Экология • 21 Желтоқсан, 2021

Өндіріс ошақтары көп жерде қатерлі ісікке шалыққандар жиі кездеседі

647 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Өскемен өндірістік қала. Зауыт көп. Зауыт көп болған соң да қаланы бірде тұман, бірде түтін басады. Ондай күндері тұрғындарды жөтел қысып, тамақтарын ұстайды. Бүгін де қаланың іргесіндегі Титан магний комбинатынан шыққан қызғылт түтін тұрғындарды алаңдатып қойды, деп жазады Egemen.kz.

Өндіріс ошақтары көп жерде қатерлі ісікке шалыққандар жиі кездеседі

ТМК маңынан будақтай шыққан қызғылт түтіннің бейнежазбасы әлеуметтік желілерде тарады. Желі қолданушылары «ТМК цехында жарылыс болды, терезені ашпаңыздар, далаға бетпердемен шығыңыздар» дегендей жанашырлық жазбаларды қосымша таратты.

Өскеменде қолайсыз метеожағдай жиі орын алып тұрады. Ондайда Төтенше жағдайлар департаменті мамандары тұрғындарға хабарлама жіберіп, ескерте-тұғын. Бұл жолы ескертуі былай тұрсын, құзырлы органдардан БАҚ өкілдері ресми жауап ала алмай ұзақ күтті. Халықтың пікірі сан-саққа жүгірді. Тәуелсіз эколог Дәулет Асановтың айтуынша, апат болған көрінеді.

«Бейнежазбадағы қызғылт түтінге қарасам, кәсіпорында апат болғанға ұқсайды. Ал ауға таралып жатқан хлор ма деп болжадым. Бірақ, ресми мәлеметті экология департаментінен алу керек», деп өз болжамын айтты Дәулет Асанұлы.

Сөз соңында экология Өскемендегі өткір мәселе екенін және қосты. Иә, өте өзекті проблема. Өткен айда еліміздің бас онкологы Диляра Қайдаровамен сөйлескенімізде, өндіріс ошақтары көп жерде қатерлі ісік ауруы жиі кездесетінін айтқан. Шығыста соңғы он айда ғана 3274 адамнан қатерлі ісік анықталған екен. Соның бәрі айналып келгенде экологияның әсерінен емес пе?!

Қызғылт түтіннің қайдан шығып жатқандығын сұрап, облыстық Экология департаментіне де хабарластық. Департамент басшысының орынбасары Рауан Тұраров  әзірге дөп басып қандай да ақпарат бере алмайтындарын жеткізді. Титан магний комбинатының баспасөз қызметі болса, ресми жауап әзірлеп жатырмыз деп қайырды.

Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі аймақтағы ауа құрамынан алынған сынама қорытындысы бойынша хлордың мөлшері бекітілген норма шегінен асқанын айтуда. Сондай-ақ келген арыз бойынша жоспардан тыс тексеру басталған.