Референдум-2022 • 07 Маусым, 2022

Байқаушылар жоғары бағалады

128 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Орталық референдум комиссиясында ел Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі республикалық референдумға дайындық пен оны өткізуді байқау жөніндегі ТМД және ТүркПА байқаушылар Миссияларының жекелеген баспасөз конференциялары өтті.

Байқаушылар  жоғары бағалады

ТМД Байқаушылар миссиясының басшысы, ТМД Атқарушы комитеті төрағасының бірінші орынбасары – Атқарушы хатшы Леонид Анфимов, ТМД байқаушылары референдумның 865 учаскесіне барып байқау жүргіз­гендерін атап, дауыс беру процесі ашық ұйымдастырылғанын мәлімдеді. «Ұлттық және халықаралық байқау­шыларға дауыс беру процесін байқау үшін қажетті жағдайлар жасалған. Референдум учаскелері ақпараттық материалдармен және қажетті жабдықтармен жарақтандырылған. Референдум жоғары ұйымдастырушылық деңгейде өтті, қолданыстағы заңнамаға сәйкес саяси науқанды ұйымдастырушылар азамат­тардың еркін білдіру құқығын іске асыру үшін тиісті жағдайларды қамтамасыз етті», деді Леонид Анфимов.

Атап өтсек, Миссия құрамында бар­лығы 144 байқаушы бар болса, олар­дың 6-уы ұзақ мерзімді негізде жұмыс істеді.

Сонымен қатар, ТүркПА байқау­шылар делегациясы да референдум комиссияларының тиісті ресурстармен толық қамтамасыз етілгенін және мұндай саяси іс-шараларды өткізуге кәсіби тұрғыда дайындалғанын атап көрсетті.

Өз кезегінде Орталық референдум комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров референдумды байқауға қатысқан шет мемлекеттер мен халық­аралық ұйымдардың орталық сайлау органдарының өкілдеріне алғы­сын айтты. Сонымен қатар ол халықаралық ұйым өкілдерінің рефе­рендум­ды байқауға қатысуы оның беделін арттыра­тынын және бұл елімізде өткен саяси науқанның жариялылығы мен ашықтығына кепіл болатынын, оның ішінде ШЫҰ өңірдегі ғана емес, жалпы әлемдегі беделді және қарқынды дамып келе жатқан ұйымдардың бірі болып табылатынын атап өтті. Баспасөз конференциясында ОРК басшысы Түркітілдес елдердің Парламенттік Ассамблеясының өзара іс-қимылды кеңейтуге қызығушылық танытып отырғанын құптайтынын да мәлімдеді.