Қоғам • 25 Сәуір, 2022

Қаңтар оқиғасында Алматы әуежайының жұмысын тоқтатқан адам ұсталды

202 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бас прокуратура қаңтар оқиғасы кезінде Алматы әуежайының жарығын өшірген ер адамға қатысты тергеуді бастады, деп хабарлайды Egemen.kz.
 

Қаңтар оқиғасында Алматы әуежайының жұмысын тоқтатқан адам ұсталды
ҚР Бас прокуратурасы 1-ші қызмет бастығының орынбасары Елдос Қилымжановтың айтуынша, 5 қаңтар күні Н. есімді азамат бір топ адаммен бірге Алматы қаласы әуежайының ұшу-қону жолағының жарығын өшірді.
 
«Ол өзінің әрекетімен стратегиялық объектінің қызметін тоқтатты, нәтижесінде ұшақтар жолаушылармен ұшып кете алмады және токтан ажыратылған ұшу-қону жолағында 10 сағаттан артық тұруға мәжбүр болды. Осы уақытта қарулы топ Алматы әуежайының ғимаратын қиратып, тонады», деді Қилымжанов орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
 
Қазіргі кезде «Н»-нің іс-әрекеттері Қылмыстық кодекстің 255-бабы терроризм актісі бойынша сараланып жатыр. Оның қылмысы жиналған дәлелдемелермен расталады.
 
«Қаңтар оқиғасының ұйымдастырушылары мен қатысушыларын анықтау және оларды жауапкершілікке тарту жұмыстары жалғасуда», деді Қилымжанов.
 
Аяна Тоғанбек