Өнер • 22 Желтоқсан, 2021

Табиғат-Ана

1378 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Тұмса табиғатты қалай жырлаймын десе де әр адамның өз еркі. Әсіресе бұл тұста суретшілердің қиялы жүйрік болатын секілді. Әр бояудан қалаған образын сомдай отырып, оқырманға ішкі жан күйін жеткізеді. Бұдан кейін сан алуан түстің әсерінен өмірге келген шығарма елең еткізбей қоймасы анық. Сенбесеңіз, қараңызшы...

Табиғат-Ана

Жасыл жайлауда аунап-күлген адам сол бір аяулы сәтті мәңгілік тұмарындай жанында сақтары анық. Оның үстіне ошақ басындағы ыстық күлшенің иісі әлемнің барлық әтірінен қымбат. Жаныңды жылытады, мейірім төгеді. Суретшілер одағының мүшесі, белгілі суретші Жаңатай Шарденовтің «Таңертең» картинасы бізді сол беймарал шақтармен қайта қауыштырғандай.

Қылқалам шебері табиғат суретін салуға құш­тар. Онысы ерекше шығады. Туындыларының көп­шілігі тікелей табиғаттың өзінде жазылған. Оның жұмыстарын бояуды аямай жағуына, нәзік үйлес­тірілген түстерге, батыл көңіл күйге қарап оңай тануға болады. Ең ғажабы, ол ашық күлгін, қоңыр-жирен, көгілдір-сұр, боз-жасыл сынды түс­тер­дің күрделі үйлесімінің нәзік сәулесінен өзіне тар­тып алатын сұлулықты көре білді.

Бақсаңыз, «Таңертең» картинасының түкпіріне киіз үйдің қасындағы пешке ас дайындап жатқан әйелді бейнелей отырып, жайлаудағы қазақ өмірінің тыныштығы мен берекесін жеткізген. Алыста таудың ете­гінде шопанның сұлбасы мен қалың шөпке жа-йылып жүрген мал байқалады. Картинаның алдыңғы планындағы жасыл шөп бәсеңдеп барып көкжиектегі қар басқан көгілдір тауларға баяу ауысады.

Автор картинаны ашық түстерден қаша отырып, өзіне тән қалыпта бояуды жалпақ қарқынды техникамен қалың етіп жағу арқылы жазған. Желдің толқынынан шөптер тербетіліп тұрғандай әсер береді. Үлкен кеңістік пен таза ауа сезетіндейсіз.

Жаңатай Шарденовтің картиналарына қара­ған сайын одан оның жаны, мейірімділігі, үйлесім­ділікке, табиғатқа ұмтылысы, туған жеріне деген сүйіспеншілігі сезіледі.