Қоғам • 03 Маусым, 2022

Биыл 5,6 мың этникалық қазақ қандас мәртебесін алды

482 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

2022 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша 5 679 этникалық қазақ тарихи отанымен табысып, қандас мәртебесін алды. Жалпы 1991 жылдан бері республикаға 1 миллион 93,5 мың этникалық қазақ оралды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Биыл 5,6 мың этникалық қазақ қандас мәртебесін алды

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, жыл басынан бері Қазақстанға келген қандастардың жартысынан көбі (68,7%) Өзбекстаннан, 10,4% – Қытайдан, 8,8% – Түрікменстаннан, 2,6% – Моңғолиядан және 9,5% басқа елдерден қоныс аударған.

«Келген этникалық қазақтар негізінен Алматы (31,1%), Маңғыстау (18,8%), Түркістан (10,3%) және Жамбыл (6,2%) облыстарына, сондай-ақ Алматы (6%), Нұр-Сұлтан (6,9%) және Шымкент (7,9%) қалаларына қоныстанды», делінген ведомство хабарламасында.

Осы жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша еңбекке қабілетті жастағы этникалық қоныс аударушылар саны – 63,2%, еңбекке қабілетті жастан кіші қоныс аударушылар саны – 22,8% және зейнеткерлер саны – 14%.

Еңбекке қабілетті жастағы қандастардың ішінен білім деңгейі бойынша 11,4%-ы – жоғары білімді, 40,3%-ы – орта кәсіби білімді, 46,6%-ы – жалпы орта білімді және 1,7%-ның білімі жоқ.