Әдебиет • 28 Ақпан, 2022

Жамбыл және Всеволод Иванов

1378 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Облыс орталығында орын тепкен Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейіне баруды жоспарласаңыз ерте шығыңыз. Ондағы құнды жәдігерлердің сырына үңілу үшін аз уақыт жеткіліксіз. Бір күніңді сарп етсең де түк те етпейді!

 

Жамбыл және Всеволод Иванов

Тарих қойнауына енген әр ғасырдың өзіндік ерекшелігі, маңызды оқиғалары бар. Әдебиет пен өнер тарихының жылнамасында есімдері мен шығармалары хатталып, фото-суреттермен ай­қындалған деректер жеткілікті. Бабалардан қалған әрбір жәдігер – тұнып тұрған тарих, ал сурет – тарих айнасы.

Жүз жасаған Жамбыл – ұл­тының ғасырлық шежіресі. Қазақ-кеңес ақын-жазушыларының арасында бүкіл Одаққа және жер жүзіне ең алғаш есімі таралған Жамбыл болған. Шығармалары француз, ағыл­шын, неміс, чех, поляк, қытай және басқада тілдерге аударылған.

Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің басшысы Ербол Қайыровтың айтуынша, музей қорында Жамбыл мен жазушы Всеволод Ивановтың бірге түскен фото-сурет сақтаулы. Оның өзіндік тарихы бар екен.

– 1936 жылы Мәскеу қала­сында қазақ әдебиеті мен өнерінің бірінші онкүн­дігі өтіп, оған Жам­был Жама­баев та қатысады. Қазақ­стан­дық өнерпаздарды Мәс­кеу қала­сындағы Қазан те­мір­жол вокзалында салтанатты түрде қарсы алады. Жамбыл ақынмен кездесуді көптен кү­тіп жүрген­дердің арасында жерлес жазушы Всеволод Ива­нов та бар еді. Ол Павлодар об­лы­сы Аққулы ауданының тума­сы, жазушы, пуб­лицист. Вок­залдың арнайы залында отырып, Жамбыл Жабаев­пен сұхбаттасып, кейін 1938 жылы «Жамбыл» және «Ән салтанаты» атты мақала жазып, сол кездегі «Правда», «Известия» газеттеріне шығарды. Бұл фото сол кездесуде түскен.

Жерлес жазушы сол жылдың тамыз айында Алматыға келіп, Бейімбет Майлин және Ғабит Мүсіреповпен бірге «Амангелді» фильмінің сценарийін жазады. Енді тағы бір қызықты оқиға. Фильм түсіріліп жатқан уақытта Жамбыл ақын келіп тамашалаған екен. Сол кезде ақынның жанына адамдар отыра қалып, Амангелді Имановтың сарбаздары өтіп жатқан уақытты тамашалап отырған кезін түсіріп, фильмге қосады. Мұны біреу білсе, бірі білмес, тіпті сол фильмде қолында домбыра ұс­таған қарияның Жамбыл екенін де аңғармауы мүмкін. Бұл туралы журналист, аудармашы Александр Назаровтың «Пер­венец казахского кино» кіта­бында жазылған, – дейді Ербол Қайыров.