Қазақстан • 18 Қараша, 2021

Отандық тауарлар сыртқы нарықта үлкен сұранысқа ие – Асқар Мамин

673 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Сенат депутаты Дәурен Әділбеков үш жылдық бюджетте көрсетілген ел экономикасының тұрақты даму факторларын атауды сұрады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Отандық тауарлар сыртқы нарықта үлкен сұранысқа ие – Асқар Мамин

«Биыл экономикамыздың қалпына келтіру өсімі жүріп жатыр. Тоғыз айда ЖІӨ өсімі 3,4%-ды, ал нақты сектордағы өсім 3,5%-ды құрады. Бірақ біз пандемияға байланысты өткен жылдың төменгі базасы аясында оң динамика қалыптасқанын түсінеміз. 2022 жылы экономиканың 3,9%-ға өсуі болжанып отыр. Алайда, мұндай өсімді қамтамасыз ету үшін тиісті бюджеттік инвестициялар қажет. Көлік және коммуникация, ауыл шаруашылығы сияқты жекелеген топтар бойынша ағымдағы жылмен салыстырғанда шығындардың қысқаруы байқалады. 2022 жылы біздің экономикамыздың болжамды өсуіне шикізаттық емес нақты сектордың үлесі қандай? Үкімет ел экономикасының тұрақты дамуы үшін жағдайды қалай және қандай секторлар есебінен қамтамасыз етуді жоспарлап отыр?», деген сауал қойды Дәурен Әділбеков Сенаттың жалпы отырысында.

Өз кезегінде ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин оң динамика өткен жылы берілгенін мәлімдеді.

«Өткен жылы пандемияға қарамастан, экономикадағы дағдарыстық құбылыстарға қарамастан, нақты сектордың негізгі салалары бойынша жоғары өсу қарқыны болды. Бұл динамика биыл да сақталып отыр. Біз нақты сектор ұлттық экономика тұрақтылығының, ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігінің факторына айналды деп айтамыз. Осы жылы өңделген тауарлар экспорты 25,5%-ға өсті. Яғни, бұл біздің тауарларымыздың сыртқы нарықтарда сұранысқа ие екендігін білдіреді. Жалпы, биылғы жылы экспорт 20%-ға өсті», деп атап өтті Премьер-министр.