Спорт • 07 Сәуір, 2022

Қазақстандық теннисшілер Мароккодағы жарыстың ширек финалына шықты

139 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстандық теннисшілер Андрей Голубев пен Александр Недовесов жұптық сында Марракеш (Марокко) ATP 250 жарысының ширек финалына шықты, деп хабарлайды Egemen.kz ҚТФ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазақстандық теннисшілер Мароккодағы жарыстың ширек финалына шықты

Турнирдің 1-ракеткалары болып тіркелген Андрей Голубев франциялық Фабрис Мартенмен бірге бастапқы кездесуін нидерландылық Таллон Грикспур және Ботик Ван де Зандшульппен өткізді. Тартысты өткен матчта бірінші партияда нидерландылық жұп тай-брейкте сәтті ойнады. Екіншісінде Голубев пен Мартен есе қайырды. Сосын супер тай-брейкте жеңісті жұлып алды. Екі сағатқа жуық уақытқа созылған бәсеке барысында қазақстандық-франциялық жұп 2 эйс жасап, 3 брейк-пойнттың біреуін пайдаланды. Қарсыластары 3 эйс, 1 брейкпен (2 брейк-пойнт) көзге түсті.

Александр Недовесов пәкістандық Айсам Курешимен бірге доданың 2-ракеткалары саналған бельгиялық Сандер Жилле және Йоран Флиген жұбын бір сағаттан астам уақытта 6:3, 6:4 есебімен тізе бүктірді. Недовесов пен Куреши 4 эйспен бірге 3 брейк-пойнттың екеуін өз есебіне жазды. Бельгиялық жұп 4 эйспен шектелді. Қазақстандықтардың ширек финалдағы қарсыластары кейін анықталады.