Қоғам • 06 Сәуір, 2022

Синтетикалық есірткі жеткізетін трансұлттық арна жойылды

554 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ішкі істер министрлігі синтетикалық есірткі жеткізетін трансұлттық арнаны жойды, деп хабарлайды Egemen.kz

Синтетикалық есірткі жеткізетін трансұлттық арна жойылды

Polisia.kz сайтының мәліметінше, Ішкі істер министрлігінің қызметкерлері есірткі жеткізу арналарының жолын кесу мақсатында шекаралас мемлекеттердің есірткіге қарсы ведомстволарымен тығыз ынтымақтастық ұйымдастырған. Алматы, Ақтөбе, Атырау және Шығыс Қазақстан облыстарында жарты жыл бойы есірткі сатушылардың әрекетін жою бойынша бірлескен арнайы операция жүргізілген.

Шетелден синтетикалық есірткі ерітіндісі салынған сәлемдемелерді алып отырған Қазақстанның бес азаматы анықталды. Олар өндіріс процесінде сұйықтықты бу арқылы кептіріп, құрғақ өнім алып отырған. Осылайша синтетикалық есірткіні аса ірі мөлшерде сату үшін бөліп дайындағаны айтылды.

Департамент бастығының міндетін атқарушы Асқар Мұхаметқалиевтің айтуынша, соңғы жылдары синтетикалық есірткі мен оны өндіруге арналған құрамдас бөліктер шекаралас мемлекеттерден жеткізілгенін ескере отырып, шетелдік әріптестермен ынтымақтастыққа басымдық берілген. Осылайша биылғы үш айда ғана қазақстандық полицейлер осындай өзара іс-қимыл шеңберінде 9 адамды ұстаған.

«Заңсыз айналымнан сегіз келіден астам синтетикалық есірткі тәркіленді. 2022 жылдың бірінші тоқсанында ішкі істер органдары барлығы 695 есірткі қылмысын, оның ішінде аса ірі көлемде есірткі заттарын сақтаудың 133 дерегі, контрабанданың 30 дерегі, притон ұстаудың бес дерегі анықталды. Заңсыз айналымнан тоннаға жуық есірткі тәркіленді. Оның ішінде 900 грамға жуық героин, 42 келіден астам синтетикалық есірткі», делінген хабарлмада.