Аймақтар • 03 Ақпан, 2022

Ықпалдастық келісімдеріне қол қойды

182 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Алматыдағы «Ғылым ордасында» өткен еліміздің жетекші жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттары басшыларының форумы барысында ынтымақтастық келісім шарттарына қол қойылды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ықпалдастық келісімдеріне қол қойды

Ғалымдар бас қосқан алқалы жиынға Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов қатысып, бұл ықпалдастықтың мақсаты білім беру саласындағы зерттеу нәтижелерін қолдануды күшейту, еліміздің ғылыми-зерттеу әлеуетін дамытумен қатар мамандардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға негізделгенін атап өтті.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев білім мен ғылым саласын дамыту бойынша бірқатар маңызды міндеттер қойып отыр. Үкімет отырысында аталған мәселелер талқыланып, нақты іс-шаралар белгіленді. Осыған орай жоғары оқу орындары және ғылыми-зерттеу институттарымен жұмыс істеу тәртібі анықталып, білім мен ғылымның интеграциясына нақты қадам жасалып отыр. Бізге ғылым және білім саласының арасында тығыз, ауқымды және көпжақты байланыс орнату қажет. Тәжірибе көрсетіп отырғандай,  әлем бойынша жетекші елдер ғылым мен білім саласын тиімді біріктіріп отыр. Бұл тәжірибе қазақстандық білім және ғылым жүйесі үшін де маңызды. Енді біздің университеттер ғылыми-зерттеу институттарымен бірлесіп, ғылыми кадрларды даярлауды бірлесе жүзеге асыратын болады. Аталған жобаны жүзеге асыру жоғары білім және ғылым саласын, ғылыми-зерттеу институттарының әлеуетін арттыруға серпін береді», деп атап өтті Асхат Аймағамбетов.

Министрдің айтуынша, қазіргі кездің өзінде отандық жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттары арасында бірлескен жұмыстар жалғасын табуда. Мысалы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті  Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институтымен бірлесіп,  «Вирусология» жаңа бағдарламасын жасап, бірлескен диссертациялық кеңес ашты. Осы істің жалғасындай, жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттарының қызметкерлерінен жасақталған 100-ден астам диссертациялық кеңес ашылатын болады. Осыған дейін ғылыми-зерттеу институттарының ғалымдары диссертациялық кеңестердің жұмысына қажетті деңгейде жұмылдырылмаған болатын. Қабылданған шаралар ғылыми-зерттеу сапасы мен ғылыми кадрларды дайындаудың тиімділігін арттырып қана қоймай, ғылымға талантты жастарды тартуға оң ықпал етеді. Сонымен бірге министр атап өткендей, бүгінде арнайы жабдықталған, сапасы жоғары зертханалар көпшілік ғалымдарға қолжетімді емес. Сондықтан да жетекші жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттары зертханаларының әлеуетін бірлесе пайдаланудың нәтижесі тиімді болмақ. Бірлесе маман дайындау үшін ғылыми-зерттеу институттарының зертханалары магистранттар мен докторанттарға, ал оқу орындарының зертханалары институт қызметкерлеріне қолжетімді болады.  Осы орайда Ұлттық ядролық орталық, Ядролық физика институты, Ұлттық биотехнология орталығы, Биологиялық қауіпсіздік институты және тағы да басқа теңдессіз ғылыми зертханалардың мүмкіндігі зор.

Биылғы жылы жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттары маман дайындауға қажетті 500-ден астам білім беру бағдарламасын жасайды. Бұл ғылыми-зерттеу нәтижелерін білім беру бағдарламаларында пайдаланатын болады. Сондай-ақ, студенттермен соңғы ғылыми жетістіктермен бөлісу мақсатында ғылыми-зерттеу институттарының 300-ден астам ғалымы жоғары оқу орындарында дәріс оқу, сабақ беру, ғылыми жұмыстар мен диссертацияларға жетекшілік етіп, рецензия жазу жұмыстарына тартылады.  Бұл ғылыми қызметкерлер үшін  ғылыми-зерттеу жұмыстарымен ғана емес, ғылымдағы ізденістерімен де бөлісуге берілген мүмкіндік.

Министр осы орайда, соңғы екі жылда білім мен ғылым саласын қаржыландыру көлемі екі есеге өскендігін атап өтіп, ендігі кезекте  ғылыми-зерттеу гранттары үш жылға емес, бес жылға берілетінін тіліне тиек етті.  Президент Жолдауы шеңберінде сонымен қатар жоғары оқу орындарының 500 қызметкері жыл сайын әлемдегі ең үздік ғылыми-зерттеу институттарына барып, тағылымдамадан өту мүмкіндігіне ие болады. Оқу кешенін де қамтитын бұл сапардың тиімділігі елімізде жетіспейтін зертханалық құрылғылармен жұмыс істей отырып, ғалымдар осы  мүмкіндікті мемлекет есебінен игереді. Бұл да еліміздің ғылыми әлеуетін біршама көтеруге жасалған қадамдардың бірі. Министр сонымен бірге ғылыми-зерттеу институттарының мектептермен байланыс орнатуы қажеттігін атап өтті. Өйткені, мұндай қадамдар оқушылардың ғылымға қызуғушылығын оятумен қатар, білім мен білігін арттыруға ықпал етеді.

Алқалы жиында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма төрағасы-ректор Жансейіт Түймебаев баяндама жасап, мемлекет пен қоғам тарапынан білім, ғылым саласына барынша тиімді және бәсекеге қабілетті болуға сұраныс артып отырғандығын атап өтті. Бүгінде аталған университеттің қызметі Мемлекет басшысы мен Білім және ғылым министрлігі қойған стратегиялық міндеттерді шешуге бағытталған. Университетте АҚШ, Еуропа, Оңтүстік-Шығыс Азия, Ресей Федерациясының жоғары оқу орындарымен бірлескен 120 қос диплом бағдарламасы бар. 92 бағдарлама ағылшын тілінде жүзеге асырылады. Келесі кезекте сөз алған Философия, саясаттану және дінтану институтының директоры С.Сейдуманов ғылымдағы ықпалдастықтың, мемлекет тарапынан ғылым мен ғалымдарға көңіл бөлудің маңыздылығын атап өтті.

Жиын барысында жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттары арасындағы білім мен ғылымның интеграциясын нығайту туралы келісімшартқа қол қойылып, алдағы атқарылатын міндеттер талқыланды.

 АЛМАТЫ