Экология • 02 Маусым, 2022

Елімізде көміртегі бейтараптығына қол жеткізу стратегиясы пысықталып жатыр

408 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Қазақстанның 2060 жылға дейін көміртегі бейтараптығына қол жеткізу туралы стратегиясы пысықталып жатыр. Бұл туралы Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев мәлім етті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Елімізде көміртегі бейтараптығына қол жеткізу стратегиясы пысықталып жатыр

«Қазір бүкіл әлем жаһандық климаттың өзгеру қаупіне тап болып отыр. Климаттың өзгеруі энергетиканы дамыту саласындағы әлемдік саясатқа әсерін тигізді. Көмір саласына экономикалық қысым күшейе түсуде. Әлемдік ірі қаржы институттары жасыл технологияларды қолдап, көмірмен байланысты жобалардан толық бас тартты. Бұл жаңартылатын энергия көздері технологияларының бәсекеге қабілеттілігін арттырып жатыр. Жаңартылатын энергия көзі нысандарын салу және пайдаланудың құны соңғы 10 жылда көмірден 3 есе төмендеді», деді Серікқали Брекешев елордада өтіп жатқан «ECOJER» ІІ халықаралық экологиялық конгресінде.

Министрдің айтуынша, елімізде жаңартылатын энергия көздерін пайдалану аясын жыл сайын кеңейту керек.

«Жыл санап көміртектік бейтарап мақсатын ұстанып, сәйкесінше көмірден бас тартып жатқан елдердің қатары артып келеді. Бұл бастамаға Қазақстан да қосылды. Бұл біз үшін басты міндет. Бүгінде Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2060 жылға дейін көміртегі бейтараптығына қол жеткізу стратегиясы пысықталып жатыр. Қалдық тастауды барынша азайтуда Қазақстанды жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды кеңейту, энергия тиімділігін арттыру және биоотын мен сутекке көшу бойынша елеулі өзгерістер күтіп тұр», дейді ол.

Айта кетейік, бүгін елордада «ECOJER» ІІ халықаралық экологиялық конгресі өтіп жатыр.