Экономика • 14 Желтоқсан, 2021

Қазақстан 1 жылда азық-түлік импортына тәуелділігін 15 пайызға қысқартты

622 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстан азық-түлік импортына тәуелділігін биыл 15 пайызға қысқартты. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қазақстан 1 жылда азық-түлік импортына тәуелділігін 15 пайызға қысқартты

«Қабылданған іс-шаралардың арқасында агроөнеркәсіптік кешенде осы жылдың 11 айының қорытындысында негізгі капиталға инвестициялар 40,5 пайызға артты. Ішкі нарықтың азық-түлікпен қамтамасыз етілуі 85 пайыз болды. Ал экспорт көлемі 2020 жылдың 9 айымен салыстырғанда 14,3 пайызға өсті. Бұл көрсеткіштерге ауа райының қолайсыздығына байланысты биыл егіннің азаюына қарамастан қол жеткізілді», деді Үкімет басшысы.

Оның дерегінше, «Бәйтерек» холдингі желісі бойынша агроөнеркәсіптік кешеннің инвестициялық жобаларына биыл 63 млрд теңге бөлінді. Жалпы холдинг ауыл шаруашылығы саласын қаржыландыруға осы жылы шамамен 400 млрд теңге жұмсады.

«Биыл барлық өңірлерде инвестициялық жобаларды іске асыру бойынша оң динамика тіркеліп отыр. Агроөнеркәсіптік 266 инвестжоба іске асырылды. Жалпы сомасы - 239 млрд теңге. Оның ішінде 36 тауарлық-сүт фермасы, 27 жоба өсімдік шаруашылығы өнімдерін өңдеу бойынша, 6 ет комбинаты мен 13 құс фабрикасы бар. Осы жобаларды ісе асыру есебінен импортқа тәуелділік бір жылда 15 пайызға азайды. Сүт өнімдері бойынша отандық өндіріс 51,4 пайыздан 70 пайызға дейін ұлғайды. Шұжық өнімдері бойынша жылына 60,5 пайыздан 70 пайызға дейін, ал құс еті бойынша 58-ден 75 пайызға өсті. Отандық алмамен қамтамасыз ету 73 пайыздан 80 пайызға дейін, қант өндірісі 31,1 пайыздан 60 пайызға дейін артты. Ал балық өсіру көлемі 4 мың тоннаға көбейді. Яғни, жылына 30 пайызға өсті. Бұл қарқынды төмендетпей осы жылы және алдағы жылдарға жоспарланған жобаларды уақыты іске асыруды қамтамасыз ету маңызды», деді Асқар Мамин.