Экономика • 14 Ақпан, 2022

Халықтың табысын арттыру бағдарламасы әзірленеді

701 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ұлттық экономиканың бірінші вице-министрі Тимур Жақсылықов Қазақстандағы экономикалық жағдай мен елдегі соңғы экономикалық бастамалар туралы айтып берді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Халықтың табысын арттыру бағдарламасы әзірленеді

ҚР Ұлттық экономика министрлігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, Премьер-Министрдің орынбасары - Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердінің шетелдік мемлекеттердің Қазақстандағы елшілерімен кездесуі барысында Ұлттық экономиканың бірінші вице-министрі Тимур Жақсылықов қаңтардағы оқиғалар Қазақстан экономикасына айтарлықтай әсер етпейтінін атап өтті.

«Өткен жылы экономикалық өсім серпінді траекторияға шықты. Нақты ЖІӨ бастапқы болжамнан 3,1% асып, 4% құрады», деді Тимур Жақсылықов.

Сондай-ақ, ол қазіргі уақытта Ұлттық экономика министрлігі Президенттің бастамаларын іске асыру бойынша Үкіметтің 2022 жылға арналған іс-қимыл бағдарламасын әзірлеу мәселелері бойынша белсенді жұмыс жүргізіп жатқанын атап өтті.

Құжатта Үкіметтің инклюзивті экономикалық өсуді ынталандыру, макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету және кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі жұмысы нақтыланатын болады.

Бұдан басқа, бірінші вице-министрдің айтуынша, қазіргі уақытта ҚР ҰЭМ халықтың табысын арттыру бағдарламасын әзірлеумен айналысуда. Осы жұмыс шеңберінде кедейлік пен жұмыссыздық бойынша нақты жағдайды талдау негізінде жүйелі сипаттағы шаралар әзірлеу жоспарлануда.

Сондай-ақ, министрлік квазимемлекеттік сектор субъектілерін түбегейлі реформалау бойынша ұсыныстар әзірлеуде.

Тимур Жақсылықов атап өткендей, Ұлттық экономика министрлігі елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайды тұрақтандыру бойынша жедел іс-шаралар жоспарын қабылдады, онда азаматтар мен кәсіпкерлік субъектілерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және жан-жақты қолдауға, сондай-ақ елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайды жедел тұрақтандыруға бағытталған бірқатар шұғыл және қысқа мерзімді шаралар бар.

«Бұл жоспар Мемлекеттік органдардың таяу айлар ішінде тиісті міндеттерді үйлестіре орындауына бағытталған. Оны іске асыру елдегі экономикалық жағдайды жедел қалпына келтіруге және қалыпты өмірге оралуға әкеледі», деп қосты ҚР Ұлттық экономика бірінші вице-министрі.

Тимур Жақсылықов қаңтардағы қайғылы оқиғаларға байланысты ведомствода жылдық экономикалық өсуге елеулі ықпал болмайды деп қорытындылады. Оның айтуынша. экономикалық белсенділік уақытша және тек жекелеген аймақтарда ғана бұзылды.

Ол зардап шеккендерге, соның ішінде ШОБ, ЖК және халыққа барлық қажетті көмек көрсетілетінін еске салды.