары табысы бар тұлға­лардан (HNWIs/high net worth individuals) «айырылып» қал­мақ, жыл соңына дейін 2 800 ми­ллионер (Украинадағы барлық HNWIs-тің 42%-ы) елден кетпек ойда.

Осыған дейін дүние жүзінің түкпір-түкпірінен ауқатты адамдар дәстүрлі түрде АҚШ пен Ұлы­британияға қоныс аударды, ал енді Henley&Partners мәліметі Біріккен Араб Әмір­лік­тері миллионерлер үшін нөмірі 1-ші бағыт екенін көрсетті. «Ұлы­британия енді ауқат­ты­лар­дың елі емес, АҚШ та әлем­дегі байлар үшін маңы­зын жоғалтып барады, ал Бірік­кен Араб Әмірліктері 2022 жылы бүкіл әлем бойынша мил­лионерлердің ат басын тіреп, тұрақты қонысына айналуда, бұл көрсеткішімен БАӘ аталған екі елді артта қалдырмақ», делінген Henley&Partners баяндамасында (Henley Global Citizens Report). Жыл соңына дейін шамамен 4 мыңға жуық ауқатты азаматтың БАӘ-ға көшуі күтілуде, осылайша, бұл ел шамамен жылына 3 500-ге жуық миллионермен толы­ғатын Аустралияны, Сингапурды (2 800) және Израильді (2 500) басып озбақ.

Сондай-ақ миллионерлердің үлкен легі үш «М» – Мальта, Мав­рикий және Монакоға тұрақ­танады деп болжайды сарап­шылар. Мальта соңғы онжыл­дықта миллионерлер көші-қоны тұрғысынан ғана емес, сонымен бірге жалпы елдегі капитал­дың өсуі бойынша әлемдегі ең бай елдің біріне айналды. «2011-2021 жылдар аралығында Мальтаның байлығы АҚШ дол­ла­рымен санағанда 87 па­йызға өсті. Аралдағы мемле­кеттің өмір сүруге қай жағынан да қолайлылығы (Жерорта теңізінің ортасында орналасқан Мальта өзінің тамаша климаты, мейірімді адамдары, қылмыс деңгейінің төмендігі және тамаша өмір сапасы үшін сұранысқа ие болып отыр. Сонымен қатар әуе байланыс­тары сапалы әрі тиімді) оның капиталын арт­тырды, сонымен қатар, елдегі қаржылық қыз­меттер, IT және жылжымайтын мүлік сияқты бірнеше сала жылдам өсті. Осы жылы 300-ге жуық миллионер Мальтаға қоныс аударады деп күтілуде», деді Эндрю Амоилс.

Ал Үнді мұхитындағы аралды мемлекет Маврикийді сарапшылар «байлықтың маг­ниті» ретін­де сипаттайды, өйткені он­дағы халықаралық қаржы ор­талығы айтарлықтай салық жеңіл­діктерін ұсынады. Бұл елде капитал өсіміне, мұраға са­лық салынбайды, ал шетелдік компаниялар үшін ең жоғары салық мөлшері 3%-ды құрайды. Сон­дықтан да сұраныстағы ел­дер­дің бірі. Africa Wealth Report 2022 мәліметтеріне сәйкес Мав­рикий­де қазір 4 800 ауқатты адам тұрады, бұл он жылғы көрсеткішпен салыс­тырғанда 2 700 адамға көп. Биыл Маврикийге 150-ге жуық мил­лионер көшеді деп күтілу­де, олардың көп­шілігі Оңтүстік Африка мен Еуропа ел­дерінен. Монако болса ұзақ уақыт бойы әлемнің супер байларын өзіне магнит секілді тарт­қан ел, өйткені онда табыс салығы, капи­талға салынатын салық және мүлік салығы жоқ. Монакода тұратын он адамның жетеуі капиталы доллардан құралған миллионер.

Байлардың тұрақтанатын елі болған Ұлыбританияда қазір ауқатты адамдардың саны 1500-ге азайып, мүлкі 1 миллион доллардан ғана асатын адамдардың саны 738 000 болады деп болжайды сарапшылар. Бүгінгі таңда әлемде 15 миллионнан сәл астам қалталы адам тіркелген.