Әлем • 29 Мамыр, 2022

Сапасыз салынған ғимараттың зардабы

281 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Иранның оңтүстік-батысында аяқталмаған ғимарат опырылып, үйінді астында қаза тапқандар саны 26-ға жетті. Бұл жөнінде осы елдің мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдары хабарлады. Абадан қаласында 10 қабатты «Метрополь» кеңсесі құлап, тағы ондаған адам зардап шеккен.

Сапасыз салынған ғимараттың зардабы

БАҚ таратқан фотосуреттерден бетон едендер мен те­мір жабдықтардың көшеге қарай құлап, бірнеше көлікті қират­қанын көруге болады. Қазір іздестіру-құтқару жұмыстары жалғасып, қирау себептері анықталуда. Оқиғаға кінәлі деген күдікпен 10 адам қамауға алынды, олардың арасында құрылыс жүргізген мердігер мекеме басшысы, қаланың қазіргі және бұрынғы екі басшысы бар.

Ашуланған халық өткен апта­ның аяғында Абадан көшелеріне шығып, наразылық білдірді. Олар «біліксіз шенеуніктерге өлім жазасы қажет» деп ай­қай­лап, қолдарына плакат ұс­тап шықты. Иранның Fars ақпа­рат агенттігінің хабарлауын­ша, наразылық акциясына шық­қандардың саны 100-ге жуық. Ал Irna мемлекеттік ақпа­рат агенттігі ғимараттың Абадан­дағы сауда-саттық орталығында орналасқанын және оның тө­менгі қабаттары бірнеше күн­нен бері ашық екенін, ал жоғарғы қабаттарда құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқанын хабарла­ды. Куәгерлердің айтуынша, ғимарат жергілікті уақыт бойын­ша 12.40 (GMT 08:10) шама­сында кенеттен опырылып түскен. «Алғашында мен бұл жер сілкінісі деп ойладым», деді дүкен иесі Ахмад Associated Press агенттігіне бер­­ген сұхбатында. Иранның Қызыл Жарты Ай ұйымы оқиға орны­на Абадан мен көршілес қалалардан 23 құтқару тобы мен оннан астам жедел жәрдем көлі­гі жеткенін мәлімдеді. Соны­мен қатар Иранның Mehr ақпа­рат агенттігінің хабарлауын­ша, қамалғандардың көпшілігі ғима­раттың құрастырылған бө­лік­­тері­нің бірінші қабатында сауда жасауға рұқсат бергендер екен.

Осы оқиғадан кейін елдегі құрылыс қауіпсіздігі стандарттарына қатысты мәселелер қайта талқыға салынды. Қаланың жоғары лауазымды шенеунігі Мохаммад Мохбер мемлекеттік телеарнаға берген сұхбатында ғимараттың құрылысы кезінде сыбайлас жемқорлыққа жол берілгенін айтады. «Жергілікті билік өкілдерінің айтуынша, заң бойынша ғимарат тек алты қабаттан тұруы керек еді, бірақ құрылыс барысында тағы төрт қабат қосылған», деп хабарлайды Associated Press.

Өткен ғасырдың 80-жылда­рындағы Иран-Ирак соғысы кезінде аталған аймақ жаппай қиратылып, оны қалпына кел­тіру жобаларының көпшілігі нашар құрылыс тәжірибесі үшін сынға іліккен болатын. «Бірақ сыннан нәтиже шығарған билік те, құрылыс мекемелері де жоқ. Бұл ғимараттың қирауы Ирандағы соңғы жылдардағы ең ауыр оқиға болды», дейді сарапшылар. Еске салсақ, 2017 жылы Тегерандағы 17 қабатты Plasco ғимараты өртеніп, кейін опырылып құлап, апат салдарынан 20 адам, оның ішінде 16 өрт сөндіруші қаза тапқан еді.

«Ал Сенегалдың батысын­дағы Тивауан қаласындағы ауру­ханада өрт шығып, 11 жаңа туған нәресте тілсіз жаудың орта­сында қалып қойған болатын», деп хабарлады ел президенті Маки Салл. Бұл оқиға Mame Abdou Aziz Sy Dabakh аурухана­сында болған. Сенегал саясаткері Диоп Сидің айтуынша, өрт қысқа тұйықталу салдарынан болған. Қала мэрі Демба Диоп үш сәбидің аман қалғанын айтты. Жергілікті ақпарат құралдарының хабарлауынша, аурухана жақында ғана ашылған. «Өте өкінішті және ауыр жағдай. Оқиғаның мән-жайын анықтау үшін тергеу жүріп жатыр», деді оқиға кезінде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өкілдерімен кездесу үшін Женевада болған Денсаулық сақтау министрі Абдулай Диуф Сарр.

«Өрт Сенегалдағы денсаулық сақтау мекемелерінде болған бірнеше оқиғадан кейін тағы қайталанып тұр, мұнда денсау­лық сақтау саласында қала мен ауыл арасында үлкен айырма­шылық бар», дейді сарапшылар. Мәселен, Лингер өңірінде осы жылдың сәуір айында ауруханада өрт шығып, төрт жаңа туған нәрестені аман алып қалу мүмкін болмаған еді. Қала басшысы болса өрт электр жабдықтарының істен шығуына себепші болған перзентханадағы кондиционерден шықты деп мәлімдеген болатын. Ал сарапшылар болса елде соңғы кездері салынып жатқан жаңа ғимараттардың сапасы мүлде сын көтермейтінін айтады. Әсіресе өртті лезде таратып, қызыл жалынға бейім құрылыс материалдарынан көптеген қо­ғамдық ғимарат­тардың, оның ішінде үйлер мен емханалардың бой көтеріп жатқанын айтып, дабыл қағуда.