Әлем • 10 Маусым, 2022

Сынын бермеген Елизавета патшайым

455 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Биыл ІІ Елизавета патшайымның таққа отырғанына 70 жыл толды. Ұлыбритания тарихи оқиғаны ресми түрде атап өтіп, елде арнайы төрт күн демалыс берілді. Ппатшайым елді қалай басқарып отыр? Британдықтардың корольдік отбасына деген көзқарасы қандай?

Сынын бермеген Елизавета патшайым

96 жастағы II Елизавета мен оның отбасы өзінің мерейтойына арналған мерекелік іс-шарада халықты балконнан қарсы ал­ды. Ол 70 жыл бұрын таққа отырып, бір жылдан кейін тәж киді. Оның ресми түрде тәж кию салтанатын тікелей көрсетілім арқылы 27 миллионға жуық адам тамашалаған. Ұлыбритания халқы мерейтойды да думандатып өткізді. Осы елдегі БАҚ-тың дерегіне сүйенсек, көпшілік мерекелерге 17 миллионға жуық адам қатысқан. Сонымен қатар BBC арнасы сарайда өткен Platinum Jubilee жылдың ең көп қаралған бағдарламасы болды деп хабарлады. Патшайымның өзі бұрын BBC-ге берген сұхбатында оның жас кезінде мұндай оқиға бол­мағанын айтқан еді, ұзақ өмір сүріп, тіпті тақта ұзақ уақыт отыратынын ешкім ойламағанын да айтты. ІІ Елизавета тек Ұлы­британияның ғана емес, Солтүстік Ирландия, Аустралия, Канада, Жаңа Зеландия, Жаңа Гвинея елдерінің де патшайымы.

Жалпы, Ұлыбритания халқы пат­шайымға оң көзқараста. Деген­­мен «халықтың салығына не үшін корольдік отбасын асырауымыз керек» дейтіндер бар. Қарсыластары бейбіт митингке шығып, бұл пікірлерін жасырмай айтады. Негізінен монарх­тар отбасының салықтан босатылуын Елизаветаның әкесі елдің ережесіне бекіттіріп кеткен. Әйтсе де кейбір наразы халықтың пікірін ескерген болу керек, Парламент патшайымды салық төлеуге міндеттейтін заң шығарды. Бүгінде ол мемлекетке аз мөлшерде мүлік салығын ғана төлейді. Мемлекеттік баж салығы, мұрагерлік, кіріс салығы секілді төлемдерден босатылған. «Патшайым өте сабырлы адам, наразы халықтың көзқарасымен, пікірімен санасады, осы кезге дейін ол мақтаумен қатар түр­лі сынды да естіп, қабылдап келе­ді. Ешқашан қарсы шық­қан емес. Сондықтан қол­дау­шылары да, қарсыластары да оның адамгершілігін ерекше құр­мет­тейді», деп баға береді Пат­шайым­ның адами қасиетіне сыншылар.

Патшайымның мемлекет­тегі қызметін айтар болсақ, ол ел бас­қару ісіне, экономикалық сая­сатына араласпайды. Корольдік мұрагерлерінің қалыптасқан дәстүрі бойынша ол халықара­лық іс-шараларға елдің атынан өкіл ретінде қатысады. Дегенмен көптеген елдің үкімет басшыларымен жақсы қарым-қатынас орнатқан деседі. Елдің саяси тыныс-тіршілігіне араласпаса да, аптасына бір рет ресми құжаттармен танысу үшін премьер-министрмен кездесу өткізеді. Айтып өтейік, ІІ Елиза­ве­та таққа отырған кезде Ұлы­бри­тания премьер-министрі Уинстон Черчилль болыпты.

Тарихқа тағы бір шегінетін болсақ, Елизавета патшайым ел ісіне 25 жасында араласты. Ол экономика, заң, конституциялық құқық секілді сабақтарға қызы­ғып, басымдық беріп оқыған. Өнер­ден де кенде емес: би, музыка, атқа отыруды бір адамдай меңгерген. Француз тілінде еркін сөйлейді. Патшайымның лейтенант шенін алғанынан көбі хабардар емес. Ол екінші жаһан соғысы басталған кезде әскери қызметке сұранып, ер адамдармен иық тіресе қызмет еткен. Онда әскери-көлік жаттығу орталығында кәсі­би жүргізушілікті меңгеріп, ма­ман­­данады. Әйелдердің әскери жа­са­ғында болғанда істен шық­қан көліктердің қосалқы бөл­шек­терін шашып, қайта жинап, дөңгелегін қиындықсыз ауыс­тырып алып, әрі қарай айдап кете беретін болған. Сол қиын күн­дерді еңсеріп, лейтенант шеніне ие болған.

Ол Букингем сарайына 1936 жылы отбасымен көшіп кел­ді, сол жылы әкесі VI Георг таққа отырған. БАҚ-та жарияланған деректер бо­йынша ІІ Елизавета патшайым осы уақытқа дейін 12 премьер-министр, 7 Рим папасы, 7 Кентербери архиепископы ауысқанына куә болып келеді. Ол әлі күнге дейін тақта отырған әлемдегі ең қарт монарх болып саналады.

Патшайымның отбасын айтып өтер болсақ, биылғы мерей­тойды ол күйеуі Филипсіз ал­ғаш рет қарсы алды. «Өткен уақыт Елизабет үшін оңай болған жоқ», деп жазды британиялық БАҚ өкілдері. Атышулы отбасы­лық түсініс­пеушілік, денсаулы­ғы­ның нашар­лауы, ұлы ханзада Эндрюдің айналасындағы жан­жал, немере­сі Гарри мен оның әйелі Меган Марклдың бүлі­гін кө­ріп, жымиған қалпынан тай­ма­ған патшайым сынын да, сырын берер емес.