Спорт • 02 Қаңтар, 2022

Асаубаева 20 жасқа дейінгі шахмат бойынша әлемдік рейтингте көш бастады

321 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бибісара Асаубаеваның позициясы Польшадағы әлем чемпионатында сәтті өнер көрсеткеннен кейін жақсарды. Қазақстандық шахматшы блиц-шахматтан әлем чемпионы және рапид бойынша вице-чемпион атанды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Асаубаева 20 жасқа дейінгі шахмат бойынша әлемдік рейтингте көш бастады

Бибісара Асаубаева FIDE халықаралық шахмат федерациясының 20 жасқа дейінгі әлемдік рейтингінің бірінші қатарынан көрінді.

17 жастағы қазақстандық аталған жас санатында классикалық шахматтан үшінші орын алды.

Әйелдер арасындағы әлемдік рейтингте Бибісара Асаубаева блицте 10-шы, рапидте 19-шы, классикалық шахматта 33-ші орынды иеленді.

20 жасқа дейінгі қыздар арасында блиц және рапид бойынша рейтингтерде қазақстандық спортшылар Меруерт Камалиденова, Әсел Серікбай, Назерке Нұрғали, Лия Құрманғалиева, Ксения Балабаева Әмина Қайырбекова және Алуа Нұрманова орналасты.

Еске сала кетсек, 30 желтоқсанда Асаубаева ресейлік Александр Горячкинді жеңіп, блиц бойынша әлем чемпионы атанды. Әлем чемпионаты Варшавада 25-30 желтоқсан аралығында өтті.