Әлем • 25 Сәуір, 2022

Тайвань өршіген вируспен қалай күресіп жатыр?

143 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Шанхай секілді Тайвань да COVID-19 індетінің өршуіне қарамастан елде карантин жариялаудан бас тартып отыр. Бұл ақпаратты Тайвань премьер-министрі Су Цзэн-чан (Su Tseng-chang) ресми түрде мәлімдеді. Олар КВИ-ға қарсы жеңілделтілген шара қабылдап, сынға қалған Шанхайға қарағанда вируспен бірге өмір сүруді жөн көріп отыр.

Тайвань өршіген вируспен қалай күресіп жатыр?

Тайвань премьер-министрі елде карантин жарияламайтынын айтты, өйткені жұқ­тырғандардың басым бөлігінде дерттің белгілері жоқ, жеңіл симптомдар бірқатар науқаста ғана білінеді.

Тайваньда дерттің өршуі жыл басынан байқалды. Статис­тикалық мәліметтерге сү­йенсек, қаңтардан бас­тап барлығы 18 436 адам вирус жұқтырып, төрт адам қай­тыс бол­ған. Алайда бұл көрсет­кіш­т­ің жалпы саны 23 млн халыққа шаққанда аз болып отыр. Тайвань үкіметі елдегі вакциналаудың көрсеткіші жоғары екенін алға тартып, вируспен бірте-бірте өмір сүріп, экономикалық айналым­ды тоқ­татпауды жөн көріп отыр. Олар осылайша пандемиямен күресудің «жаңа Тайвань мо­делін» жасап шығармақшы. Вирус­қа қарсы күрестегі мұн­дай қа­дам­дарының сәтті боларына ел үкіметі сенімді, өйткені тір­келген науқастардың 99 пайыздан астамы симптомсыз немесе дерттің жеңіл түріне шалдыққан. «Біз қазіргі дертпен бірте-бірте күресеміз, Шан­хай секілді алдымен же­ңіл шаралар қабылдап, артын­ша локдаунға кетпейміз, пан­де­мияға қарсы қатаң шаралар қабылдамаймыз. Дегенмен мас­ка киюді жалғастыра бере­міз», деді Су Цзэн-чан.

Осы әркеттерінен ел Үкіметі осы айдың соңына дейін күн сайын дерт жұқтырғандардың саны 10 мыңға жетеді деп болжап отыр және бірнеше аптадан кейін індет күрт өршуі мүмкін деп ескертті. Бүгінде жергілікті билік коронавируспен күресуге қосымша вакциналар мен экспресс-тесттер санын көбейтіп, дерт жұқтырғандар мен олармен байланыста болған адамдардың оқшаулану күндерін азайту мәселесін қарастырып жатыр. Ал елге келген шетелдіктерге ка­ран­тин уақытын екі аптадан 10 күнге дейін қысқартты, бұл уа­қыт одан әрі де қысқаруы мүмкін.

Бүгінде Тайвань халқының 80 пайызға жуығы толық вак­ци­наланған және 60 пайыз­ға жуығы екпенің бірінші ком­понентін алған, ал маска тағу талаптары сақталады. Пандемия басталғалы бері елде 47 100 адам инфекция жұқтырып, індеттен 856 адам қайтыс болған.

Әлемді алаңдатып отырған Шан­хайдағы жағдайға тоқта­лар болсақ, жергілікті билік «жұма күні қалада ковид жұқтырған 12 адам қайтыс болды» деп хабарлады, бұл бір күн бұрынғы көрсеткішпен салыстырғанда 11 адамға көп. Ал Қытайдың қаржы орталығы бір күнде коронавирустың 20 634 жаңа жергілікті симп­томсыз жағдайын тіркеді, бір күн бұрынғы мәлімет бойын­ша 15 698 адамға еселенген. Симптомдары бар жаңа жағ­дай­лардың жалпы саны бей­сен­бідегі көрсеткіштен 1,931-ден 2,736-ға жетті. Сенбі күні елдің ұлттық денсаулық сақтау басқармасы өткен жұма күні ковид жұқтырғандардың саны 24 411 жеткенін хабарлады, бұл бір күн бұрынғы көрсеткішпен салыстырғанда 18 598-ге өсті. 

 

P.S. Жылына 10 млн туристі қабылдайтын Тайваньның бұл әрекетіне әлем сарапшылары алаңдап отыр. Дерттің өршіп, әл бермей кеткен кезінде шекарасын бекітіп, қатаң карантин жариялаған Шанхай билігіне наразы болғандар да аз емес. 23 млн халқы бар Тайвань билігінің қатерлі дертпен күресу саясатының дұрыс немесе бұрыстығы келер күннің еншісінде...