
Аталған чемпионаттың мақсаты – жастардың ұлттық спортқа деген қызығушылығын арттыру және саламатты өмір салтын насихаттау. Сегіз күнге созылған жарысқа еліміздің барлық өңірінен 300-ге жуық жас тоғызқұмалақшы қатысты.
Жарыс қорытындысы бойынша, тоғызқұмалақтың блиц түрінен 17 жасқа дейінгі ұлдар арасынан ақтөбелік Диас Жанбау алдына жан салмаса, қыздардан елордалық Ақжібек Манарбекқызына тең келер ешкім болмады. 19 жасқа дейінгі ұлдар тобында шымкенттік Дастан Қалыбек дара шықса, қыздардан шығысқазақстандық Аяна Исахан топ жарды. Ал 21 жасқа дейінгі жастардың ішінен 1-орынды қызылордалық Асылбек Қаржаубаев иеленсе, қыздардан тағы бір қызылордалық Ақерке Кенжебекова биік тұғырдан көрінді.
Рапидтен де жастарымыз жеңіс жолында аянып қалмады. Әсіресе, блицтен бірінші орын алған Диас Жанбау (17 жасқа дейінгі) мен Ақжібек Манарбекқызының рапидте де бақтары жанды. Ал 19 жасқа дейінгілер арасынан қызылордалық Дамир Ахметов (ұлдар) пен алматылық Ақерке Тұрсынәлі (қыздар) жеңімпаз атанды. 21 жасқа дейінгілер тобында Асылбек Қаржаубаев екінші мәрте чемпион атанса, қыздардың ішінен елордалық Құндыз Есіркеп дара шықты.
Классика бойынша Қайрат Тұрарбек пен Аяна Исахан (17 жасқа дейін) жарыста үздік деп танылды. 19 жасқа дейінгі жігіттер арасынан павлодарлық Ерасыл Ауталипов пен қыздар арасынан қызылордалық Амир Бекзат жеңімпаз атанды. Ал 21 жасқа дейінгі жігіттерден жамбылдық Нұрбол Әлдібай, қыздардан қостанайлық Жансая Смайылова дара шықты.
Марапаттау рәсіміне Парламент Мәжілісінің депутаты Мақсат Раманқұлов, Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясының вице-президенті Мақсат Шотаев, тоғызқұмалақтан Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері Хакімжан Елеусінов және №87 Абай атындағы мектеп-гимназиясының директоры Айгүл Қашаева қатысты.