Қоғам • 17 Сәуір, 2022

Атың өшкір танымастық

270 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Осыдан екі жыл бұрын респуб­ликалық әдеби газетте жұмыс істеп жүрген кезім. Кабинет есігі қағылды, төрт қыз, екі жігіт ке­ліп тұр. Алматыдағы мәлім уни­вер­ситеттің студенттері болып шық­ты, газетте тәжірибеден өтуге ниетті екен.

Атың өшкір танымастық

Мен оларды ертіп бас редак­торға апардым. Әлденеге шұқ­шиып отырған ол кісі «бәрін ш­а­қыр, жиналыс болады», деді. Жиналыс басталарда алты сту­денттің бұйым­тайын сұраған басе­кең қо­лы­на газеттің жаңа нөмірін алып: «Мына бірінші беттегі кісі кім, танисыңдар ма? Сендер журналистиканың төртінші курсын аяқтағалы жатырсыңдар, бұл кісіні танымасаңдар ұят әрі сын», деді. Төтесінен келер сынақты күтпеген студенттер қапелімде не дерін білмей сасып қалды. Со­сын мен тыныштықты бұзып, «қазіргі жастар қайтыс болып кеткен қаламгерлерді танымайды ғой» деп ем, әлгі студенттер мені қостап ала жөнелді. Тіпті бірі «апайлар бізге тірі адамдар туралы айтып беретін, біз шынымен бұрын қайтыс болған кісілерді танымаймыз» демесі Бар ма? Жүзі сұрланып кеткен бас редактор басын шайқап, алдында тұрған өрімдей жастарға, болашақ «журналистерге» не дерін білмей дағдарып қалды. Сосын ол: «Мына жігіт сендерді әдейі шатыстырып, жаңағы кісіні қайтыс болған деп отыр, ал ол кісі өмірде бар, қаласаңдар, осында шақырайын, жақсылап танысып алыңдар» деп сөзін көңілсіз аяқтады.

Маған бұл алты студентпен жұ­­мыс істеу тапсырылды. Алтауына алты шағын мақала жазып келсін деп айттым. Әри­не, өз­дері жаза алатын алуан тақы­рып­та. Екі күннен кейін әлгі­лер­ден «мақалалар» келе бас­тады. Бірін­шісі былай деп бас­­тапты. Қаз-қал­пында хатқа түсіріп отырмын:

«Өткенде ауылға барғанда, апам­ның тапсыруымен сиыр саууды үйрендім. Қиын екен. Қазіргі ауыл адамдарына жаным ашиды. Қайтып шыдап жүр деп ойладым». Міне, осылай. Күлесіз бе, жылайсыз ба? Ал екіншісінің «мақаласының» тақырыбы «Кө­лік­ті байқап жүргізейік» деп қойы­лыпты. Оқуға дәтім шыдамады. Солай да солай, екі ай уақыты біткен олар «үлкен газетте практика көріп қайттық, күшті болды» деп бадырайтып тақырып қойып, әлеуметтік желіге бір-бір сурет салды да, тайып тұрды.

Бұл қазіргі біздің қоғамдағы кей жастардың көрінісі деуге әбден болады. Бірақ біз жас­тардан үміт күтіп едік қой, танымастық өзіңнен басталатыны өзекті қаритынын сезе бастадық. Анда-санда газет бетіне суреті басылған әлгі ақын ағаны үлкен жиналыстардан, бас қосулардан кездестіріп қаламын, сонда әлгі алты студенттің таны­мастығы ойыма сап ете түседі. Танымастық, әй, атың өшкір танымастық.