Қазақстан • 14 Ақпан, 2022

Отын тапшылығы болжанбайды - Энергетика министрлігі

2059 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Энергетика министрі Болат Ақшолақов ОКҚ брифингінде «Қазақстан Ресей Федерациясынан отын импорттауды жоспарлап отыр ма?», деген сұраққа түсініктеме берді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Отын тапшылығы болжанбайды - Энергетика министрлігі

«Жалпы, 2022 жылға біз ішкі нарықта шамамен 17,9 млн тонна қайта өңдеуді жоспарладық. Біз биыл Қазақстанда ЖЖМ айтарлықтай тапшылығын күтпейміз», деді Энергетика министрі Болат Ақшолақов.

Алайда, оның айтуынша, мұнай өңдеу зауыттарының жоспарланбаған апаттық жағдайларында Қазақстанның Ресейден қажетті жанар-жағармай алуға мүмкіндігі бар.

Министр өткен жылғы импорт Қазақстан аумағындағы отынның үлкен тапшылығына байланысты болғанын еске салды.

«Бұдан бұрын, 2012, 2013, 2014 жылдары жаңғырту аяқталғанға дейін біз шамамен 1 млн тонна бензин, 400 мың тоннаға жуық дизель отыны мен шамамен 300 тоннадан астам авиациялық керосин әкелдік. Сол кезде елімізде отын тапшылығы болғанын ескерген жөн. Зауыттарды жаңғыртқаннан кейін, бүгінде біз бензин, дизель отынын, кейде, негізінен, қысқы дизель отынын әкелмейміз. Өкінішке қарай, біз авиакеросинді жеткілікті мөлшерде шығармаймыз. Ішкі тұтыну үшін біз өндірген отын жеткілікті, алайда, әртүрлі шетелдік авиакомпаниялардың жүк және жолаушылар ұшақтарына авиакеросин жетіспейді», деп нақтылады ҚР Энергетика министрлігінің басшысы.